Отандық анимациялық нарықта 2008 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Ырысы Ақ Қазақстан» компаниясы Қазақстан анимациялық кино қауымдастығының президенті, қоюшы-суретші Ғали Мырзашевпен бірге амбициялық жобаны қолға алып отыр.
Қазақстандық аниматорлар фильмдер мен сериалдардың, соның ішінде анимациялық фильмдердің ірі өндірушісі – америкалық Netflix компаниясына ұсынылатын «Тарих керуені» мультипликациялық сериалын шығару үшін әзірлікті бастады. Жобаға Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы демеушілік көрсетеді.
«Тарих керуені» анимациялық сериалы – бұл Жібек жолы бойымен керуенде саяхаттайтын үш қыз бен Айдаһар ата туралы қызықты қиял-ғажайып оқиға. Бұл әлемде таңғаларлық дүние көп – заманауи технологиялар мен сиқыр, интернет пен ұлттық дәстүрлер де бар. Сериалды жасаушылар кішкентай көрермендерге ортақ үй – Жер планетасы, оның нәзік ұңғыл-шұңғылдары мен экологиясы үшін жауапкершіліктің мәнін жеткізгісі келеді.
«Бұл үш қыз бен олардың тәлімгер атасы туралы қиял-ғажайып оқиға. Сериалдың астарында жасырын сабақ бар – ұлттық салт-дәстүрлерді сақтау, қоғамда өзін дұрыс ұстау және бізге мұра болып қалған нәрсені қорғау. Қазір біз сценарий жазуды аяқтап қалдық, жобаның соңғы стилін әзірлеп жатырмыз. «Тарих керуені» YouTube платформасында және стриминг-сервистерде орналастырылады деген жоспарымыз бар. Бұл мультфильмді Netflix компаниясына сату және олардың ресурстарында пайда болатын Қазақстанның алғашқы анимациялық сериалына айналу біздің өршіл жоспарымыздың бірі. Сондықтан қазір басқа жобалардың стилистикасын егжей-тегжейлі зерттеп отырмыз. Өзіндік қалыптасқан формалары мен көркемдік тұжырымдамалары бар Дисней және Pixar-мен «вижуал» жағынан бәсекелесуге дайындалып жатқан жайымыз бар», – деді жобаның желілік продюсері Мәди Қасымбала.
Жоғарыда атап өткендей, «Ырысы Ақ Қазақстан» компаниясы отандық анимациялық нарықта 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Олардың қоржынында «Балапан» телеарнасы мен 7 арнаның тапсырысы бойынша жасалған бірнеше анимациялық сериал бар. Сонымен қатар «Ырысы Ақ Қазақстан» аниматорларының түрік және швейцариялық әріптестерімен жұмыс істеуде айтарлықтай тәжірибесі бар.
АЛМАТЫ