• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қоғам 07 Қазан, 2020

Ысырапшылдықпен ымыраласпаған жөн

408 рет
көрсетілді

Ислам – адамзат баласының барлығына бірдей ақ жол мен ақиқатты насихаттап, ақ пен қараның, жақсы мен жаманның, обал мен сауаптың аражігін ажыратып беру үшін Алладан келген соңғы ескерту.

Ғасырлар бойы жалғасып, ата-баба­­ла­рымыздан мұра болып келе жат­қан дініміз, халқымыздың өмі­рі­не шым-шымдап сіңіп, салт-дәстүрі мен санасына етене араласып, мәде­ние­­ті­мізге айналып кеткен. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде «Ислам – тек дін ғана емес, ол біздің мәде­ние­ті­міз» дегені бар. Бұл – ақиқат. Қазақ халқының салт-дәстүрлері, жол-жо­рал­ғылары, мақал-мәтелдері, өлең-жыр­­лары шариғатымыздағы аят-хадис­тер­мен бір арнада тоғысады. Абай ата­мыздың да қара сөздері мен дін тақы­­рыбындағы өлеңдерінің желісі Құран мен хадистердің түпқазығына бай­­ланған.

Бірақ халқымыз ұстанатын салт-дәстүр мен шариғат қағидасынан бөлек, ежел­­ден етене сіңіп кеткен ырымдар мен кейін пайда болған әдеттер де бар. Олардың аражігін ажырата білмей, со­ның бәрін бір диірменге тартып, ырымды дін, әдетті дәстүр деп түсі­не­тін­дер де аз емес. Соның салдарынан кей-кейде ел ішінде имам-молдалармен түсі­ніспеушілік орын алып жатады. Осын­дай даулы мәселелердің бірі жаназа рәсім­дерінде көрініс береді. Қара жамылып, қабырғасы қайы­сып отырған отбасы мәйіт оң жаққа қойыл­май тұрып, көз жасын бір сығып алып, тарту-таралғы мен ас-судың қа­мы­на кірісе бастайды. Бұл дінімізде де, халқымыздың салтында да еш уақытта болған нәрсе емес. Бұрын ақса­қалдарымыздан: «Қазалы үйде қазан көте­рілмесін», «Мәйіт шыққан үйдің керегесінің үш көзіне дейін қан тұрады, бұл шаңырақтан ас ішуге болмайды» деген сөздерін еститінбіз. Қазіргі уақытта көп жерде имам-молдалар айтқанымен, қолдау таппай жатыр. Діннен хабары барлар қолдағанымен, ет жақындары «Бұрыннан келе жатқан салтымыз емес пе», «жұрт не дейді», «қатардан қалмау керек», «шариғат шарттары бізге келіп тіреліп қалып па, бізден кейін жасарсыңдар» деген желеулерді алға тартып, аста-төк ысырапты қысқарта алмай жатқан жайымыз бар.

Дін адамдары ас беруді, дүние таратуды мүлде тоқтатуды талап етіп, жоқ жерден жаңалық ашуды ниет етпейді. Тек әр нәрсе өз орнымен атқа­рылып, шегінен шықпағанын құп көреді. Қаралы үйде ас тарту мәсе­лесінде, дініміз көрсеткендей, сал­ты­­мызға да дұрыс келетін жолын ұс­та­­нар болсақ, сол үйдің иелеріне де, алыстан келген жолаушыларына да ас-суды жергілікті жердегі туыс-жақын, көрші-көлем болып көтергені абзал. Мәселен, Көкшетау төңірегінде Ақан, Баратай, Жылымды, Қызылсая, Биіктесін, Қызылағаш, Елтай, Дөң­гі­лағаш, Қонысбай, Бірлестік, Жаңа­ті­лек, Қараөзек, Жолдыбай, Бұлақ, Симферополь, Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Тайынша ауданының Талап, Мәдениет ауылдарындағы иманды дәстүр сабақтастығы туралы айта кеткеніміз жөн. Міне, осы елді мекендерде «Жаназа және жерлеу рә­сімдері» жиынында айтылып отыр­ған пәтуаның бір парасы ежелден қол­да­нылып келеді. Қаралы үйдегі бар ауыртпалықты ауыл болып көтеріп алады. Әр отбасы 15-20-дан кісі күтеді. Қойын сояды, ас-суын береді. Батаның есебінен. Мәйіт шыққан үйде қазан көтерілмейді. Кешегі кеңес заманында да солай болған. Бұл – ең алдымен дін қағидасы болса, екіншіден адамгершілік, оның үстіне елдің бір-біріне деген жанашырлығын, ауыз­бір­лігін көрсететін дүние. Бұл – дәс­түр Көк­шетау төңірегіне дін ша­па­ға­тын шаш­қан Науан хазіреттен қалған үлгі.

Кісі дүние салғанда отбасының шұ­ғыл­данатын ең басты ісінің алғаш­қы­сы: мәйітті ғұсылдандырып, жуындыру, екіншісі, кебіндеп, ақырет киімін киіндіру және үшіншісі, қабіріне жерлеп, топырағын салу. Үш күндік азадан соң тірі адамның тіршілігін жасап, күнделікті қалыпты өмірдің қамына кірісуі қажет.

Осы аталған үш міндеттен басқа жасалып келе жатқан өзге әрекеттер – шариғатымызда парыз емес амалдар. Ас беру, құран сауабын бағыштату, садақа тарату – әркімнің өз шама-шар­қы­на қарай орындалатын жақсы істер. Жетісі, қырқы, жылдық асы деген мін­дет те – шариғат талабы емес. Бұл рәсім­дер­ді сауабын Алладан күтіп, құран оқып, насихат айтылып, туыс-жақын, дос-жаранға берілген астың сауабын мар­құмның рухына бағыштап ысырапсыз, риясыз (мақтангершіліксіз) өткі­зетін болса, Алла қаласа пайдасы болады.

Ал егер жұрттан қалмау немесе бас­қа­дан асып түсу мақсатында, елден ерекше жасаймын деген ниетпен дүр­кі­ре­тіп, мал шашпаққа салынса, ниеттің бұзылуына байланысты, оның да пайдасы болмайды. Өйткені Алланың елшісі Мұхаммед пайғамбарымыз бір сөзінде: «Ақиқатында амалдар ниетке байланыс­ты қабыл болады» деген. Алла тағала ысы­рапшылықты жақсы көрмейді, сон­дықтан Алланың жек көретін ісін жасап тұрып, оған жалбарыну Ислам қағидасына сәйкес емес. Құдай таға­ла қасиетті Кәләмінде: «(адалдан) жең­дер, (адалдан) ішіңдер, бірақ ысырап етпеңдер деген. Шындығында Алла ысы­рап етушілерді сүймейді» (Аъраф сүре­сі, 31 аят) деп бұйырған. Сондықтан бұл амалдар садақа ниетімен ғана, шектен шықпай, мақтан мен атақ, дандайсудан сақтанып орындалғаны абзал. Тағы бір хадисте: «Жеңдер, ішіңдер, садақа беріңдер және киініңдер, бірақ ысырапшылдық пен дандайсуға жол бермеңдер» дейді Алла елшісі.

Әрбір мұсылман жергілікті басшы­лық­қа бағынуы міндет. Дін бойынша Қазақстан мұсылмандары діни бас­қармасы тарапынан бекітілген жер­гілікті имамдар діни рәсімдерді басқарады. Соны ескере отырып, ас рәсімінің жай-жапсарын өзім білемінге салмай, ресми имамдармен ақылдасып атқарған дұрыс. Сонда ғана тәртіп болады, ал тәртіп болған жерде береке мен бірлік болады.

Қазақстан мұсылмандары діни бас­қар­масы пандемия етектен алып, карантин жарияланған кезеңде халықты қысылтаяң уақыттың шектеулерінен шықпай, ас беру рәсімдерін тоқтата тұруға, тіпті болмаса барынша ықшам­дау­ға және санитарлық талаптарды сақтауға шақырады. Өйткені заман­ның талабы, шариғаттың шарты осы. Дінімізде денсаулық пен өмір­дің қауіпсіздігін сақтау парыз, ал ас беру парыз емес. Абдуррахман ибн Ауф (Алла оған разы болсын) Пай­ғам­ба­ры­мыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Егер сіз бір жерде оба тарап жатқанын естісеңіз, ол жерге бар­ма­ңыз, егер сіз тұрған жерден оба шық­са, ол жерден кетіп қалмаңыз» деген әмірін жеткізген.

Қара жамылған үй, есеңгіреп жүріп, есін жинар-жинамастан марқұмның жат­қан жерін абаттандыруға кірісіп кете­ді. Егер қабір басына тал отыр­ғы­зып, жеміс ағаштарын ексе құба-құп еді. Бірақ сол баяғы бәсекелестік тағы басталады. Басқалардан оғаш болмасын, асып түспесе кем болмасын деген мақсатта қымбат кірпіштен қоршауын, мәрмәрдан құлпытас, алтын не күміс түстес айшық орнату, ол аз болса тасқа ойып суретін салдыру белең алып бара жатқаны жасырын емес. Негізі зират жалпылай сыртынан қоршалған болса, әрбір қабірді қоршаудың қажеті де шамалы. Өткен замандарда аталарымыз зираттарда қоршау болмағандықтан, ит-құс, мал баспау үшін сол жердің топырағынан не ағашынан қоршау жасаған және сол мазардың мұсылмандікі екенін білдіру мақсатында бас жағына айшық белгісін орнатқан болса, қазір қоршау мен айшықтар сәндік міндетін ғана атқарады деп айтуға болады.

Егер соның бәрі марқұмға бір пайда әкелсе, сауабы бар амал болса жөні басқа еді. Бірақ біз марқұмнан гөрі өзі­міздің нәпсімізге ұнап, көзімізге кө­рік­ті көрінгенін қалаймыз. Ал шари­ғат және ата-баба жолына қиыса ма, қиыспай ма, оны қаперімізге алмаймыз. Бұрын аталарымыздан, үлкен қария молдалардан «Қабірге күйген нәрсе жолатпаңдар, мәйітке ауыр болады» дегенді еститінбіз. Ал Сахаба Жәбирдің (Алла оған разы болсын) айтуынша: «Пайғамбарымыз (Алланың оған сала­уа­ты мен сәлемі болсын) қабірді кө­теруден, үстіне отырудан, үстіне құ­ры­лыс салудан тыйды», деген (Имам Мүслім).

Кейбір Ислам ғұламалары ел ішінде ықпалға ие болған, хан, би, батыр, ғалым сияқты тұлғалардың басына кейінгіге ғибрат болсын, тарихта белгі қалсын деген ниетпен мазар тұрғызуға рұқ­сат берген. Бірақ суретін салуға тыйым салған.

Жалпы ислам шариғаты тірі жанның суретін салудан тыйғаны белгілі, енді оны апарып зираттың басына салу еш қисынға да, салтқа да сәйкес келмейтін іс. Пайғамбарымыз басқа діндегілерге ұқсауға тыйым салған.

Жанашырлары марқұмның жайын ойлап, оның рухына пайдасы тиетін істі жасауды қолға алғаны дұрыс. Ол марқұмдар сондай рухани азыққа мұқ­таж. Оның зиратының басына кеткен мыңдаған сомалық қаражатты мар­құм­­ның атынан мұқтаждарға садақа етіп таратса, соның пайдасын тірілер, сауа­бын марқұмдар көрер еді. Мазарды қым­бат тастармен көмкеріп, артынан аста-төк ас беріп, шектен шығу бізге әдемі көрінгенімен Алла алдында жақсы амал емес екенін естен шығармағанымыз абзал.

                        

Нұрлан ӘБЕНҰЛЫ,

Көкшетау қаласындағы «Ғалым» мешітінің имамы