Геопортал ауадай қажет
Жыл өткен сайын Шым шаһар құлашын кеңге жая түсуде. Дегенмен жаңадан салынған нысандар туралы мағлұмат алу қиындай түсті. Бұл қиындықтан шығу үшін қалаға геопортал ауадай қажет. Жуырда Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мәулен Айманбетов осы мәселе бойынша жағымды жаңалықпен бөлісті.
«Шымкент қаласының геопорталы қалада орналасқан әрбір нысан туралы толық ақпарат жинақталатын арнайы сайт болады. Портал кезең-кезеңімен іске қосылады. Жыл соңына дейін 1-кезең іске қосылады деп күтілуде. Онда жер қатынастары саласындағы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің барлығы енгізіліп, толығымен автоматтандырылады. Яғни қаланың Бас жоспары, жерге қатысты ақпараттар, мекенжай анықтамасы қосылады», дейді М.Айманбетов.
Жалпы, портал қала аумағындағы нысандар мен процестер туралы ақпаратты жедел алуға мүмкіндік береді. Ондағы сәулет-жоспарлау тапсырмасын және инженерлік коммуникацияларға қосылуға арналған техникалық шарттарды алу, оларды келісу және құжаттарды беру секілді процестері геоақпараттық сервис арқылы автоматтандырылады. Сервис арқылы кез келген қала тұрғыны (инвесторлар, кәсіпкерлер) жер учаскесі туралы, оның кадастрлық құны, кепілдік жарнасы, жер учаскесінің орналасқан жері және өзге де ақпаратты көре алатындай етіп әзірленеді.
«Кәсіпкерлерді қолдауды оңтайландыру мақсатында газбен жабдықтау, электр және сумен жабдықтау, жылу жүйесіне қосу, байланыс және телекоммуникация желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды алу секілді қызметтер толығымен автоматтандырылады», дейді порталды дайындаушы мамандар.
Кондитерлік өндірістің орталығына айналуда
«Рахат-Шымкент» фабрикасы Шымкентте қантты күлше шығаратын жаңа өндірістік желіні іске қосты. Қала әкімдігінің қолдауымен жұмыс бастаған фабрика өндіріске қажетті қондырғыларды Италиядан алдырыпты. Ал қондырғыны орнатуға, өндірістік желіні техникалық талаптарға сай қолданудың жолдарын үйретуге сол елдің мамандары қолғабыс етіп жатыр.
«Қантты күлшеден бөлек келесі айдың басында тәттінің тағы бір түрі «құмды» күлше шығаруды ойластырып жатырмыз. Ол өнімнің құрамы, түр-түсі, дәмі басқаша болады. Ондай печенье отандық нарықта қазір өте аз. Италиялық жаңа қондырғы сарымайдан жасалатын күлшемен бірге оның қамыры майда құм секілді болып келетін түрін шығаруға мүмкіндік береді. Жаңа күлшенің ортасындағы тәтті жұмсағы жемістерден жасалған тосап немесе шоколадты крем болуы мүмкін. Ресейде бұл өнім кең таралған. Ал Қазақстанда тұңғыш рет біздің фабрикада шығарылмақ. Жаңа қондырғы Polin деп аталады. Ол әлем бойынша кондитерлік өнімдер шығаратын ең үздік өндірістік желінің қатарына кіреді. Оның бірден-бір артықшылығы, табиғи газбен де жұмыс істей береді. Сонымен бірге өнімділігі өте жоғары. Мәселен, печенье өндірісінде сағатына 2 мың тоннаға дейін өнім шығара алады», деді серіктестік директоры Жұлдыз Рахипбекова.
Анығында, ірі кәсіпорындар жиі шоғырланған өңірлерде сол салаға лайықталған оқу орындары болатыны белгілі. Шаһардағы №6 кәсіптік колледж ұжымы кондитерлік салаға маман баулудан көш бастап тұр. Бүгінде «Рахат-Шымкент» фабрикасы қаладағы осы колледж студенттерін өндірістік оқу-іс тәжірибесінен өткізіп, көпшілігін жұмысқа қабылдауда.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айбек Сәттібаевтың айтуынша, «Рахат-Шымкент» ЖШС мегаполистегі ірі кәсіпорындардың бірі болып саналады. Шымкентте «Рахат» компаниясының өнімдері ең алғаш 2001 жылы шығарылды. Содан бері өндіріс орнының аясы кеңейіп, бүгінде мұнда 7 түрлі тәтті өнімдер 52 атаумен ішкі-сыртқы нарыққа жөнелтілуде. Жылына 24 мың тонна өнім өндіретін кондитерлік фабрика өнімдерінің көлемі соңғы жылдармен салыстырғанда 20 пайызға өскен.
«Жаңа өндірістік желіні іске қосу үшін 3,2 млрд теңге инвестиция тартылды. Мемлекеттік «Өндіріс» бағдарламасы арқылы компанияға жылдық мөлшерлемесі 6 пайыздық жеңілдікпен 2,6 млрд теңге несие берілді. Қазіргі таңда кәсіпорында 860 адам еңбек етсе, жаңа желінің өндіріске енуімен жұмыскерлер саны қосымша тағы 130 адамға толығады. Шымкенттік өнімдер бүгінде ішкі нарықтан бөлек көршілес Ресейге, Украинаға, Орталық Азия мемлекеттеріне, тіпті Германияға экспортталуда. Фабриканың қала экономикасына қосар үлесі зор болып тұр. Біріншіден, қосымша инвестиция тартылды. Екіншіден, жаңадан қаншама тұрақты жұмыс орны ашылды. Үшіншіден, кәсіпорын өнімдерін шетелге жөнелту арқылы табысы ұлғаяды, сонымен бірге мемлекеттік бюджетке түсетін салықтың кіріс бөлігі де артады. Бұл өз кезегінде елдегі көптеген әлеуметтік мәселенің оң шешім табуына жұмсалатын болады. Үкімет тарапынан кәсіпкерлік саласына үлкен қолдаулар көрсетіліп жатыр. Соның бір мысалы, Өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында 2011-2019 жылдары 182 млрд теңгеге 105 ірі жоба іске қосылды. Ендігі кезекте осының шеңберінде 2025 жылға қарай жалпы құны 328 млрд теңгені құрайтын 35 ірі жобаны қолға алмақшымыз. Сондай-ақ қалада «бір терезе» қағидаты бойынша «Кәсіпкерлерге арналған үкімет» арнайы сервистік орталығы бизнес өкілдеріне қызмет көрсетеді. Онда кәсіпкерлер мамандардан бизнес-жоспар құру, банктермен келіссөздер жүргізу, рұқсаттама құжаттарын әзірлеу сынды әртүрлі көмек пен кеңес ала алады», деді қала әкімінің орынбасары А.Сәттібаев.
«Рахат» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Пак Гюн Ельдің мәлімдеуінше, тәттілер өндіретін өзіміздің «Рахат» фабрикасы оңтүстіккореялық Lotte компаниясының құрамына кіретін 9 елдегі кондитерлік кәсіпорындар ішінде өндіріс ауқымы мен табысы жағынан бірінші болып тұр екен. Шетелдік инвестор алдағы уақытта Шымкенттегі «Рахаттың» өнімдері ТМД елдерінің нарығын отандық тәттілермен толтыратынына зор сенім білдіруде.
Қоғамдық көлік электронды билет жүйесіне көшуде
Қаншама жылдан бері Шымкентте жырға айналған электронды билет жүйесі енді қолданысқа ене бастайды. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте баяндады.
«Электронды төлем жүйесін енгізу «QazSmartTrans» ЖШС жеке инвестициясы есебінен жүзеге асады. Инвестиция көлемі – 1,2 млрд теңге. Бүгінде стационарлық валидаторлар 350-ден аса автобусқа орнатылды. Жалпы, 15 қазаннан бастап төлем жүйесі енгізіледі. 1 қарашаға дейін жолаушылардың төлем картасымен және қолма-қол төлеуге мүмкіндігі бар. 1 қарашадан бастап карта арқылы 70 теңге, қолма-қол төлеу 100 теңге болады. Жобаны іске асырудағы негізгі мақсат – «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру, қоғамдық көліктің қызметін жақсарту және жолаушыларға қолайлы жағдай жасау, қалалық бюджетке түсімдерді арттыру, жолаушылар ағынының таралуы бойынша нақты статистикалық есебін беру, ашық деректер арқылы әлеуметтік мәні бар маршруттарды субсидиялау», деді қала әкімінің орынбасары.
Сонымен Шымкентте 15 қазаннан бастап қоғамдық көліктерге электронды билет жүйесі енгізіледі. Бұл – үшінші мегаполистегі қоғамдық көлік қызметін жаңғырту жобаларының бірі. Шаһарда бұл бағыттағы жұмыстарды жаңғыртуда бірқатар шара қолға алынған болатын. Бұған дейін қалаға жаңа автобустар жеткізілді. Енді төлем жүйесіне де жаңа өзгерістер енгізілмек.
Электронды билет жүйесі әр маршруттың тиімділігін, компаниялардың табысы мен шығынын айқындайды. Тағы бір ерекшелігі – төлемнің әртараптандырылуында.
Қоғамдық көлікте төлем жасау үшін электронды карталардың 4 түрі қарастырылған – стандарттық (жалпы пайдалануға), мектеп оқушыларына, студенттерге және жеңілдіктерге арналған карталар.
Компания басшысы Сержан Ақылбаев жаңа жоба жайлы толығырақ мәлімет берді. Оның айтуынша, көлік картасының бағасы – 500 теңге. Жолаушылар көлік картасымен, SMS, QR-код, смартфонды (NFC) қолдана отырып, жол жүру ақысын төлей алады. Төлем карталары қалада 3 мыңнан аса орында, дүкенде сатылады. Картаны банктердің банкоматтары немесе мобильді қосымшалар арқылы толтыруға болады.
«QazSmartTrans» ЖШС тарапынан 14 мың көлік картасы Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне, тыл еңбеккерлеріне («Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталғандар), «Батыр ана», «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапатталғандарға және І топтағы көру қабілеті нашар зағип жандарға тегін таратылады.
М.Исаховтың айтуынша, жаңа жүйе жалпы талдау жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді. Көлік компаниялары табысын айқындау арқылы несие алуы да қолжетімді бола түседі. Қарапайым халыққа да, мемлекетке де, әкімдікке де, компанияға да қолайлы жоба.
Қала басшысының орынбасары картаны сатып алу арқылы әрбір тұрғын қоғамдық көлік саласын жаңғыртуға үлес қосатынын атап өтті. Жаңа жобаны қолдану аясы кеңейіп жатса, жүйе одан әрі дами бермек.
Компания жетекшісі Сержан Зиябекұлының мәлімдеуінше, бұл жоба бүгінде Атырау қаласында іске асуда. Қазіргі таңда Шымкентте жоба бойынша 22 адам жұмыс істеуде. Болашақта 30 адам жұмыспен қамтылмақ. Төлем карталары 1 қазанда сатылымға шықты. Бүгінде смартфон пайдаланушыларына арналған «Open Shymkent» мобильдік қосымшасы әзірленді. Тұрғындарға тиісті мәлімет беру үшін 4 операторы бар CALL-орталығы жұмыс істеуде.
Мәртөбе басында келешек ұрпаққа аманат жолданды
Шымкент қаласының Қаратау ауданына қарасты Сайрам тұрғын алабынан Қарамұрт ауылына қарай шығаберіс жолдың сол жақ бетінде Мәртөбе кешені орналасқан. Бұл төбе – VІІ-ХІІ ғасырлардағы қалашықтың орны. 20х30 м өлшемді цитадель. Биіктігі – 6-7 м, төбесі тегіс.
Мұнда ХVІІ ғасырда билік басына келген Есім ханнан бастап, ХVІІІ ғасырдағы Тәуке хан тұсына дейін алты Алаштың баласы бас қосып, билер кеңес құрған. «Есім ханның ескі жолы» және «Жеті жарғы» да осы маңда талқыға түсіп, жарияланған. «Жеті жарғыны» қабылдар сәтте қазақтың атақты би-шешендерінен 12 би, олардың қатарында Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билерден өзге Жайма, Сасық, Көкім билер де қатысқан. Мәртөбенің Ұлы дала парламенті аталуы осыдан.
Міне, осындай тарихи кешеннің қадір-қасиетін жете сезінген Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Мәртөбе тарихи кешенінде келер ұрпаққа жолдау жазылған капсула салды. Сондай-ақ шараға Шымкент қалалық сотының төрағасы Ербол Рахимбеков, Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев қатысты.
Жиында сөз алған қала басшысы бүгінгі іс-шараның маңыздылығына тоқталып, Мәртөбе ел тарихында айрықша мәнге ие тарихи орын екенін айтты.
«Мәртөбе – елдігіміздің мәртебесін, бірлігіміздің берекесін айшықтаған жер. Бұл аумақта әйгілі дала парламентінің келелі жиындары өтіп, «Жеті жарғыға» сүйене отырып, тарихта ізі қалған маңызды шешімдер қабылданған. Қазақ тарихы қашанда бірігу тарихы болғанын білеміз. Ішкі бірлігімізді бекемдеген, елдігіміздің еңсесін көтерген мұндай қасиетті орындар ел жадында мәңгі сақталмақ», деді шаһар басшысы.
Сот қызметкерлерінің келешек ұрпаққа қалдырған жолдауында XIV-XV ғасырлардан бастау алған қазақ елінің заңнама тарихы мен егеменді еліміздің бүгінгі заң үстемдігі баяндалған.
Шаһарда «Эко-сана» қалыптасуда
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің бастамасымен қалалық Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» ұйымдастырған «Birgemiz: Taza Alem» жалпыұлттық жобасы аясында «Эко-сана» сенбілігі өтті.
Аталған акция барысында Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан және Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Жанар Бектаева тазалық шарасына өз үлесін қосып, қала тұрғындарын абаттандыру ісіне белсене қатысуға шақырды.
«Шымкентте бүгін жаңа қозғалысты бастадық. EcoSana деп атадық. Халықтың экологиялық санасын қалыптастыруды көздейтін қозғалысқа кез келген адам қатыса алады. Қатысушылардың міндеттері – қоқысты тек қана арнайы жәшікке тастау, жерде жатқан қоқысты көрсеңіз, қоқыс жәшігіне салу, тазалықты насихаттау, аптасына бір сағатыңызды қоқыс тазалап, ағаш егуге, баптауға жұмсау. Веб-сайт жасау қолынан келетін маман болса, көмегін қабыл аламыз. Ecosana.kz веб-сайтын жасап, тіркеліп, экологиялық қозғалысты бүкіл елге таратып, Қазақстанымызды үйіміздей таза ұстауға атсалысайық. Шымкент жастарымен Бәйдібек бабамыздың басына жиналып, табиғатты таза ұстауға серттесіп, Шымкент қаласының бірер көшесін түгел тазалап шықтық. Жол жиегінде жатқан сынған шиша, мыжырайған пластик бөтелке мен желге ұшқан селдір пакет, темекі тұқылын қол жеткен жерге дейін тазалап шықтық. EcoSana-ның басты мақсаты – тазалау емес, ластамау. Ластамасақ, тазалаудың да қажеті жоқ. Қала тұрғындарынан жол-жөнекей қоқыс тастамауын сұраймыз. Келесі сенбіде де бір жерге жиналып, қаланың қоқысы көп аумақтарын тазалаймыз. Жиналған қоқыс таразыға тартылып, апта сайын және ай сайын жеңімпаздарды марапаттап отырамыз. Бүгінгі тазалықта, алдын ала ақпарат бойынша Медицина колледжінің командасы жеңіске жетті. Қазақстанымызды үйіміздей таза ұстайық!», деді Ш.Мұқан.
Сенбілік акциясына жастар мәслихатының депутаттары, қала белсенділері, волонтерлік ұйымдар мен жоғары және орта арнаулы оқу орындарынан 15 команда жасақталып, 150-ге жуық белсенді жас қатысты. Акцияның мақсаты – экологиялық білімді арттыру және қоршаған ортаның ластануына жол бермеу және айналаны қоқыстан тазарту, саламатты өмір салты мен ерік-жігерді шыңдау.
Сондай-ақ екі айға жалғасатын акция барысында көшпелі түрде өзен, көл жағалаулары тазаланып, күл-қоқыстар мен басқа да тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, қаланың кіреберіс аймағын, орталық көшелер мен әлеуметтік нысандардың айналасындағы қоқыс қалдықтары шығарылады.
Аталған акция барысында үздік ұйымдар мен жастар көшбасшылары арнайы номинациялармен марапатталып, жүлделі орындарға бағалы сыйлықтар тапсырылады. Сенбілікте барлық жұмыс санитарлық-эпидемиялық талаптарды сақтай отырып жасалады.
Дайындаған
Нұршат ТӨКЕН,
«Egemen Qazaqstan»