• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Таным 08 Қазан, 2020

Хабарсыз кеткен боздақтың майдан жолы интернет арқылы мәлім болды

575 рет
көрсетілді

Атамыз Әліпбай мен әжеміз Сәбила Файзолла, Зейнолла, Зейнел-Қабден, Қайролла атты төрт ұлды өмірге әкелді. Атамыз 61 жасында (менің жасқа толар-толмас кезімде) өмірден озды. Әжеміз тоқсанға таяп келіп, бертін қайтыс болды.

 

Әжеміздің ертегісін тыңдап, бауырында өскен соң ол кісінің айтқан әңгіме­лері құлағымда қал­ды. Молданың алдын көр­ген, тұрмысқа шыққанға дейін ауылда өткен талай ақын­­дар айтысына қатысып, еш­уа­қыт­та жеңілмеген әжеміз «Сей­фүл­мәлік-Бәдиғұлжамал», «Зы­ли­ха-Жүсіп», «Мұңлық-Зар­лық», «Шәкім-Шәкірт» секілді шығыстың қис­са-дас­тандарын жатқа айтатын. Соғыс­тан орал­маған, хабарсыз кеткен ұлы Зей­нолланы жиі есіне алып, келіп қа­лар ма екен деп өмір бойы кү­тумен өтті. Бірақ Зейнолладан еш хабар болмады. Әжемнің көзі тірі кезінде әке-шешеміз іздестірді. Бертін майдангерлерге арналған «Зерде» кітабы жарық көріп, майданда белгісіз жағ­дайда қаза тапқан жауынгерлер өмі­рінен жаңа деректер пайда болған соң біз де іздестіре бастадық, бі­рақ солардың еш­қайсысынан аға­мыз Зейнолла жайында хабар ала алмадық. Кейбір мәлімет көз­дерінде жастай майданға алынып, отбасын құрып үлгермеген, соңынан із қалмаған боздақтың есімі ескерусіз қал­масын деген ниетпен әке-шешеміздің Зей­нолла туралы өздерінің берген деректері ғана тіркелген екен. Ал жаңа деректер мүлдем болған жоқ.

Кейінгі жылдарғы интернет арқылы іздестірулеріміз де сәтсіз болып жүрді. Дегенмен соңғы жылдары ТМД елдерінде, соның ішінде Украина, Белоруссия се­кіл­ді соғыс өрті шарпыған елдерде іздес­тірушілер қызметінің жандануына орай біздің көңілі­міз­дегі үміт оты өшпеді. Қайта ол жылдан-жылға жалындай түс­ті. Жыл сайын Жеңіс мерекесі қар­саңында өзі­міз де көрмеген аға­мызды интернет­тен бір іздеп көру Әліпбай атамыздан тарайтын ұрпақтардың салтына айнал­ған еді. Кейде біздің арамызда: «Зей­нолла ағамызға сәйкес келетін бір жауынгердің де­регі пайда болыпты, сол емес пе екен?» дегендей әңгіме бұрқ ете қалады. Тексеріп көрсек, аты-жөні ұқсас бол­ғанымен, әс­керге алынған жері басқа болып шығады.

Осы әдет бойынша осыдан біршама уақыт бұрын ұлымыз Ерасыл «мына сайт бойынша іздестіріп көріңізші» деп «Память народа» аталатын Ресей Қор­ғаныс министрлігінің электронды архи­вінің интернеттегі мекенжайын ұсын­ды. Мұндай сайттың барын бұрын да білетінбіз. Одан әкеміз Файзолла Әліпбайұлының дерегін тапқан да едік. Он­да әкеміздің соғыс жылдарында «Қызыл Жұл­дыз» орденімен, «Германияны жең­гені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталғаны және ол құжаттардың ҚМОА (Ресей Қор­ғаныс министрлігінің орталық архиві) 3-шкафының 8-жәшігінде жатқандығы туралы жазылған. Әкеміз соғыстан аман-есен оралып, анамыз Мәстурамен отбасын құрып, бізді өмірге әкеліп, 1992 жылы 72 жасында бақилық болған. Әкеміздің алған орден, медальдары әлі күнге дейін үйімізде сақтаулы тұр. Оны мақ­таныш қыламыз. Ал әкеміздің інісі Зейнолла аға туралы ешбір дерек жоқ, мар­құмның соңында ұр­пақ та қалмады. Сон­дықтан ол кісіні біз іздемегенде кім із­дей­ді?!

Дегенмен соғыста белгісіз жағдайда қаза тапқан, хабарсыз кеткен боздақтар туралы архив деректері жылдан-жыл­­ға толықтырылып жатыр емес пе? Осындай үмітпен жаңа­ғы сайттың іздеу жүйесіне «Алип­баев Зейнолла» деп жазып едік, о тоба! Бұл жолы өзіміз де көрме­ген асыл ағамыз туралы деректер жарқ етіп алдымыздан шықты. Ша­масы, сайттың іздеу жүйесі бұрынғыдан да жаңартылған секілді. «Алипбаев Зейноллаға» аты-жөні ұқсайтын бірнеше жа­уын­гердің деректері беріліпті. Біз­дің ағамыздың аты-жөні архив бойынша «Алипаев Зейнулла» деп сәл өзгерістермен берілген екен, яғни «б» әріпі түсіп қа­лыпты. Бірақ біздің іздеген аға­мыз дәл осы кісі екендігін ай­ғақ­тап, одан әрі: «Дата рождения ...1924. Место рождения Казахская ССР, Восточно-Казах­станская обл., Зайсан­ский р-н, Мар­суйский с/с (дұрысы – Жар­суский с/с С.Ә), к/з Калинин. Место при­зыва Зайсанский РВК, Казахская ССР, Восточно-Казахстанская обл., Зайсанский р-н. Воинское звание красноармеец. Воинская часть 261 гв. сп 87 гв. сд.» деп тайға таңба бас­қан­дай жазылып тұр.

Сонымен біздің ағамыздың 87-гвар­дия­лық атқыштар диви­зиясының 261­-­­гвар­­­диялық ат­қыштар полкінің құ­ра­­­­мын­­да соғысқа қатысқаны белгілі болып, май­­дан жолы туралы алғашқы дерек қолға тиді.

Мұнан әрі ағамыздың өз туған жерінен әскерге алынғанынан бастап, тоқтаған соңғы мекеніне дейінгі жорық жолының сызбасы картаға түсіріліп көрсетіліпті. Қандай керемет! Осы бойынша алсақ, ағамыз жолай кездескен қасындағы сапарлас достарымен пойызға отырғызылып, ол пойыз Қарағанды, Ақтөбе қалаларын ба­сып өтіп Дондағы Ростов қала­сына ке­леді. Міне, осы жерде Зей­нолла аға жауынгер ретінде 261-атқыштар полкінің құ­ра­мына қабылданып, алғашқы әскери даярлық жұмыстарын бас­тайды. Көп ұзамай осы полк құ­рамында майдан даласына қа­рай бет түзейді. Алғашқы со­ғысқа түскен жерін анықтай ал­мадым. Дегенмен бұдан әрі қа­тар­дағы қызыл әскер Зейнолла Әліп­байұлының жорық жолы Бе­лоруссия, Украина жерінде жал­ғасады. Минск, Киев қалаларын жаудан босату операцияларына қатысады. Одан әрі Литва аума­ғына кіріп, Вильнюс қала­сын таяу маңнан орап өтеді. Көп­те­ген шағын елді мекендерді ба­сып өтіп, оң­түстік-батысқа қарай бұрыла тартып Бал­тық теңізінің жаға­лауларын бетке алады. Әрине осы жерлердің барлы­ғын­­­да ұрыс қимылдарының бол­ға­ны анық.

Бұдан әрі ағамыздың гвар­­диялық атқыштар полкі Гер­мания құрамындағы Шығыс Пруссияның Кенигсберг  (қазіргі атауы Калининград) қаласына таяп келеді. Алайда оған жете алмай Литваның шекаралық Таураг уезінің Наткишкяй старос­та­лығының тұсына келген кезде ағамыздың бұл өмірдегі қайран са­пары және жорық жолы үзіледі. Қа­за тапты деп айтуға тіл бармайды. Бірақ ағамыздың Зайсандағы Калинин колхозының орта­лығы Кеңөткел ауылынан басталып, бү­кіл жорық жолын көрсетіп келе жатқан кар­тадағы қызыл сызық осы Таураг уезі­нің Пагегяй кенті мен Наткишкяй ауы­лының ортасында  тоқтайды. Демек аға­мыздың сүйегі біздің болжамымыз бойынша осы Пагегяй кенті мен Наткишкяй ауылындағы ке­ңес жауынгерлерінің бауырластар зи­ратының бірінде жерленген секілді. Мұнда жерленгендердің кө­бінің аты-жөні мәлім емес. Яғни соғыстың белгісіз солдаттары. Ағамыздың соңынан қа­ра қағаз келмеуінің бір сыры осында болса керек.

Сонымен Литваның қазіргі Ресейдің Калининград облысы­мен шектесетін дәл осы ма­ңын­дағы әскери іс-қимыл­дар­ды кеңес әскерінің Екінші дүниежүзілік соғыстағы Ке­нигс­берг үшін бол­ған даңқты шай­қасының та­бал­дырығы болды деп ата­сақ, қателесе қоймайтын секіл­діміз. Со­ның белгісіндей мұн­дағы бауырластар зиратының әр­қайсысында мыңдаған кеңес жауын­герінің сүйегі жерленген. Олардың көпшілігінің аты- жөні әлі күнге дейін анықтала қойған жоқ. Демек қатардағы жауынгер Зейнолла Әліп­бай­ұлының бар болғаны жиырма жасында қыршынынан қиы­лып, Екінші дүниежүзілік со­ғысының бел­гісіз құрбандарының бі­рі­не айналуы оның туыстары, біз­дерді осында өткен қанды қа­сап қырғынның жұмбақ сырларын білуге жетелейтіндігі анық. Ағамыз нақты қай жерде жатыр екен? Қай күні, қай сәтте демі үзілді? Оны нақты айқындау қиын болғанымен енді шамалап болсын білуге мүмкіндігіміз бар. Өйткені Зейнолла аға қатарында болған 261-гвардиялық атқыштар полкінің ко­ман­дирі майор Гон­чаруктің, басқа да офи­цер­лер полк­тің жорық жолдарынан, ұрыс қимылдарынан нақты да ай­қын хабар беретін бірқатар рапорты мен хабарламасы аталған архивте сақталған және олардың құпиялылығы алынған екен. Сол құжаттың бірін көшіріп сақ­тап қоюдың сәті түсті. Онда 261-атқыштар полкінің Неман өзе­нінің сол жағалауында жау әскерлерімен 1944 жылдың 21-22 қазан күндері болған ұрыс қи­мылдарының қорытындылары, екі жақтан болған адамдар мен қару-жарақ шығыны туралы баяндалады. Ағамыздың осы шайқастарға қатысқаны анық. Өйткені бұл кезде оның жорық жолы әлі аяқталмаған еді.   

Бірақ Ұлы Жеңіс қарсаңында архивтің іздестіру жүйесіне тү­сетін жүктеменің шектен­ тыс көбеюіне байланыс­ты 261-ат­қыштар полкі коман­дирлері­нің жо­ғарғы жаққа жол­даған басқа да рапорт­тары мен жауынгерлерге берген бұйрықтарын ашуға мүмкіндік болмады. Егер біз ол құжаттарды қолға тигізсек, жет­піс бес жыл бойы еш дерегін білдірмей майдан даласында хабарсыз кеткен боздақтың жо­рық жолдарының жалпы картина­сын жасау мүмкіндігіне ие болар едік. Бәлкім оның жеке басына қа­тысты қосымша дерек­тер де пай­да болып қалар. Тіпті жатқан жерін анықтап, басына барып қай­тудың да сәті түсер. Қазіргі ақ­параттық тех­нологиялардың жедел дамуы, деректер базасының жылдан-жылға нығаюы бізді осындай үмітке қарай жетелей түседі.