Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры «Қарызды өсімпұлсыз төле!» акциясын өткізіп жатыр. 2020 жылдың 18-қыркүйегі мен 20-желтоқсаны аралығында биылғы 18-қыркүйекке дейін мерзімі өткен берешегі болған қарыз бен лизинг алушылар (жеке және заңды тұлғалар) оны өсімпұлсыз өтей алады.
«2020-жылдың 18-қыркүйегіне дейін қор алдында мерзімі өткен міндеттемелері бар кәсіпкерлерге жеңілдік жасауды қолға алдық. Мысалы, мерзімі өткен негізгі борышты, сыйақыны, мерзімі өткен негізгі борыш пен айыппұл есептелген сыйақы сомасын (берешекті өндіріп алу туралы сот шешімі болған кезде) толық өтегендердің өсімпұлы алынып тасталады», дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Проблемалық қарыздармен жұмыс жөніндегі департамент директоры Данияр Серік.
Акция аясында берешекті өтеу қаражатты қордың есеп айырысу шотына аудару арқылы жүргізіледі.
Айта кету керек, мұндай іс-шара 2015-2019-жылдары сәтті іске асып, нәтижелі болған. Осы кезеңде «Қарызды өсімсізпұлсыз төле!» акциясы аясында қарыз алушылар жалпы сомасы шамамен 2,5 млрд теңгенің мерзімі өткен берешегін өтеген болатын. Есептен шығарылған өсімпұл сомасы 183,7 млн теңгені құраған еді.
Осы жолы да аталған қор акцияға белсенді түрде қатысуға шақырады. Акцияға қатысу үшін қордың облыс орталықтарында және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Семей қалаларында орналасқан филиалдарына жүгіну қажет. Қосымша ақпаратты 8-800-80-35-05 телефон нөмірі арқылы білуге болады.