«Egemen Qazaqstan» басылымы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен әлемдегі маңызды да өзекті тақырыптар жөнінде бірегей контент дайындайтын Project Syndicate жобасы мақалаларын жариялауды жалғастырады.
Бүгінгі нөмірде оқырмандар назарына екі мақала ұсынып отырмыз. БҰҰ Бас хатшысының орынбасары лауазымын атқарған Шаши Тарур мақаласында пандемия салдарынан БҰҰ-ның қызметіне орасан нұқсан келгеніне тоқталады. Автор әлем елдерінің жаһандық мүддеден ұлттық мүддені жоғары қойғанына қынжылыс білдіріп, ұйымды реформалау кезек күттірмейтін мәселе екеніне екпін береді.
Еуропалық парламенттегі Испания делегациясының басшысы Луис Гарикано бүгінгі мақаласында «Брекситтен» кейінгі Еуропалық одақтағы білім саласының жай-күйі туралы сөз қозғайды. Оның пайымдауынша, жаһандық деңгейге шығу үшін университеттердегі ғылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Осы орайда, автордың мақаласы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауда «Ірі бизнес өкілдері өңірлік университеттердің ғылыми қызметін қамқорлыққа алса, нұр үстіне нұр болар еді», деген сөзімен үндес шығып отырғанын атап өткен жөн.
НЬЮ-ДЕЛИ – Біріккен Ұлттар Ұйымы 24 қазанда 75 жылдық мерейтойын тойлайды. 1945 жылы БҰҰ-ның тарихи жарғысы өз күшіне енген болатын. Өкінішке қарай, ұйымның осы уақытқа дейін атқарған жұмысына қарамастан, көпжақтылыққа дәл қазіргідей қауіп төнген емес.
Covid-19 пандемиясы деглобализацияның жаңа дәуірін бастап берді. Изоляционизм мен протекционизм күн санап артып барады. Көптеген елдің билігі егемендікті, ұлтшылдықты және дербес шешім қабылдауды жоғары қоятынын айтып, халықаралық келісімшарттар мен сауда келісімдеріне күмәнмен қарап отыр. Сондықтан БҰҰ-да ұйымның өміршеңдігіне байланысты мәселе көтеруіне себеп жетерлік.
БҰҰ Бас Ассамблеясының 22 қыркүйектегі жиынында сөйлеген сөзінде БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш Covid-19 індетін ақыреттің бір белгісі деп атады. Коронавирустың шығуы, әлемге тез тарауы, адам өлімінің көбеюі (қазір қайтыс болғандар саны миллионнан асты), сондай-ақ індеттен туындаған қауіп жаһандық сауда айналымын күрт азайтып, 1930 жылдардағы Ұлы тоқыраудан кейінгі ең алапат дағдарысқа әкеліп отыр. Қазір экономикалық құлдырау мен әлеуметтік саланың бұзылуына байланысты Тұрақты даму мақсаттарына жету мүмкін емес.
Бүгінде БҰҰ-ның тағдыры бұлыңғыр тартып тұр. Тіпті БҰҰ құрылғанда негізгі темірқазығы саналған мультилатерализмге күмәнмен қарайтындар қатары көбейе бастады. Президент Дональд Трамптың бастамасымен АҚШ көпжақтылықтан бас тартуға көшті. Франция президенті Эммануель Макрон таяуда АҚШ-тың халықаралық жүйенің соңғы кепілгері атануға ынта білдірмеуін қатаң сынға алды. АҚШ-тың Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан шығатыны туралы Трамптың кейінгі жасаған мәлімдемесі Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін іргесі әупірімдеп жүріп қаланған көпжақты жүйенің құлауына бастамашы болуы ықтимал.
Еуропа да пандемияға қатысты қиындықтардан зардап шекті. Кезінде құрлық өңірлік интеграцияның озық үлгісі саналған еді. Алайда еуропалық ынтымақтастық індеттің қарқынына төтеп бере алмай, тез құлады. Осылайша, шекарасыз Шенген аймағы алғашқылардың бірі ретінде құрбандыққа шалынды.
Негізінде, Еуропалық одаққа мүше мемлекеттер вирустың алғашқы белгілері байқалғанда-ақ ұлттық кедергі жасап алды. Қытайдан кейін індет тез тараған Италияға ЕО-дағы көрші мемлекеттер алғашқыда медициналық жабдықтар жіберген жоқ. Есесіне, құрлықтағы әріптесіне тілектестік көрсетудің орнына экспорттық бақылау орнатты. Еуропалық одақтағы көпжақтылықтың абыройын қайта қалпына келтіру үшін көп уақыт керек.
Әлемдегі көпжақты қатынасқа Қытай-АҚШ арасындағы шиеленіс те сызат түсірді. Тіпті, сенімді либералдардың өзі Батыс әлемі БҰҰ-дан бас тартқан жағдайда Қытайдың көпжақты жүйеде топ бастауға ұмтылатынын айтып дабыл қағып отыр. Дегенмен, Қытайдың мультилатерализмі риторикалық мәнге ие. Олар таңдаған modus operandi, яғни президент Си Цзиньпин негізін қалаған трансұлттық инфрақұрылымдық инвестициялық бағдарлама – «Бір жол, бір белдеу» жобасы тәуелсіз мекеме БҰҰ-ның көпжақты бақылауынсыз жүзеге асып, екіжақты қарым-қатынасты тең дәрежеде жүргізбейді. Осылайша, әріптес елдер бағынышты әрі қарыздар болып қалмақ.
ДДҰ Уханьда пандемия басталғанда бақылауды күшейтуге талпынған кезде Қытай одан бас тартты. Covid-19 вирусы жаһандық денсаулық саласындағы төтенше жағдаймен бірлесіп, көпжақты күресу жүйесінің артықшылығын көрсетті, сондай-ақ халықаралық институттардың легитимдігі әлсірегенін аңғартты.
ДДҰ-ның пандемиямен күресудегі әрекеті көптеген жаһандық институт пен олардың агенттіктері саясиланғанын, үлкен күшке ие мемлекеттердің ықпалында қалып, көшбасшылық пен мақсаты кемшін соғатынын көрсетті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымындағы басты рөлге ие Қытай жаһандық денсаулық саласының қауіпсіздігінен гөрі ұлттық мүддені жоғары қойды.
Бұл ұлтшылдық пен экономикалық шектеулер Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі халықаралық тәртіп пен БҰҰ-ның ынтымақтаса әрекет ету қабілетіне нұқсан келтірген жалғыз сала емес. Бәлкім, ең қатерлі жаһандық сәтсіздіктің бір парасы климаттың өзгеруін болдырмауға қатысты шығар. Бұл мәселе ғалымдар мен белсенділерді ғана мазалағандықтан, жаһандық жылынудың әсері анық байқала бастады және кез келген сәтте тарихта кездеспеген апатқа әкелуі ықтимал. Қазіргі таңда, климат салдарынан көшкендер саны қақтығыстан бас сауғалаған немесе экономикалық мүмкіндік іздеген босқындардан әлдеқайда көп. Таяуда өткен Бас Ассамблеяның жиынында бірнеше елдің басшысы климаттың өзгеруі туралы айтқанымен, оны болдырмауға бағытталған бірлескен келісім жасалған жоқ. Дәл қазіргі 2020 жыл «не бел, не белбеу» кететін уақыт екені анық.
Бүгінде әлем ең қауіпті қатермен күресуде қиындыққа тап болып отырғанын ескерсек, халықаралық саясаттың да дағдарысқа тірелгеніне таңғалудың жөні жоқ. XX ғасырдың ережесі саналатын сауда, байланыс, инновация, бейбітшілік пен қауіпсіздік біржақты мемлекеттік тәртіптің форумына айналды. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі оған тұрақты мүше мемлекеттердің күрделі айырмашылықтарына байланысты тоқырап тұр.
Әйтсе де, БҰҰ қазіргі таңда әлемнің бұрыш-бұрышында маңызды жұмыс атқарып жатыр. Шамамен 95 мың сарбаз, полиция және азаматтық қызметкер БҰҰ-ның бітімгерлік операциялары мен саяси миссияларында қызмет етіп жүр. Дегенмен, БҰҰ-ның бітімгерлік бюджетіне берілуі тиіс 8 миллиард доллар жарнаның төленбеген сомасы былтыр 1,7 миллиард долларды құрады. Дәл сол секілді, БҰҰ-ның жалпы бюджетіне 711 миллион доллар жарна кем төленді.
Дамушы елдер БҰҰ-ның негізгі электораттары ретінде қала бермек. Ұйым олар үшін жаһандық аренада өз даусын естіртуге мүмкіндік беретін «күш теңестіргіш», олар кезігетін қиындық пен мәселелер баршаның ортақ жауапкершілігі ретінде әрекет етеді. Үндістан секілді мемлекет БҰҰ-да реформа жүргізуді сұрағанда ұйымның көптеген мәселені шешуде алғырлық көрсеткенін, реформа жасайтын уақыт келгенін мойындайды. Көпжақтылық теңсіз әлемде мүйіздеуге ұшырауы мүмкін елдерді қорғауға бағытталған.
Бірақ Covid-19 індеті БҰҰ-ға соққы жасады. Егер жүйе тиімді жұмыс істегенде, коронавирус шыға сала оның қаупі туралы жаһандық дабыл қағылып, вирустың алдын алу мен таралуын шектеуге қатысты үздік тәсілдер анықталып, көпшілікке таратылатын еді, мемлекеттер соған бейімделетін еді.
Оның орнына, пандемия әлемнің тағдырын талқандайтын бәс ойынына беріліп кеткенін аңғартты. Қазіргі дағдарыс аяқталғаннан кейін БҰҰ мемлекеттерді болған жағдайдан сабақ алуға бастап, халықаралық жүйлер мен институттардың қайткенде күшейтіп, радикалды түрде реформалауға жол көрсетуі тиіс. Әйтпесе, БҰҰ-ның 75 жылдық мерейтойы адамзаттың ізгі ойынан туындаған ортақ жобаны қауіпті вирустың жойып жіберген сәті ретінде есте қалмақ.
Шаши Тарур,
БҰҰ Бас хатшысының бұрынғы орынбасары. Үндістанның сыртқы істер мемлекеттік министрі,
Адам капиталын дамыту мемлекеттік министрі қызметін атқарған. Қазіргі таңда Үндістан ұлттық конгресінің мүшесі
Copyright: Project Syndicate, 2020.
www.project-syndicate.org