«Қазақстан алюминийі» АҚ Павлодар алюминий зауытының №1 жентектеу пешіндегі екі электр сүзгіні қайта құру қамындағы бірегей экологиялық жобаның алғашқы кезеңі мәреге жетті. Өнеркәсіптік шығарындыларды шаңнан тазартудың ең заманауи жүйесімен жабдықталған қондырғы номиналды қуатқа шығарылды.
Кәсіпорын үшін бұл жаңғырту кем дегенде 10 жылдық ауқымды экожобаның алғашқы маңызды кезеңдерінің бірі. Бірегей экологиялық бағдарлама – Еуразиялық Топтың экологиялық жаңа стратегиясын іске асырудағы қадамдарының бірі.
Жоба 2018 жылы зауыттың №1 пешті газдан тазарту жүйесін жобалауға келісімшарт жасалған уақытта бастау алды. Кәсіпорын экологтерінің пікірінше, осы серпінді және басымдыққа ие жобаны іске асыру өндірістік көрсеткіштерді тұрақты ұстап тұру кезінде шаң шығарындыларын жылына 2 376 тоннаға біртіндеп төмендетуге мүмкіндік береді. Жаңа жабдықтың тазалау тиімділігі шамамен 99,99% және жалпы қаладағы атмосфералық ауаға оң әсер етеді. Компания атап өткендей, бұл жобаға айтарлықтай инвестиция құйылды – алғашқы екі электр сүзгісін сатып алуға және монтаждауға шамамен 11 млн АҚШ доллары бағытталған.
Басты орындаушы нарықта танылған – ThyssenКrupp неміс компаниясы. Оның мамандары барлық есептеулерді жүргізіп, жаңа электр сүзгілерінің негізгі элементтерін жасады, сонымен қатар ескілерін бөлшектеуге тікелей қатысты.
Жаңа гибридті сүзгілер бұрынғы сүзгілерді алмастырды. Жентектеу пештері үшін газды тазартуды қайта құрудың реттік-параллельді әдісі таңдалды. Пеш екінші сүзгімен 50 пайыздық жүктемемен жұмыс істеп жатқанда, біріншісін ауыстыру жұмыстары қатар жүргізілді. Бұл пешті тоқтатпай ауқымды шаруаны да қатар атқаруға мүмкіндік берді, осылайша оның тоқтап тұруын төмендетіп, қалпына келтіру жұмыстарына байланысты шығындарды азайтуға мүмкіндік берді.
Қазіргі электр сүзгілерінің басты айырмашылығы – олар «гибридті». Екеуі де жартылай электрлі, жартылай жеңдік. Енді бұл компрессорлық және сорғы стансалары қосымша орнатылған тұтас кешен, шаң камерасы газ тазарту қорабымен және суық ауа ағыны жүйесімен жабдықталған. Бүкіл әлемде бұл «гибридті» технология өнеркәсіптік газ шығарындыларын шаңнан тазарту тұрғысында озық болып саналады. Сондықтан Павлодар алюминий зауытындағы электр сүзгілерін ауыстыруды ең алдымен маңызды табиғатты қорғау шарасы ретінде қарастырған жөн.
Айта кететін жайт, бірінші электр фильтрі ағымдағы жылдың басында іске қосылған болатын. Сол уақытта екіншісінде де құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Пандемия жентектеу цехындағы алғашқы пеш сүзгілерін қайта құруды аяқтау мерзіміне бірқатар өзгерістер енгізді. Алайда ThyssenKrupp компаниясы мен «Қазақстан алюминийі» АҚ мамандары осы ауқымды жұмысты сәтті аяқтады.
Атмосфераға жіберілген шығарындыларға жүргізілген алғашқы өлшеу газ тазарту жабдықтарының тұрақты және жақсы жұмыс істейтінін көрсетті.
Алдағы уақытта №5 пештегі электр сүзгілерін жаңғырту жоспарланған. Ұзақ мерзімді бағдарлама аясында Павлодар алюминий зауытында барлық электр сүзгілерін қайта құру көзделіп отыр. Олардың барлығы процестерді басқарудың және шығатын түтін газдарындағы ластаушы заттардың шоғырлануын бақылау үшін қазіргі заманғы жүйелермен автоматтандырылатын болады.