10 қазанда Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты Талғат Мұсабаев ТМД елдерінің Парламентаралық Ассамблеясының халықаралық байқаушылар тобының жұмысына қатысады, деп хабарлайды Egemen.kz Парламент Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сенатор байқаушылар тобының құрамында Тәжікстанның Мажлиси Оли (Парламенті) екі палатасының басшыларымен кездесуді жоспарлап отыр. Сайлау және референдум жөніндегі орталық комиссияның төрағасымен жүздесуде сайлау науқанының барысы мен елдің президент сайлауына дайындығы талқыланатын болады. Сондай-ақ президент лауазымына үміткерлердің сайлауалды штабтарының басшыларымен кездесулер де жоспарланды.
Талғат Мұсабаевтың байқаушы ретіндегі жұмысы 11 қазанда Душанбеде сайлау учаскелерін ашудан және дауыс беру пункттерін аралаудан басталады. Сайлау учаскелері жабылғаннан кейін ТМД елдерінің Парламентаралық Ассамблеясының өкілдері қорытынды кеңеске жиналады. Байқаушылар өз қорытындысын сайлаудан кейінгі келесі күні қорытынды баспасөз мәслихатында жариялайды.