• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 12 Қазан, 2020

Аттандамай-ақ ұлтқа қызмет етуге болады

199 рет
көрсетілді

Қазір заманның, бүгінгі халықаралық қоғамдастықтың беталысына, ашық ақпа­рат­тық кеңістіктің үстемдігіне, кез келген елдің ішкі саяси-экономикалық жағдайы мен халқының көңіл күйінің ауанын басқа күштердің білу мүмкіндіктерінің көптігіне қарап отырып, біз үшін ең дұрыс жол «үндемей жүріп-ақ үлкен істер тындыру» қағидасын ұстану екенін айтқымыз келеді.

Аялдамада автобус күтіп тұрмын... Қасымда тұрған бейтаныс қаршадай бала әкесіне қарап ересек адамдай сөйледі: «Әке, маған бұдан былай орысша сөйлемеңізші. Қай күні бізге мұғалім: «айналамызды ағылшын мен орыс тілі қаумалап тұрған қазіргі кезде өз ана тілімізден ажырап қалмаудың ең тиімді жолы – отбасында қазақша сөйлеу. Әкелерің мен шешелерің орысша сөйлесе, осы айтқанымды ескертіп, олардан отбасында қазақ тілінде сөйлеуді талап етіңдер» деп тапсырма берген. Егер біз мұғалімнің осы айтқанын орындасақ, үндемей жүріп үлкен іс тындырған болады екенбіз», деді. Баласын тыңдап тұрған әке ыржалақтап ұлының айтқанына келіскен болып жатыр.

Баланың әкесіне айтқаны мені аз-кем ойға қалдырды әрі оның сөзі оң-солын әлі ажырата қоймаған миллиондаған қара домалақ балаларымыздың бүгінгі қазақ қоғамына, ересектерге айтылған өтінішіндей көрінді...

«Үндемей жүріп үлкен істер тындыру». Бұл сөзді талай естіп жүрміз. Бірақ олардың бір де біреуі әлгі баланың айтқанындай әсер етпеген еді.

Иә, расында үндемей жүріп-ақ үлкен істер тындыруға болады. Алайда бұған біз соншалықты мән бере қоймаймыз. Не іс бастасақ та алдымен айқайымыз алысқа кетеді, дақпыртымыз дала мен қаланы кернейді, ділмарлығымыздан тіліміз күрмеліп, көк езуленіп шыға келеміз.

Мемлекетте, қоғамда түйткілді мәселелер көп. Әрине, олар туралы ашына айтып, оның оңтайлы шешілуіне мүдделілік таныту қажет. Алайда сол проблемалардың барлығының болмаса да, олардың кейбіреулерінің еңсерілуіне өзіміздің аз да болса үлесімізді қоса алатын мүмкіндігіміз бола тұра оған мойынымыз жар бермейтіні рас қой. Осылайша біз үндемей жүріп-ақ үлкен істерді атқарудан жалтарып кетеміз. Бірақ сала құлаш тіліміз сайрауын тоқтатпайды да, сөзіміз бен ісіміздің арасының алшақтығы кемімеген күйі тұра береді.

Біз жоғарыда сөз еткен баланың әкесін үндемей жүріп үлкен іс тындыруға шақыруының мысалы бізді тек тіл мәселесіне қатысты ғана емес, одан да ауқымды, ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан да ойландыруы тиіс...

Кейде біз ішімдікке тойып алып немесе түтінін будақтата шылым шегіп отырып өзгеге арақ пен темекінің зиянын ескертетін, оларды тұтынуға болмайтынын айтатын «ақылманнан» аумаймыз. Осындай ақылмандардың көптігінен бүгінгі қоғам шаршағандай. Бәрі «айтқыш», бәрі «данышпан», бәрі «ұраншыл», бәрі «жанашыр». Мұндайлардың көптігінен ненің асыл, ненің жасық, кімнің адал, кімнің қарау екенін ажыратудан қалдық. Бұл жағдай үндемей жүріп-ақ үлкен істер тындыратын жандардың қоғамымызда тым аз екенін көрсетсе керек.

Тіршілігіміз мүддесі бөлек, пиғылы бүкір алпауыт елдердің жылмиған, бірақ қырағы көзінің алдында өтіп жатыр. Бұл жағдай бізден мейілінше сақ болуды, ұрпақ қамы, ел мен жердің болашағы, ұлттық жолымызды ілгерілету үшін атқаратын әрбір ісімізді көрінбейтін ағыстардай екпіндетіп, «Үндемей жүріп-ақ үлкен істер тындыру» қағидасына, «Өзіңе өзің берік бол, көршіңді ұры тұтпа» нақылына жүгінуімізді талап етеді. Әйтпесе, құр босқа езеуреп, еліріп жүріп елдің бірлігіне, жердің тұтастығына сына қағып алсақ (Алла тағала сақтасын), бізді ешкім де, әсіресе келер ұрпақ кешірмейді. Кінәліні жазаларсың, бірақ одан ұпайың қайта түгенделуі екіталай. Дұрысы – мүлде түгенделмейді.

Қазір ақырып тұрып теңдік сұрар заман емес, ақырын жүріп, анық басып өзгеге есе жібермеу заманы. Әлдінің әлсізді қыспаққа алған, тең күштердің текетіресі үдеген қазіргі таңда үндемей жүріп-ақ үлкен істер тындыратын кезең. Бұл кезең біз үшін қашан аяқталатыны белгісіз. Сондықтан осы қағидаға бейімделе бергеніміз абзал. Сонда ғана жеңіс біздің жақта болады.

Біздің басты қорғаныс қамалымыздың бірі ішкі ниетімізді өзгеге білдірмеу, сырымызды алдырмау амалы. Егер қоғамымыздың өзегінде не жатқаны басқаға айқын болса, кім көрінгеннің қолжаулығы болуымыз оңай.

Билік қоғамдық пікірді барынша ескеруі тиіс десек, халық мемлекеттің әлеуеті мен мүмкіндігін біліп жүргені абзал. Қоғам мем­ле­кетті орынсыз отқа итерсе, оның өзіне өзі қол салғаны. Алла тағала бізге әлемдегі ыс­тық нүктелерді сабақ ретінде ұсынуда. Осы сабақ­тың тәртіпті де зейінді тыңдаушысы бола біл­геніміз абзал. Үндемей жүріп-ақ үлкен істер тындыратын ұлт болайық.