Мұндайда «әй, жарайсыңдар» дегеннен басқа не айтамыз?! Волонтерлікпен айналысып жүрген Өскеменнің бір топ жасы бес жылға жуық үй-күйсіз жүрген жалғызбасты қарияға пәтер алып беруге көмектесті.
«Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін» дейді ғой. Әлеуметтік көмекке зәру отбасыларға азық-түлік, дәрі-дәрмек таратып жүрген жастар жақсылықтарын тіс жарып ешкімге айта бермейді. Үлкен істі үндемей тындырып жүр. Әйтпесе азын-аулақ азық-түлік алып барып, суретке түсіп, жарияға жар салатындар да жоқ емес. Ал Ерасыл Уатаев бастаған жастардың қарт анаға баспана алып беруге сеп болғандары айтуға тұрарлықтай. Жақсылардың жақсылығы ғой.
Биыл жаздай бір топ қамқор жандар орта қазанға қаржы жинап, әл-ауқаты төмен отбасыларға көмек қолдарын созған. Бірде Ерасыл Уатаев, Ислам Әуелбек сынды жастар белгіленген тізіммен азық-түлік таратып жүріп, баспана кейпі жоқ үйде тұрып жатқан ақ жаулықты анаға тап болған. Пәтер жалдауға жағдайы жоқ Күлпара Ысқақова үлкен баласы мен жолдасы қайтыс болған соң қалаға кіші ұлының қолына көшіп келген. Өкініштісі сол, кіші ұлы аяқасты сотталып кеткен. Қарт ана болса, көмек сұрап ешқайда бармаған. Үйсіз-күйсіз бес жылға жуық жүрген. Ұлына барып жүру үшін еден жуып, нәпақа тапқан. Алпыс мың теңгенің айналасындағы зейнетақымен Өскемендей қалада өмір сүру мүмкін емес еді. Ананың осындай күйін байқаған Ерасыл бірден ақша жинауға кіріскен.
– Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік таратып жүріп, Күлпара апамызбен таныстық. Тұрып жатқан жері біреудің қосалқы бөлмесі екен. Үй деп айтуға келмейді. Содан жан-жаққа хабарлап, анаға қамқорлығымызды көрсеткіміз келді, – дейді Ерасыл Уатаев.
Қарт ананың жай-күйіне көздері жеткен халық Ерасылдың кіші-гірім қорына ақша аудара бастаған. Айналдырған екі аптаның ішінде екі миллионға жуық қаржы жиналған. Жалынды жстар қордағы ақшаға сай Өскеменнен баспана іздей бастайды. Көп ұзамай пәтер табыла кеткен. Қуаныштарына орай пәтер иесі де ананың жағдайын түсініп, көп жеңілдік жасаған екен. Баспаналы болған қарияға волонтер жастар жиһаздарын да сатып алып берген. Тіпті пәтерін жуып-шайып, ананы өздері көшіріп алып келген. Жылы үйде тұрып жатқан Күлпара Ысқақованың жастарға деген алғысы шексіз. Игі істің басы-қасында жүрген Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Арайлым Есімбекқызы да мейірімді, ақылды жастардың өсіп келе жатқанын айтады.
– Биыл асабалар мен жайдарманшылардың пайдасы халыққа көп тиді. Карантин енгізілгенде біздің орталыққа алғашқы болып хабарласқан да солар. Бірі қаржылай қолдау білдірсе, екіншісі мұқтаж отбасыларға азық-түлікті көліктерімен тасымалдап берді. Ортамызда осындай жастардың бары марқайтады, қуантады, – дейді Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Арайлым Есімбекқызы.
Қолдарынан келгенше жан-жағына жылу сыйлап жүргендерді біз бәлкім байқай бермейміз. Бірақ қамқор жандар аз емес.
Өскемен