Тарихта әр заманда ұлт пен мемлекет келбетін жарқын да жасампаз идеяларымен айқындайтын тұлғалары болған.
Қазақ елі тарихында сондай тұлға – Абай Құнанбайұлы. Тәуелсіздік бастауында Елбасы: «Абай – қазақ халқының рухани қазынасына өлшеусіз үлес қосқан ғұлама ғана емес, сонымен қатар ол қазақ халқының ел болуы жолында ұлан-ғайыр еңбек еткен данагер. Абай – әлемдік деңгейдегі ойшылдардың қатарындағы ғажайып тұлға» деп ақынның жаһандық аядағы құбылысына нақты бағасын да берген болатын.
Елбасы «Абай аманаты» атты тағылым мен толғанысқа толы мақаласында ақын мұрасын халық пен мемлекет үшін ортақ мақсатқа жұмылдырған темірқазық құндылық санатында айрықша айтылуы заңды дүние.
Қазіргі таңда өркениеттер генезисінде, мәдениетаралық диалогта ой бәйгесінің орны айрықша. Халыққа жол сілтер кемел ой айтқан, заманынан озып парасат пен көркемдік биігіне көтерілген, шығармашылық мұрасы қай уақытта да өміршеңдігін жоғалтпайтын алыптар – ұлттың мақтанышы мен тірегі. Ұлы ақынымыз Абай да осындай әлемдік деңгейдегі асқар биікке айналып отыр. Өлеңдерінің ауыздан, кітаптарының қолдан түспей келе жатқанына да бір ғасырдың жүзі болыпты.
Абай осы уақыттың ішінде ұлтымыздың бірден-бір рухани ұстазына айналды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың мақаласында өте маңызды дүниелерді зерделеп айтқан. «Абай мектебінен» өту, «Ақын шығармаларына бойлау» деген терең мағыналы бағыт-бағдар арқылы қоғамда, әсіресе өскелең ұрпақ бойында жасампаз идеяларға ұмтылдыратын қасиетті қалыптастыру жолын да көрсетіп отыр.
Елбасының «Абай аманаты» мақаласында «Шын мәнінде, Абайдың иек артып, тәу етіп баратын астанасы да жоқ еді. Елдікті аңсаған, бірлікті көксеген данышпан үшін мұнан артық қасірет табылмас» деп салмақты ой салатын сөзі бар.
Ұлы ойшылдың өзегін жарған елдік идеясы өткен ғасырдың 90-жылдары «Тәуелсіз елміз» деген қасиетті ұғыммен ұласты, ал XXI ғасырдың алғашқы ширегінде Елбасы қалыптастырған, жаһандық кеңістікте өз орны мен беделі бар «толық мемлекетке» айналдық. Елімізде жалпыхалықтық мызғымас бірлік пен татулық моделін қалыптастыруды ту еткен ұстанымын: «Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы жолында мен әрбір сөйлеген сөзімде ел бірлігі, ұлт татулығы мәселесін ұдайы еске салып отыратыным сондықтан», деп Елбасының тұжырымдауы мемлекетіміздің баянды болу факторын көрсетуде.
Ұлы ақын, дана ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойының шарықтау төрінде ғибратты ой-толғауларымен өрілген Елбасы ұстанымының өзегі – Абай қағидасы.
Ақынның заманының ой биігінен айтқан қағидаттарын өз өмірімен және халқымен ұштастыра үйлестірген Елбасының мемлекетімізді бүгінгі адамзат дамуының көшіне қосқан ерен қайраткерлік қызметін бүкіл мақаланың өн бойынан, әрбір жолынан айқын аңғардық. Абай армандаған кемелдікке терең ақыл мен тегеурінді қайрат қана апаратын ақиқатты Елбасы берік ұстанымымен жүзеге асырған Тұлға ретінде халқымызға өнегелі жол салды.
Ерлан САЙЛАУБАЙ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры