Түркістан облысындағы күзгі егін жинау науқаны табысты қорытындыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Биылғы карантиндік шараларға қарамастан, өңірде агроөнеркәсіп кешенінде тұрақты өсім сақталып, көктемгі және күзгі дала жұмыстары өз мерзімінде атқарылды.
Егіс көлемі 17 мың гектарға артып, 846 мың гектарға жетті. Масақты дақылдардан 513 мың тонна өнім жиналып, 64 мың тоннаға, көкөніс, картоп, бақша өнімдерінен 3 млн тонна өнім жиналып, 400 мың тоннаға артты. Мал азықтық дақылдардан 3,9 млн тонна өнім жиналып, 1,5 жылдық мал азығы қоры жинақталды. Мақта дақылы 126 мың гектар алқапқа егіліп, 331 мың тонна шитті мақта жинау болжанып отыр. Бүгінгі күнде «ақ алтынның» 30 пайызы жиналды. Бұл деректер Қазығұрт ауданы, «Шарбұлақ» ауылдық округінде өткен далалық семинар барысында келтірілді.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев, агробизнес өкілдері, аудан, қала әкімдері мен шаруалар қатысқан семинарда жаңадан қолға алынған нөлдік өңдеу жүйесі талқыланған болатын. Тәлімі жерді парға қалдырмай, тікелей себу технологиясын ендіру Түркістан облысында агроөнеркәсіп кешенін дамытудың төртінші бағыты болып айқындалды. Тікелей егу технологиясы топырақты эрозияға ұшыраудан сақтайды, құнарлығын арттырады. Семинар барысында мамандар сүр танапқа қалдырылған жерлердің әр гектарынан орташа 90 мың теңге табыс алынатынын айтты. Яғни, облыста сүр танапқа қалдырылатын 57 мың гектар алқаптан қосымша жыл сайын 5,1 млрд теңгенің өнімі өндіріледі деген сөз. Сондай-ақ, тікелей егудің нәтижесінде шаруалар әр гектардан 24 мың теңге қаржысын үнемдейді.Түркістан облысы