Елімізде коронавирустан қайтыс болған медицина қызметкерлеріне 10 млн теңге өтемақы беріледі. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.
"Соңғы шешім қабылданды, коронавирустан көз жұмған медицина қызметкерлерінің барлығының отбасыларына не жақындарына 10 млн теңге көлемінде өтемақы төленеді. Осы аптаның соңына дейін ақша өтінім берушінің банк есепшотына түседі. Қазақстанда коронавирус індеті басталғалы бері 182 ақ халатты абзал жан қайтыс болды", - деп жазды Бағдат Қожахметов.
Еске сала кетейік, коронавирус індетінің екінші кезеңіне дайындық мәселелері бойынша кеңесте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирустан қайтыс болған медқызметкердің отбасына тексеру жүргізілместен төлемақы берілуі тиістігін айтқан болатын.