Өмір қай заманда болса да күрделі. Қырғын соғыссыз-ақ, жымыңдасып, күлісіп, арқадан қағысып, бір ұлтты бір ұлт қақалмай-ақ жұтып қойып жатқан мына уақытта өмірдің күрделілігі тіпті шығандап кеткен. Қай халықтың болмасын естияр азаматы елімнің ұлттық кейпін, ішкі реңін қалай сақтаймын деп жанталасқан тұс. Осы алмағайып тұста БАҚ-тың қай-қайсысы болмасын өз халқымыздың ұлттық мәйегін өскелең ұрпаққа сіңіре білсе екен, болашағына бағдар бере білсе екен деп тілейсің.
Осы арада үлкен де, кіші де жаппай көз тігетін теледидардың атқарар міндет-парызы шексіз. Бірақ...иә, бірақ көгілдір экраннан жұрттың көңілі қалған. Жыртыңдаған мәнсіз күлкі, ұлттық реңнен айырылып қалған үркек байғыздың қышқырғаны тәрізді әндер «мен қазақпын» дегенді үркітіп болды. Жұртқа игі әсер ететін танымдық материалдар жоққа тән. Біз өзіміз Шортанбай жырау туралы түсірілген деректі фильмді көгілдір экраннан көрсете алмай қойдық. Сылтау – шаштан көп.
Осы бір өліара шақта қазақтың жанына жақын қалған газет қана сияқты. Заманның қай кезеңінде болмасын ұлттық рухты қазақтың көңіліне бірде сығалап, бірде сыналап кіргізіп, қазақ руханиятының туын дұшпанға бермей алға сүйреп келе жатқан газет қана. Осыншама ауыр жүкті көтеріп келу журналистің қаламына сын, өміріне қатер болып келгені тағы бар.
Газеттің күні бітті, интернет шықты деп дуылдасып жүргендер де жетерлік. «Тауықты таптық, қоразды қайтеміз» деген сияқты. Интернет жылт етпе жаңалықтарға толы екені белгілі. Бәрінікі үзіп-жұлған бір ауыз сөз. Көбі мылқаудың долбары сияқты. Ал газет болса сол уақиғаның астарында не жатыр, қандай құпия күш соны қозғап тұр дегенді талдап жеткізіп, әркімнің миына құйып, санасын ашып, адамдық кейпін тереңдететін жалғыз күш.
Соңғы уақыттарда газеттің халыққа жақындай түскенін ел айтып та жүр. Осы «Egemen Qazaqstan», облыстық газеттің беттері халық сусындап отырған мәселелерді тереңдете жазып жүр. Газет басшысының жып-жылы дүниелерін оқып көңіл марқаяды. Қатардағы журналистер де қалысар емес. Қаламның ұшын сәтті сілтей түскен.
Отан – от басынан басталады, дейміз. Сол отбасының жағдайы мүшкілденіп бара жатқанын да жазып жатқан газет журналистері. Ажырасу шектен шығып кетті, ажырасу мұсылман елдерінде бір не екі процент болса, бізде 40%-дан асып жығылған. Неге деген сауал әркімнің көңілін тырнайды. Неге дегеннің ар жағында біздің ұлттық, діни тәлімнен айырылып қалғанымыз жатыр. «Келін неге дұшпан, ене неге мыстан?», деп жазған журналист осының жауабын іздейді.
Кекеш болып қалған тіліміздің де жанашыры газет. «Тіл береке бастауы», дейді журналист. «Оны естір құлақ болса», деп қиналады тағы. Ренішін сыртқа шығарып шыға келген жұрттың алдында өз қазағына өз тілінде сөйлей алмай тұтыққан шенеуніктің елден безер бейнесін көрсетіп жүрген газеттен басқа БАҚ жоқ. Мемлекеттік тілді білу қазіргі уақытта жауапты міндет екенін де баса айтып жүрген журналистер қауымы.
Біздің көтеріп отырған мәселеміздің өзі ұлт жанашыры дегенге жауап іздеу. Жанашырлық тәлім-тәрбиеден басталады. Тіліміз лайланып, дініміз шұбарланған тұста халықтық қалпымызды сақтау үшін ұлттық негіздегі мектептердің қажеттілігін таусыла айтып жүрген де газетшілер. Мектептегі ер балада еркектік мінез, жігердің өрістеп өркендеуі үшін, ұрпақтың намысты болуы үшін мектептерде ер мұғалімдердің аса көп болуы да газет беттерінен түспей келе жатқан мәселе.
Газеттер Жошы хан маңына тұрғызылар кесене туралы жабыла жазуда, ал ана Ұлытаудың басында жатқан Алтын Орда батыры Едіге туралы тарих әлі үнсіз. Маңғыстауда біреулер Едігенің сүйегін көктасымен тауып алыпты-мыс. Ақтөбе жақта бәрін қате жазатын орыстың картасы «могила Едіге» дегенді тауып, шулап той өткізіп жатыр. Бұрындағы талай баспалар сол жерде Едігенің анасы жерленген деп сан мәртебе жазған. Ал ғалым Шоқан академик Шренкті ертіп, Ұлытаудың басына шығып Едіге моласына тәуеп еткенін жазады. Бұл қазіргі бәтуасыз шалдардың шатпақ сөзі емес, тарихи дәлел. Шоқан «Едігенің тас бейіті құлаған мавзолей», деп жазған.
Біздіңше Едіге мавзолейі қалпына келтірілуі керекті іс, мұнда ұлттық намыс жатыр. Мазар қалпына келтірілген жағдайда оның тастан қаланған, әзірше аман қас беті сол күйінде сақталуы керек. Оны бүлдірсек мазардың тарихи құндылығы жоғалады, қасиетінен айырыламыз. Тарихи жәдігер көнелік келбетін сақтаумен әлем жұртын өзіне тартады. «Көрсек» деген туристердің легін осыған қарай бұрады, деп жазғанбыз.
Әрідегі Бұқар мен Шортанбайдың, берідегі Абайдың ұлт үшін айтқан сөзін, үлгілерін ғылым таппай мақтанудың бос екенін, патша болсаң да тәңір алдына барғанда сұраларың қатесіз екенін қай интернеттен талай-талай талдау түсіндірмелерімен таба қояр екенсіз?
Тап осы күнгі сәттерде жұрт зейінінен тысқары қалған, біздің халық басынан кешкен аза-трагедия қырғын аштық, ұлтты есеңгіреткен саяси репрессия туралы, Алаштың асыл перзенттері жөніндегі зерттеулерді газеттен басқа ешбір БАҚ түбегейлі көтерген жоқ.
Бұл үзілмейтін тойлардағы ырду-дырду, теледидардағы өзі сүрініп жатып өзгеге жыртыңдаған сайқымазақ-күлкі санасын жеп қойған кейбіреулер үшін ұйқы оятар дәлел де болар еді.
Осыдан үш-төрт жыл бұрын мың қойы бар мықты шаруаның үйіне барған едім. Тұрмысы тәп-тәуір. Айнала сүзіп қарап небір газет-журнал, не кітап көре алмадым. «Жиырма жылдан асты «кәзит» көрмегеніме», дейді мықты шаруа. Бесіншіні бітірген баласының сөйлеу деңгейі...Сыртта мың қой маңырайды, үйде бала...
Облыстың да, аудан әкімдерінің де жұмыс деңгейінің нәтижесі рейтингпен белгіленетін тәртіп қалыптасқан. Ол бұрындағы әуелі экономика, сонан соң саясат-рух деген анықтамаға дұрыс шығар, бірақ бүгінгі жағдайдағы әлеуметтің сұранысына, ұлттың болашағы үшін деген талап-тілектерге сай еместігіне көпшіліктің көзі жеткен. Ұлттың өсіп өркендеуі адами капиталдың сапасына, рухани дәрежесінің биіктігімен өлшенетін жағдай әбден туындаған. Сол себептен рейтинг талабының басында адамның біліктілігі, тарихи-мәдени дәрежесі тұру керек.
Осы тоқсан ішінде қандай кітаптар оқыдың, қандай газет-журналдардан рухани байлық алдың деген мәселе сұралса билік басындағылар өз тарихы мен мәдениетіне айрықша көңіл бөлуге мәжбүр болар еді. Тіпті қызметкерлерді жұмысқа аларда өркениеттегі елдердегідей тарих пен мәдениеттен ауызша, жазбаша тест тапсыру жолымен сыннан өткізу де кезек күттірмес шара дер едік. Тап бүгін, тап осыны талап ете алмасақ, шұғыл жүзеге асыра алмасақ алдағы тағы бір отыз жылда немересі түгілі шөбересімен орысша сөйлесіп, неше алуан дін мен дінсымақтың шырмауына шатылған таз қалпымызда қала береміз.
Жаппай жамандап жүрген социализм тұсында мидай далада жалғыз үй отырған қойшының үйінде «Жұлдыз», аудандық, облыстық газеттер «Лениншіл жас» жататын. Төріне жайғасқан қонағының саулығын сұрасқан соң «әй, сен ана «Жұлдыздағы» мынадай әңгімені оқыдың ба?» дегеннен бастап әңгіменің рахатына бөленетін, не газетте есімі жүрген құрдастарының табысты еңбегін сөз етісетін.
Ал бүгін... Қыстақта жалғыз өзі шошайып отырған пәтшағар түгілі өзін әжептәуір «кісі» санап жүргеннің үйінен газет таба алмайсың. Өз үйінен «тірі» газет көрмей өскен бала не болады? Әуелі газеттегі қызық материалдарды оқып, оқу дегенді санасына сіңіріп өспеген бала болашақта не оқыса да оны түсіну қабілетін жоғалтады. Газет не кітап бетіндегі жазулар ол үшін ирек-ирек сурет болып қана елестейтін, өзінің тісі батпайтын «әлде не» жұмбақ. Бізге осындай санасы өспеген, топас жүзді ұрпақ керек пе?
Газет-журнал оқымайтын, күнделікті сабағы бір сарынды жаттанды өтетін мұғалімнің ұрпаққа берері не? Мұғалімді біз неге неше түрлі керексіз қағаздармен шырмап, басын дауға салып қойдық. Оның есесіне неге не жаңалық оқыдың деп сұрамаймыз.
Өз басым бес-алты түрлі газеттен, екі-үш журналдан қол үзген емеспін. Балаларыма, немерелеріме солардың ішінен таңдаулы материалдарды оқып, басқамен бөлісіп отыруын да қадағалаймын. Мына алмағайып заманда, үміт сәулесі бұлдыраған тұста газет қана ұлттың жанашырлығы міндетін атқарып отыр.
Абай «интернатта оқып жүр талай қазақ баласы» деп сол оқып жүргендерден қиын да болса сәулелі үміт күткен.
Ал бүгінгі интернет сондай үміт сәулесін бере ала ма?
Ендеше бір ұлт түгілі адамзат баласының алды бұлыңғыр боп тұрған заманда жабырқаған жанымыздың жауабын іздеп, қаламын ұштап, көмегін ұсынған газетті біз неге өлтіруге тиіспіз.
Кәмел ЖҮНІСТЕГІ,
жазушы