«Көпірден секіріп кетіпті», «көпірден секіргелі тұр» дегендей хабарларды жиі естиміз. Бүгін де «102» жедел арнасына Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері хабарласып, белгісіз ер адам Үлбі көпірінен секіргелі тұрғанын айтқан.
Оқиға орнына «Қыран-23» экипажы құрамындағы Өскемен қаласының полиция инспекторлары жедел жеткен. Олар келе салысымен полиция қызметкерлері көпірден секіргелі отырған ер адамды көреді. Сол уақыт ішінде Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері көпір астына катермен келіп, ер адамды райынан қайтаруға тырысқан.
Полиция қызметкерлері жағдайды ескеріп, екіге бөлінуге шешім қабылдайды. Лейтенант Нұржан Ильясов ер адам кенеттен оқыс қадам жасамауы үшін, оның көңілін аулап, әңгімеге тартады. Осы сәтте патрульдік полиция бөлімінің инспекторы, аға лейтенант Ануар Мұхаметқалиев ширақ қимылдап, ер адамды қауіпсіз қашықтыққа тартып алады. Бұдан соң оқиғаның мән-жайын анықтау үшін ер адам полиция бөліміне жеткізілді. Ал не себепті өмірмен қош айтысқысы келгені, бізге беймәлім.