Тауарларға ілеспе жүкқұжаттарды (ТІЖ) ресімдеу жөніндегі қанатқақты жоба 2020 жылғы 1 қарашадан бастап іске қосылады деп жоспарлануда. Бұл туралы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.
Осылайша, жаңа жұмыс жүйесі бойынша ТІЖ ресімдеу Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын ЕАЭО елдерімен өткенге дейін қажет. Сондай-ақ қанатқақты жоба шеңберінде ЕАЭО елдерімен өзара саудада экспорттық және импорттық операцияларды жүзеге асыру кезінде ТІЖ ресімдеу көзделген.
Комитеттің баспасөз қызметі атап өткендей, ресімделген ТІЖ-дің болуы автомобиль өткізу пункттерінде тауарға ілеспе құжаттарды сканерлеу қажеттілігін болдырмайды, бұл ЕАЭО елдерімен мемлекеттік шекарадан өту процесін жеделдетеді.
Жалпы, қанатқақты жоба 2021 жылғы 1 наурыздан бастап ТІЖ міндетті енгізуге «жұмсақ» көшу үшін жүзеге асырылады. Пилотты жүргізу кезінде әкімшілік жауапкершілік шаралары қолданылмайды. Жоба салық төлеушілерге ТІЖ-мен жұмыс істеуге бейімделуге, олардың есеп жүйелерін және сатып алушылармен және жеткізушілермен өзара әрекеттесуді орнатуға арналған.
ТІЖ ресімдеу үшін Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан алуға болатын ЭЦҚ көмегімен электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесін пайдалану туралы келісімге қол қою арқылы ЭШФ АЖ-да тіркелу қажет. ЭШФ АЖ-да тіркелу және жұмыс істеу тегін жүзеге асырылатынын атап өткен жөн.
Мемлекеттік кірістер комитеті ЕАЭО елдерімен өзара саудада сыртқы экономикалық қызметтің барлық қатысушыларын кейіннен ТІЖ міндетті ресімдеуге біртіндеп көшу үшін қанатқақты жобаға қатысу бойынша дайындық іс-шараларын өткізуге шақырады.
Сондай-ақ қанатқақты жоба акцизделетін тауарларды өткізу және Дүниежүзілік сауда ұйымының алып қою тізбесіндегі тауарларды (Тауарлардың осы тізбесімен Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің 2015 жылғы 14 қазандағы № 59 шешімінде танысуға болады) және электрондық шот-фактуралар виртуалды қойма модулі арқылы жазып берілетін тауарларды (тауарлардың осы тізбесімен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2019 жылғы 23 сәуірдегі № 384 бұйрығымен танысуға болады) өткізу кезінде ТІЖ ресімдеуді көздейді дейді комитет мамандары.
ТІЖ – Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің «Электрондық шот-фактуралар» ақпараттық жүйесінде («ЭШФ» АЖ) электрондық нысанда ресімделетін тауарға ілеспе құжат. ТІЖ ресімдеу және ресімдеу тәртібін сақтау жөніндегі нормалар Салық кодексінің 176-бабында айқындалған.