• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Қоғам 14 Қазан, 2020

1,8 трлн-нан астам теңгеге зейнетақы төленді

163 рет
көрсетілді

2020 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында республикалық бюджеттен базалық зейнетақы төлеуге 576,4 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлемдеріне – 1 трлн 285,4 млрд теңге бағытталды.

Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау ми­нистр­­­лігі баспасөз қыз­ме­тінің мәліметінше, 2020 жыл­ғы қыркүйек айында рес­пуб­ликалық бюджеттен зей­нет­ақ­ы төлемдеріне 209 млрд теңге, оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге – 64,8 млрд теңге, ынтымақты зей­нет­ақы төлеуге – 144,2 млрд теңге бөлінді.

2020 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны 2 млн 212 мың адамды құрайды. Зей­нет­ақы төлемдерінің орташа мөлшері (оның ішінде база­лық зейнетақы) 2020 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 94 913 теңгені құрады.

Еске сала кетелік, 2018 жылғы 1 шілдеден бас­тап мемлекеттік базалық зей­нетақы төлемі, оның зей­нетақы жүйесіндегі тәжіри­бесін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайын­да­ла­ды. Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бо­йын­ша ынтымақты жү­йе­де жұмыс істеген уа­қы­ты, сондай-ақ мін­де­тті зей­нет­ақы жарналары тө­лен­ген кезеңдер зей­нет­ақы жүйесіндегі ең­бек өтіліне қосылады. Со­ны­мен, егер зейнетақы жү­йе­сіндегі жұ­мыс өтілі 10 жыл неме­се одан аз болса, сон­дай-ақ егер мүлде жоқ болса, база­лық зейнетақы ең тө­мен­гі күнкөріс деңгейінің 54%-ын құрайды, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2%-ға артады. Мысалы, егер сіз 20 жыл қатыссаңыз, базалық зейнетақы күнкөріс деңгейі құнының 74%-ын, 30 жыл – күнкөріс құнының 94%-ын құрайды. 33 және одан да көп жыл жұмыс өтілі болса, күнкөріс құнының 100% жоғары мөлшерінде белгіленеді.

Егер бір ай ішінде мін­детті зейнетақы жар­на­­­сы бірнеше рет Бір­ың­ғай жинақтаушы зейнетақы қорына жасалса, жи­нақ­тау­шы жүйеге қа­тысу мер­­зімі бір айды құ­рай­ды. Осылайша, мін­дет­ті зейнетақы жарналары не­ғұр­лым тұрақты және толық салынатын болса, зейнетақы жасына жеткенде базалық зейнетақы тө­лемдерінің мөлшері со­ғұр­лым көп болады.

Өз кезегінде, жасына байланысты зейнетақы тө­лем­дерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өті­ліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнеткерлікке дейінгі кезеңде алынған орташа айлық табысқа байланысты болады.