Жуырда бірқатар ақпарат құралдарында сумен жабдықтау тарифтері 300%-ға өсетіні туралы ақпарат жарияланған болатын.
Осы орайда Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті 2020 жылғы 25 маусымда «Астана Су Арнасы» ШЖҚ МКК 2021-2025 жылдарға арналған сумен жабдықтау және су бұру бойынша реттеліп көрсетілетін қызметтерге тарифтер мен тарифтік сметаның шекті деңгейлерін бекітуге өтінім бергенін хабарлайды.
Биыл 6 қазанда департамент тарифтерді қалыптастыру рәсімінің жариялылығы, ашықтығы мақсатында мәслихат депутаттарының, қоғамдық бірлестіктердің, тәуелсіз сарапшылардың, бұқаралық ақпарат құралдарының және өзге де мүдделі тұлғалардың қатысуымен «Астана Су Арнасы» ШЖҚ МКК өтінімі бойынша ашық жиналыс нысанындағы тариф жобасын талқылау бойынша жария тыңдау өткізді. Жария тыңдаулар өткізу барысында «Астана Су Арнасы» ШЖҚ МКК-ның өкілдерімен сумен жабдықтау бойынша 44%-ға, су бұру бойынша 137%-ға жоспарланған өсіммен кәсіпорын тарифінің жобасы таныстырылды. Бұл ретте ұсынылған өтінім тариф жобасы болып табылатынын атап өту қажет.
Департамент кәсіпорын мәлімдеген шығындарының барлық баптарының негізділігіне және табиғи монополиялар туралы заңнама талаптарына сәйкестігіне егжей-тегжейлі талдау жүргізеді. Осыған байланысты, сумен жабдықтау және су бұру саласындағы тариф деңгейінің алдағы уақытта көтерілетіні туралы нақты мәлімдеу сенімді ақпаратқа жанаспайды, деп мәлімдеді Табиғи монополияларды реттеу комитетінің баспасөз қызметі.