Бір кездері ұлы тұлғалар көш түзеген Кереку-Баян өңірінің тумасы, қазақ әдебиетінің жарқын өкілі, 1960-1970 жылдардағы қазақ поэзиясында өзіндік өрнегімен, қайраткерлік болмысымен танылған ақын, журналист, көркем аудармашы Қабдыкәрім Ыдырысов туралы әр кез айтып, жас ұрпақ жадында естеліктерді жаңғырту – біздің қасиетті парызымыз.
Ол Павлодар облысының қазіргі Ақтоғай ауданы Өтес ауылында (ол кезде «Жаңа ұйым» колхозы), 1928 жылы Мұстафаұлы Ыдырыстың шаңырағында дүниеге келген. Ертіс жағасы осылай қазаққа тағы бір дарынды ақынды сыйлады.
Бірақ бұл ақынның тағдыры басқаша өрбіді. Колхоз басшылығында жүрген әкесі «Халық жауы» болып ұсталып кеткенде, Қабдыкәрім небәрі тоғыз жаста болатын. Ана қалды аңырап, бала қалды қамығып. Қамыққан көңілді сейілтетін күш-жігерді бала Қабдыкәрім өлеңдерден тапты. Іштегі шер балаң жыр болып сыртқа тепті: «Қолыма алдым қарындаш, Көңілде қайғы, көзде жас» деп басталады ең алғашқы жазған өлеңі. Сондай-ақ оны ертеден өлеңге баулыған – ауылда жұрт Қарамолда деп атап кеткен, шын аты Иманқұл деген қария болатын. Өзі естелігіне жазғандай, қыстың ұзақ кештерінде сырты қызыл түсті «Батырлар жырын» оқытатын.
Соғыс қасіреті де Қабдыкәрім Ыдырысовтың балалық шағына тұспа-тұс келген екен. Ол туралы «ел-жұрттың көңілін аулау біздің еншімізге бұйырды» деп жазған Қабекең. «Сабалап жүріп» домбыра үйренген, әншілер сайысына қатыса жүріп, бірде Естай ақынның жүзін көрген. Осы өңірден шыққан халық ақыны Құдайберген Әлсейітовтің атын ерте естіген екен. Ал соғыс уақытында ауылға атағы дүрілдеген Иса Байзақов келеді. Міне, бұл сәт болашақ ақынның өмірлік ұстанымын нықтайды.
Колхоз төрағасы ақынның қасына қосар есті кісі таба алмай (бәрі майданға кеткен) жасөспірім Қабдыкәрімді шақыртады. Біраз уақыт жанында жүрген баланың талабын таныған, мінез-сипатына қаныққан Иса ақын оған: «Жүрексіздеусің. Жүрексіз адамнан не ақын, не әнші шықпайды» деп ақыл берген. Бұл сөз Қабдыкәрімнің санасында сіңіп қалды.
Жастайынан өлеңге деген талпынысы оны алысқа тартады. Талапшыл жас 1947 жылы Кереку шаһарында әйгілі ақын ағасы, майдангер Қалижан Бекхожинді кездестіреді. Ақын тапсырмасымен бірнеше өлең жазып әкеледі, соның ішінен мойыны озық деп тапқан «Жылқышы сырын» Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетіне бастырады. Алматыда өткен жас әдебиетшілердің слетіне қатысады. Міне, осыдан кейін әуелде трактор зауытында жұмысшы, облыстық партия комитетінде инструктор болып, әр жерде еңбек етіп жүрген бозбаланың ақындық жолы ашылады. 1952 жылы Қ.Ыдырысов атақты Қалижан Бекхожиннің шақыруымен Алматыға, әдебиет ауылына көшеді. «Алматыға алты өлеңмен сүйреген» деп ағасына разылық өлең арнайды.
Оның алғашқыда қызметі журналистикамен байланысты болғанын білеміз. «Қазақстан пионері», «Қазақ әдебиеті» газетінде істеді. 1962 жылы белгілі журналист, майдангер, жазушы Әзілхан Нұршайықов «Қазақ әдебиетіне» бас редактор болып келгенде, газеттің жауапты хатшысы болып Қабдыкәрім Ыдырысов бекітілген. «Ол ширақ, белсенді қимылдап, жанына газетке қамқор жігіттерді жинап алып, аудандарда газетке жазылу науқанын алға бастырды» дейді өз естелігінде Әзілхан ағамыз.
Ол әр уақытта балаларға арнап өлеңдер жазды, Мұзафар Әлімбаевпен сырласты, сыйласты. Ұлы жазушылар Мұхтар Әуезовтен, Сәбит Мұқановтан, Ғабит Мүсіреповтен, Жұбан Молдағалиевтен тәлім алды, өнеге үйренді. Тұстастары Ғафу Қайырбековпен, Сырбай Мәуленовпен, Сағи Жиенбаевпен қатты араласты. Жыр бәйгесінде Қадыр, Тұманбай секілді інілеріне қолдау көрсетті. Жазушылар одағында екінші хатшы болып жүргенде «ұлтшыл сипатта жазады» деп айыпталған студент Әбіш Кекілбаевті қорғап қалғаны бар. Бұл туралы абыз жазушының бір сұхбатында айтқаны бар. «Жастардың жыры екпінді болғаны заңдылық, саны жағынан да, санасы жағынан да биік болғаны дұрыс қой» деген екен бір сөзінде Қабдыкәрім Ыдырысов.
Сырбай Мәуленов айтқандай, «Ақынды ашу жан тебірентерлік күрделі бір дүние. Оның ішінде дауысы айқайлап шықпайтын Қабдыкәрім сияқты ұяң, қарапайым, бірден көзге түсе қоймайтын сыпайы ақынды ашу оңай емес». Десе де, оның азаматтық, ақындық, қайраткерлік қыры үңілген адамға анық көрінеді.
Қабдыкәрім Ыдырысов кітап баспаларында беделді қызметтер атқарды. 1952-1978 жылдар аралығында республикалық «Қазақстан пионерi» газетiнде бөлiм меңгерушiсi, «Жазушы» баспасында аға редактор, «Қазақ әдебиетi» газетiнде жауапты хатшы болып еңбек етті. Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Қазақ КСР мемлекеттiк кiтап палатасының директоры, «Жалын» баспасының директоры болды.
Әсіресе 1975 жылы өзі қолымен ашқан «Жалын» жастар баспасында істеуі оның өміріне елеулі бір өзгеріс әкелгені анық. Міне, сол кезде қазіргі әдебиет классигі аталатын Күләш Ахметова, Ұлықбек Есдәулет, тағы басқа қаламгерлердің тұңғыш кітаптары, аудармалары осы Қабдыкәрім Ыдырысовтың қамқорлығымен басылып шыққан. Қазақстандағы кітап басу индустриясын танытамын деген талабы жанып, баспа Болгарияның София қаласында арнайы медаль иеленді. Бұл кезде Қабдыкәрім Ыдырысовтың денсаулығы да сыр беріп жүрген уақыт еді, бара алмай қалған сияқты. Бұл сыйлықты Қазақстанға жазушы Шериаздан Елеукенов әкеліп табыстаған суреті сақталған.
Ертістің шалғынында аунап өскен сары бала Алматыда, Алатаудың баурайында азамат ақын ретінде қалыптасты. Өмірлік қиындығы, тағдыры оның өлеңдерінде өрілді. Ол өмірді негативті тұрғыдан емес, зор позитивпен жырға қосты. Жалғаннан сәуле іздеді. Келешекке сенді, көңілімен өрге ұмтылды. Оның барлық шығармаларындағы көңіл күй сондай. Ол бәрінен, күйкіліктен, тіршіліктен жоғары тұрды.
Бәрі де... бәрі есімде,
Ұмытсам мені кешірме.
Жар сыйлап маған өмірлік,
Зор бақыт бердің еншіме.
Паңсынам саған несіне,
Сен берген толы несібе.
Көркіңді көріп көсілген,
Түседі бәрі есіме...
– деді ақын өлеңінде.
Қ.Ыдырысов шығармашылығының шырқау тұсы – «Әке жолы» поэмасы. Бұл оның өміріндегі, өнеріндегі басты кезеңі десек жаңылмаспыз. Ол бір кезде «Халық жауы» атанып, сол күйі қауышпай кеткен әкесінің тағдырын жырлады. Әке есімін жырымен ақтады. Қазақ әдебиетінде алғашқылардың бірі болып саяси қуғын-сүргін тақырыбын көтерді. Хрушевтің «жылымық» кезеңін пайдаланып, жүрегіндегі сырды ақтарды, мұңын төкті.
«Төрдегі мына сурет әкем менің
Білмеймін апам қайдан әкелгенін.
«Сақтадым, дейді,
терең жүрегімде»,
Келмейді онысын да бекер дегім.
Қайшымен кесіп, бір кез ұсақтаған
Сурет қой анам жиырма жыл
сақтаған.
Қасына қайта келген мына менмін,
Бұл қалпым әке мойнын
құшақтаған»
(«Әке жолы» дастанынан).
«Меніңше ол поэма осы тақырыпта жазылған қазақ поэзиясының алғашқы қарлығашы еді. Сол поэма туралы ешкім жұмған аузын ашпағаны өкінішті-ақ. Ал осы тақырыптағы «Белые одежды» поэмасы үшін орыс жазушысы Дудинцев мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болғаны есімде. Үлкен атаққа, лауазымға Қабдыкәрім сонша ұмтылмаушы еді», деп жазған екен ақынның жұбайы Бәтіш Ақанқызы өз естелігінде.
«Қабдыкәрімнің алғашқы жырларымен сырласа байқасақ, жетімдікті сезінсе де, «өмірге өкпелемеген, өкінбеген», алдынан зор үміт күткен жастың «алғашқы көгершін» жырларына қанат берген де заманға деген сол өр сенім» деген еді Қалижан Бекхожин інісі Қабдыкәрімнің 50 жылдығына орай жазған «Бұл күнде жырдың бесті жүйрігісің» атты естелігінде.
Ол өзінің парасатты мінезімен әрдайым ағаларына еркеледі десек, жарасар. «Қабдыкәрім – творчестволық өрісі кең ақын. Ол нәзік лирик болып та, еңселі эпик болып та жырлайды. Тақырыптары да алуан-алуан. Баламен де, атамен де сырласады. Сүйіне де, күйіне де біледі» деп айтқан екен әйгілі батыр ақын Жұбан Молдағалиев. 1978 жылы ақын Қабдыкәрім Ыдырысовпен бірге осы Жұбан Молдағалиев Жазушылар одағының басшылығы атынан Павлодар өңіріндегі мерейтойлық шараларға қатысады. Онымен бірге лирик ақын Сағи Жиенбаев, атақты композитор Әсет Бейсеуов жүрді. Осы сапарда Ә.Бейсеуов Қ.Ыдырысовтың сөзіне «Павлодарым» атты ән жазғаны туралы дерек бар. Өкініштісі, сол әннің нотасын таба алмай келеміз. Халық композиторының туындысы да анау-мынау, жеңіл дүние болмаған деп топшылаймыз...
«Ел кезіп қайда бармадым,
Шалқыдым, көкте самғадым.
Көп жердің таттым бал дәмін.
Жүрекке жүрек жалғадым.
Су татсам небір өзеннен,
Ертістің дәмін сезем мен...»
деп еді жарықтық Қ.Ыдырысов.
Иә, ол ақындық іссапарлармен біршама елдердің топырағын басты. Бірақ қайда болса да Ертісін жырлады, ауылын ұмытпады, ағайынын іздеді.
Шұрқырасып сыйласқан інісі, Қазақстанның халық жазушысы Тұманбай Молдағалиев: «Арабстан дәптерінде» ақын тағы бір қырынан, жаңа бір қырынан танылды. Ақынның бұдан сәл бұрынырақ жазылған, Латвия топырағында туған «Балтық баспалдақтары» атты циклы да мені елең еткізген еді. Ал «Арабстан дәптері» тұсында ақын ағамыз тіпті асқақтап кетті, ой да, сезім де қатар қағылған қанаттай ақын шығармаларын өнер биігіне қарай алып ұшып бара жатты» деп жазған еді.
Өмірде етене жақын араласқандар Қабдыкәрім ақынның әншілік өнері де болғанын айтады. «Естайдың «Қорланын» кең дауысымен шырқағанда, атақты әншілерден бір мысқал кем түспейтін, мен сол үшін Қабдыкәрімді құрметті меймандар келгенде шақыртатын едім», дейтін майдангер жазушы Қасым Қайсеновтің естелігі бар.
Өзі де талай әннің авторы атанды. Халық қаһарманы, әйгілі композитор Нұрғиса Тілендиевтің «Баянауыл вальсі», Әбілахат Еспаевтың «Қайдасыңдар, достарым» әндеріне сөз жазды. Балаларға арналған «Келші, келші балашым» өлеңі де оның жүрегінен шықты (кейін композитор Ескендір Хасанғалиев оған ән жазды), «Әрқашан күн сөнбесін» әнінің қазақша аудармасы да оған тиесілі. Қазақ радиосынан ұзақ уақыт беріліп келген «Кел балалар, ойнайық, Ойнайық та ойлайық» ән-хабарының өзегі де осы Қабекеңнің өлеңінен алынған болатын.
«Ән сүймеген өмірді де сүймейді, өзім жоқта әнім жүрсін құлақта» деген ақын Қабдыкәрім Ыдырысовтың жырлары халық жүрегінен терең орын алды.
Ертіс бойында дүниеге келіп, Алатау биігінде жұлдызы жанған Қабдыкәрім Ыдырысовтың есімі туған жерінде ұлықталуда. Ақын ауылында есімін арқалаған 11 жылдық мектеп бар, осы жолдардың авторының ұйымдастыруымен 2013 жылы жеке музейі де жасақталған. Өзі білім алған Павлодар педагогикалық училищесінің қабырғасында мемориалдық тақта орнатылған. 2013 жылы ақынның 85 жылдығына орай публицистикалық дүниелері «Туған жер – төрім мәңгілік» атты жинақ, 2018 жылы Қ.Ыдырысовтың ақындық болмысы туралы әдебиет классиктерінің естеліктері «Тұрсам болды көңіліңнің төрінде» атты жеке кітап болып шықты. Өкінішке қарай, кіндігі кесілген Павлодар облысы Ақтоғай ауданы орталығында ақын ескерткішін орнату туралы ұсыныс қолдау таппай келеді. 1988 жылдан бері ақынның жеке өлеңдер жинағы да республика көлемінде мүлдем жарық көрмегені қынжылтады.
1973 жылы Азия-Африка елдерінің конференциясын ұйымдастыруға ұлы жазушы-академик Ғабит Мүсіреповтермен қанаттаса жүріп үлес қосқан ағамыздың еңбектері шет тілдерге аударылғаны белгілі. Өзі де А.Пушкин, Ю.Лермонтов, Н.Хикмет, К.Хетогуров, А.Бартоның, С.Михалков пен С.Вургунның өлеңдерiн қазақша сөйлетті. Олардың барлығын жинақтап, заман талабына сай сұрыптап, гауһардай жарқыратып жаңа ұрпаққа ұсыну – кейінгі қалам ұстаушылардың қасиетті парызы.
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
қабдыкәрімтанушы,
Павлодар облысы