• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Қоғам 15 Қазан, 2020

Санаулы әскери маманның бірі

194 рет
көрсетілді

Ахмет Момынов – карантин кезінде Ақтөбеде дезинфек­ция жасаған әскерилерге жетекшілік еткен майор. Өңірде Қарулы Күштер саласында 2 инженер-эколог еңбек етсе, соның бірі – біздің кейіпкер.

Ресей Федерациясы Кострома қаласындағы радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау әскери ака­демиясының түлегі бүгінге дейін Ақмола, Алматы, Қарағанды, Атырау облыстарындағы гарнизонда жұмыс істеген.

Былтыр Ақтөбеге  ауысып келген Ахмет Момынов Қорғаныс ми­нистрлігі тарапынан барлық жағ­дай­дың жасал­ғанын, тек қызметін ой­дағыдай атқару басты міндеті екені жөнінде әңгіме тиегін ағытты.

– Нағашы атам мен ағам – әскери адамдар. Екеуі де Алматыдағы әс­кери академияны тәмамдаған. Кіш­кентайымнан солардың жолын қууды мақсат тұттым. Бірақ көршілес елде білім алғанды тәуір көрдім. Көпшілігі неліктен дәл осы мамандықты таң­дағанымды сұрап жатады. Инженер-эко­логке көптеген мекемеде жұмыс та­былады, бұның сыры осында жатса керек. 

Осындағы әскери институтта әріп­­­­тесім бар, екеуміз сирек кезде­сетін мамандықтың иесіміз. Мен Ақ­төбедегі кадрлық жағдай бойынша айтып отырмын. Өз басым жалақыны есептемегенде, пәтерақымен де қам­тыламын. Одан артық не керек? Қызметіме көңілім толады, – дейді Ақтөбе гарни­зонының радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау қызметінің бас­тығы А.Момынов.

Оның күнделікті қызметтік мін­­детіне әскерилерді һәм олар орна­ласқан аумақты түрлі зиянды заттардан қорғап, тазалық жұмыстарының талапқа сай жүргізілуін қадағалау кіреді. Апта сайын жеке құрамдармен түрлі техниканың жай-күйін тексеру, оқу-жаттығу жұмыстарын өткізу де кәсіби дағдыларының бірі. Арасында жоспардан тыс шаруалар да болып жатады. Айталық, наурыз айының ортасында елімізді коронавирус инфекция­сы жайлағанда, әңгімелесушіміздің әскерилерді дезинфекция жұмыстарына жұмыл­ды­руы­на тура келген.

– Мамандығыма сәйкес дезинфектор да бола аламын. Вирусқа байланысты қалада зарарсыздандыру жұмыстарын жасауға бұйрық алдық. Күніне 24 әскери қызметкер мен курсанттар – барлығы жүзден астам адам ұзындығы 3 шақырым жолға арнайы сұйықтық шаштық. Оларға жетекшілік еттім. Аталған жұмыс 25 наурыздан 10 сәуірге дейін созылды. Кейін бұл әс­ке­ри  жиындарға шақырылғандарға  жүк­телді.

Дезинфекция жасау анау айтқандай ауыр болды деп айта алмаймын. Тек басында күн суықта ұзақ уақыт далада жүру қиынға соқты. Қасымдағы жігіттер бар, олардың денсаулығына алаңдайсың. Дегенмен, бұйрықтың аты – бұйрық, орындауға міндеттіміз. Оны ойдағыдай атқарып шықтық деп ойлаймын, вирустың таралмауына аз да болса үлесімізді қостық. Кейін­нен блок-бекеттерде де осындай жұмыстар жалғасын тапты. Осы орай­да еңбегіміз ескеріліп, басшылық тара­пынан сыйақы алғанымызды айта кеткім келеді, – деп ағынан жарылады Ахмет.

Жұмысын міндетті түрде қорға­ныс киімімен, өзге де қажетті жабдық­тардың көмегімен атқаратын инженер-эколог қауіпсіздік ережелерін сақтауға баса мән берілу керектігіне ерекше тоқталды. Және мұндай шаралар ол үшін таңсық емес. А.Момынов – Ресейде ұйымдастырылған оқу-жаттығу жұмыстарына тартылған қазақстандық әскери мамандардың бірі. Яғни оның Ақтөбедегі осынау жұмыстарға таңда­лып алынуы кездейсоқтық емес.

Ахметтің ойынша мамандығын жан-тәнімен сүйген адам кез келген қиындықты еңсере алады. Ол көзі ашық адамдар әскерилердің қызметінің қиын екенін бұрыннан-ақ білетінін қосты.

– Әскери қыз­меткерлер – бұйрық­ты орындаушылар ғана, яғни полицей­лердегі сияқты оларда белгілі бір құзы­рет жоқ. Бұны қарапайым халық та бі­леді. Мысалы, төтенше жағдай кезінде бізге зарарсыздандыру жұмыстарына қатысыңдар деді, біз соны атқардық. Әсіресе, үлкендер жағы бұны жақсы түсініп, көрген сайын жылы сөзін аямайды. Еңбегімізді бағалайды. Көшедегі тәртіпті де қадағалайтын біздің жігіттер – әскери бөлімдегі сарбаздар. Оларда ешқандай қару жоқ, бұзақылықты байқаса, алдымен сақшыларды шақырады. Мақтағаным емес, шынымен солай. Осы тұрғыдан келгенде, дәл осы салада еңбек ет­кеніме ешқашан өкінгенім жоқ. Бұ­қара мен билік те бізді қадірлейді, – дейді.

Майор,  әрине, барлық қызметтестері сынды генерал болуды армандайды. Оған дейін әскери білімін жетілдіру – алға қойған мақсаты. Ол үшін арнайы іріктеуден өтіп, бірнеше талапты жоғары деңгейде орындау қажет. «Академияда тағы екі жыл оқысам, әскери шенім өседі. Лауазымым да соған сай өзгереді. Сондықтан биыл жаз айларында бағым мен бабымды сынап көрмекпін. Біздің жұмысымыз онсыз да әрдайым даярлықты, кез келген істі тосырқамай орындауды талап етеді ғой. Күн сайын өзіндік емтихан тапсырғандай боламыз. Алдағы сын қиын бола қоймас», деп сыр бөліседі 35 жастағы Қарулы Күштер саласының өкілі.

 

Айбек ТАСҚАЛИЕВ,

журналист

 

Ақтөбе