Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Отырыс барысында депутаттар «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу, сондай-ақ жекелеген халықаралық шарттардың қолданысын өзгерту және тоқтату туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң қабылдады.
ЕАЭО туралы шартқа өзгерістер енгізілді
Заң жобасы бұған дейін Мәжілісте мақұлданған. Сенаторларға Хаттаманы Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов таныстырды. Оның айтуынша, құжат ЕАЭО елдері үшін кедендік әкелу баждарының көлемін анықтауға мүмкіндік береді.
«Хаттама 2019 жылғы 1 қазанда Ереванда жасалды. Хаттамада кедендік әкелу баждарының сомаларын бөлудің жаңа нормативтерін бекіту көзделеді. Нормативтердің мөлшері мүше бес мемлекет үшін айқындалған. Бұл ретте Қазақстан үшін норматив 6,955 пайызды құрайды. Аталған нормативтер Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасында кедендік әкелу баждарын бөлуге мөлшерлес тәсілді қамтамасыз етуге арналған», деді Р.Дәленов.
Сондай-ақ құжатта мүше мемлекеттердің жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органдары бірлескен бақылау іс-шаралары шеңберінде мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының осы Хаттаманың ережелерін сақтауын жыл сайын тексеретіні айқындалған.
«Халықаралық шарттар туралы» заңға сәйкес осы Хаттама ратификациялауға жатады. Заң жобасын қабылдау әлеуметтік-экономикалық және құқықтық теріс салдарға әкеліп соқтырмайды», деді ведомство басшысы.
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев аталған құжатқа қатысты пікірімен бөлісті. Спикердің сөзіне сүйенсек, заң жобасы Еуразиялық экономикалық одақтағы экономикалық ықпалдастықты арттыруға жағдай жасамақ.
«Еуразиялық экономикалық одақ Елбасымыздың бастамасымен құрылды. Оның жұмысын өркендетуге Мемлекет басшысы да баса мән беріп отыр. Еуразиялық экономикалық одақ, ең алдымен, экономикалық дамуды, тауар айналымын арттыруды және инвестиция саласындағы ынтымақтастықты күшейтуді көздейді. Бүгін қабылданып отырған заң жаңа кедендік баждарды белгілеу арқылы жоғарыда аталған мақсаттарды іске асыруға үлесін қосады деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.
Бұдан кейін сөз алған депутат Сергей Карплюк ЕАЭО елдері арасындағы кедендік әкелу баждарын бөлудің жаңа нормативтері туралы түсіндірді. Хаттама бойынша Беларусь Республикасы үшін кедендік әкелу баждарын бөлу нормативі көбейтілген. Себебі Беларусь елінде кедендік баждарды жинау коэффициенті бөлу нормативінен көп. Ал Қазақстан импорттың қазіргі көлемін сақтаған жағдайда сальдо бойынша оң көрсеткішке қол жеткізеді.
«Хаттама арқылы құзыретті органдардың кедендік әкелу баж сомаларын түсіруді және бөлуді дұрыс орындауын, олардың Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің бюджет кірісіне аударуын бақылау тәртібі туралы ереже және ақпарат алмасу мәселелері анықталады», деді С.Карплюк.
Тұрғын үй бағдарламаларының кемшілігі көп
Сонымен қатар отырыста сенаторлар бірқатар депутаттық сауал жолдады. Сенат вице-спикері Асқар Шәкіров пен депутат Ләззат Сүлеймен тұрғын үй саясатын іске асырудағы проблемаларды көтерді.
Сенат депутаттары азаматтардың осал санаттары үшін жеңілдікті ипотекалық бағдарламалардың қолжетімсіздігіне, сондай-ақ балама нұсқалар ұсынбай тұрып азаматтарды жалғыз тұрғын үйінен мәжбүрлеп шығаруға жол бермеуге Үкіметтің назарын аударды.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты, ең алдымен, баспана мәселесіне тікелей байланысты» деп атап көрсетті.
Карантиндік шараларды сақтап, коронавирус пандемиясы өршіген кезеңде бұл мәселенің өзектілігі артты. Мәжбүрлі оқшаулау режімінде лайықты тұрғын үй жағдайы, тұрғын үй алуға қол жеткізу, мәжбүрлеп шығарудан құқықтық қорғау және тағы басқа проблемалар Үкіметтің ерекше назарын талап етеді.
Мемлекет өзінің конвенциялық міндеттемелері, атап айтқанда, экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пакті шеңберінде қазақстандықтардың жеткілікті тұрғын үйге құқығын қамтамасыз ету бойынша айтарлықтай жұмыстар жүргізіп келеді. Сонымен бірге бұл процестің мониторингі жан-жақты қарастыруды талап ететін жүйелік сипаттағы мәселелердің бар екендігін айғақтайды», деді депутаттық сауалды оқыған Л.Сүлеймен.
Сенат Төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров пен депутат Ләззат Сүлеймен Премьер-Министрге жолдаған депутаттық сауалында қазіргі уақытта тұрғын үй алу кезегінде шамамен 530 мыңға жуық адам тұрғанын және жыл сайын олардың саны тағы 50 мың адамға көбейіп келе жатқанын атап өтті. «Нұрлы жер» бағдарламасына кіретін «Шаңырақ» (5-10-20) қанатқақты жобасы әкімдіктерде тұрғын үй алуға кезекте тұрғандарға ипотекалық несие беруді көздейді. Отбасы кірісін растау үшін зейнетақы қорынан берілетін соңғы алты айдың үзінді көшірмесі қажет.
«Осы жобаны іске асыру тәжірибесі көрсеткендей, осал санаттағы, оның ішінде мүмкіндіктері шектеулі азаматтар үшін бұл қолжетімсіз болып отыр. Алайда қазір 1 және 2-топтағы мүгедектігі бар адамдар еңбек табысын құжаттық тұрғыда растай алмағандықтан, жеңілдетілген ипотекалық кредитке қол жеткізе алмай отыр», деді Ләззат Сүлеймен.
Депутат сондай-ақ «7-20-25» бағдарламасы көптеген қазақстандыққа қолайсыз екенін, бастапқы тұрғын үй нарығында ғана жұмыс істейтінін атап өтті.
«Тұрғын үй салынып, пайдалануға берілген кезде одан пәтер табу қиын, себебі бастапқы тұрғын үй нарығы алыпсатарлар қызметінің объектісіне айналған. Олар бір уақытта бірнеше пәтер сатып алатыны белгілі. Осыған байланысты азаматтар алдын ала брондау шартымен тұрғын үй сатып алуға мәжбүр, бұл азаматтарды қосымша шығындарға әкеледі», деді Сенат депутаты.
Осыған байланысты сенаторлар «7-20-25» бағдарламасы бойынша тұрғын үйді екінші нарықтан алуға рұқсат етудің тиімді әрі арзан екенін ұсынып отыр.
Сенаторлар «Баспана хит» бағдарламасы қайталама тұрғын үйді сатып алуға мүмкіндік беретінін, алайда бұл бағдарлама кредит бойынша пайыздық мөлшерлеменің (10,75 %) жоғары және қарыз беру мерзімінің (15 жыл) аз болуына байланысты ай сайынғы кірісі 170-180 мың теңгеден төмен азаматтардың басым көпшілігіне қолжетімсіз екенін де айтты.
«Қазіргі уақытта Қазақстанда риэлторлардың қызметі тиісті заңнамалық тұрғыдан реттелмеген. Тұрғын үй нарығында бірыңғай тәртіп, стандарттар мен қағидалардың болмауы клиенттердің сенімсіздігін туғызуда. Қалыптасқан жағдай адал жұмыс істейтін риэлторлық компаниялар үшін де, осы қызметті тұтынушылар үшін де айтарлықтай қиындық келтіруде», деді Л.Сүлеймен.
Депутаттардың айтуынша, қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық жағдайға азаматтарды жалғыз тұрғын үйінен мәжбүрлеп көшіру жайттары да теріс әсер етеді.
Сенат Төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров пен депутат Ләззат Сүлеймен сауалда мәжбүрлеп шығаруға тыйым салу негіздерінің тізімі сапалы түрде жан-жақты қайта қаралу керек екенін, сондай-ақ алдын алу шараларын қабылдау, атап айтқанда азаматтардың ипотекалық қарызды төлеу жөніндегі тәуекелдері мен мүмкіндіктеріне мұқият талдау жүргізе отырып, азаматтарға ипотекалық қарыздар беру кезінде екінші деңгейдегі банктердің бақылауын күшейту қажеттігін атап көрсетті.
Бұдан бөлек, депутаттар тұрғын үй нарығында риэлторлық ұйымдардың қызметімен байланысты мәселе туындап отырғанына тоқталды. Сенаторлардың келтірген деректеріне сүйенсек, алаяқтық жағдайлар жиі кездеседі. Бұған халықтың құқықтық сауаты төмен болуы әсер етіп отыр.
«Қазіргі уақытта Қазақстанда риэлторлардың қызметі тиісті заңнамалық реттелмеген. Тұрғын үй сату нарығында бірыңғай тәртіп қағидаларының болмауы, клиенттердің оларға деген сенімсіздігін туғыза отырып, адал жұмыс істейтін риэлторлық компаниялар үшін де, осы қызметті тұтынушылар үшін де айтарлықтай қиындық келтіреді. Бұл мәселе сапалы талдауды және талқылауды талап етеді, риэлторлық қызмет заңнамалық тұрғыда тиісті бақылауға алынуға тиіс», деді Л.Сүлеймен.
Өнеркәсіптік саясат әзірлеу керек
Сенатор Еділ Мамытбековтің сауалында өнеркәсіп саясатына, оның ішінде «Өнеркәсіп саясаты туралы» заң жобасын әзірлеуге қатысты мәселе қозғалды. Премьер-Министрге сауал жолдаған депутат Мемлекет басшысының өнеркәсіптік саясатты дамытудың жаңа тәсілін әзірлеу жөніндегі тапсырмасын еске салды.
Е.Мамытбековтің пікірінше, Қазақстанда саясатты әзірлеу орталығы – Үкімет, әкімдіктер мен кәсіпорындар бар, бірақ елде ішкі нарық пен жұмыс орындарын қолдауға арналған мемлекеттік қаржы мен ресурстарды пайдаланудың тұтас жүйесі болмай отыр.
Сенатор Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қазан айының соңына дейін «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң тұжырымдамасының жобасын әзірлеу тапсырылғаны және сол арқылы батыл іс-қимылға карт-бланш алғанына екпін берді. Депутаттың сөзіне сүйенсек, мемлекеттік мекемелер арасында бәсекелестік болғанымен, олардың арасында тиісті үйлестірудің жоқтығы мен өнеркәсіптік саясаттың тиімділігінің жеткіліксіздігін атап өтті. Мұның бәрі жаһанданудың сыртқы факторлары әсерінің қатаюы мен әлемдегі шаруашылық байланыстарының субаймақтануы жағдайында біздегі өнеркәсіп өндірісінің бәсекеге қабілеттілігі деңгейіне әсер етіп отыр.
«Қалыптасқан өндірістік қатынастарға байланысты өндіріс пен ғылым арасындағы алшақтық біздің кез келген өнеркәсіптік жобамызды іске асырудың тиімділігі төмен әрі құны жоғары болуына себеп болып отыр. Отандық бизнес, әсіресе шетелдік бизнес, өздерінің кәсіби мүмкіндіктерін шетелдік жеткізушілерден технологиялық шешімдер мен өнімдерді сатып алумен ғана шектей отырып, елдің ғылыми-техникалық дамуы үшін ешқандай жауапкершілік көтергісі келмейді. Оның үстіне, жер қойнауын пайдаланушы бизнесмендер еліміздің жер қойнауын пайдаланғаны үшін ғылыми әлеуетті дамыту жөніндегі өз міндеттемелерін орындауды да қаламайды», деді Е.Мамытбеков.
Депутаттың пайымдауынша, ғылымды экономика мен өндірісті индустриялық-инновациялық дамыту міндеттерін шешуге толыққанды тартудың көп жылғы шешілмеген проблемасы айқын көрініп отыр.
«Бүгінде ғылыми ұжымдар мен жекелеген ғалымдар гранттық қаржыландыру кезегіне «топырласуға» мәжбүр, бұл іс жүзінде жоғары ғылыми және ғылыми-техникалық сұраныстың мәселелерін шеше алатын көптеген ғалым үшін қолжетімді емес», деді сенатор.
Депутат әкімдіктер мен квазимемлекеттік сектор жүзеге асыратын сатып алуларда импортқа басымдық берілетінін атап өтті. Сенатор бұл мәселені инженерлік және өндірістік персоналдың сапасын түбегейлі жақсартпай әкімшілік әдістермен ғана шешу мүмкін емес деп санайды.
Бұған дейін Мемлекет басшысы жер қойнауын пайдаланушыларды ғылыми-зерттеу және конструкторлық-тәжірибелік жұ- мыстарды күрделі қаржы салымдарының 1%-ы мөлшерінде қаржыландыру жөніндегі міндеттемелерді қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Депутат осыған байланысты жер қойнауын пайдаланушылардың кадрлар даярлау жөнінде де міндеттемелері бар екенін еске салды.
Сауалға Дәурен Әділбеков, Ерік Сұлтанов, Сүйіндік Алдашев, Бауыржан Қаниев, Әлімжан Құртаев, Сағындық Лұқпанов, Ләззат Рысбекова қол қойды.
Ауылдарға қамқорлық қажет
Үкімет басшысына сауал жолдаған сенатор Ольга Булавкина шекара маңындағы ауылдардағы жағдайға назар аударып, олардың назардан тыс және мемлекеттің қолдауынсыз қалғанына алаңдады.
«Халқы 200 адамға жетпейтін 1300 ауыл назардан тыс және мемлекеттің қолдауынсыз қалады. Тек «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша соңғы үш жылда 10 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Алайда қаражат бөлу кезінде басты назар Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, облыс және аудан орталықтарында болды», деді сенатор Ольга Булавкина.
Депутат ауылдық жерлерде тұрғын үй салынып жатқан жер учаскелерінің мәселесі де шешілмей тұрғанын айта кетті.
«Қазіргі таңда осы үйлерде тұратын азаматтар аталған жер учаскелеріне және тұрғын үйге меншік құқығына рұқсат ала алмайды. Оның негізгі себебі, жер учаскесінің тағайындау құжаттарында сәйкестіктердің болмауы», деді О.Булавкина.
Сенатор өз сауалында жеке тұрғын үй құрылысына қатысты проблемалардың әлі де бар екенін айтты. Тұрғындарының саны 5 мыңға жетпейтін елді мекендерде жер учаскелері ауыз су және электр желілерімен қамтамасыз етілуі керек. Бірақ кейбір аймақтарда бұған бюджеттен қаражат қарастырылмаған. Бұл азаматтардың жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алуда құқығының бұзылуына алып келеді.
Депутат шекаралас елді мекендерде тұратын 1,5 млн ауыл тұрғыны үшін ауылдың әлеуетін толықтай ашу проблемасы стратегиялық маңызға ие екеніне сенімді. Осыған байланысты О.Булавкина Премьер-Министр Асқар Маминге бірнеше сауал жолдады: «Қажетті материалдық және әлеуметтік ортаны құру, сондай-ақ инвесторлар үшін аймақтардың тартымдылығын арттыру мақсатында шекаралас облыстарды одан әрі дамыту бойынша жағдайға сараптамалық талдау жүргізілді ме? Салық салуда, грант бөлуде және шекаралас облыстарды одан әрі дамыту үшін мемлекеттік қолдаудың басқа шараларында жеңілдіктер беру мәселелері қарастырылды ма? Бұл шаралар қашан жүзеге асырылады? Осы аймақтарда жұмыспен қамту және бизнестің жол карталарының тиімсіз болуының себептері қандай? Бұл басқа қоныс аударушылар үшін шекаралас аймақтардың тартымдылығын қамтамасыз ететін басқа әлеуметтік факторларға қалай әсер етеді? Ауыл тұрғындарына баспана сатып алуға немесе салудың жеңіл шарттары, қолдау көрсетудің қосымша тетіктері бар ма?» деді депутат.