Монреаль Олимпиадасында (1976) жеңісіне қол жеткізген Кеңестер елінің 24 жастағы гимнасшы Людмила Турищева журналистерге берген сұхбатында ғарышқа көтерілгендей көңіл күйде жүрмін деген екен. Расында Олимпиаданың төрт алтын, үш күміс, екі қола медалін еншілеген адам қуанбай қайтеді. Сондай-ақ әлем чемпионы, Әлем кубогының иегері, Еуропа чемпионатында гимнастиканың барлық түрінен жеңімпаз атанған екі қыздың (екіншісі Елена Шушунова) бірі – осы Люда. Қазірдің өзінде оның жетістігін ешкім қайталай алған жоқ.
Людмила Турищева – Грозныйда туған чешен ұлтының өкілі. Ол кеңестік гимнасшы Лариса Латынина сияқты Олимпиададан күреп медаль алмаса да, румыниялық майталман Надя Команечи секілді жаңа элементтің авторы атанбаса да атақ-даңқы олардан кем емес.
Алғаш Мехико Олимпиадасында (1968) алтын медальдің дәмін татқан Люданың жетістігі тым жедел өсті. Ол 1970 жылғы әлем біріншілігінде барлық элемент бойынша үздік көрсеткішке ие болса, осы жетістігін Еуропа чемпионатында тағы қайталады. Жалпы, Турищеваның есебінде: Олимпиадалар, әлем, құрлық біріншіліктері мен үлкен турнирлерден жеңіп алған 137 медаль бар екен. Осылардың ішінде: Олимпиадалардың 9 (4 алтын, 3 күміс, 2 қола), әлем чемпионаттарының 11, Еуропа чемпионаттарының 14 медалі бар.
Достары һәм әріптестері оны «Темір Турищева» деп атайды. Бұл – оның қажырлығы мен қайраттылығына берілген баға. 1975 жылы Турищева Лондон қаласында Әлем кубогы жолында өнер көрсетіп жатты. Кенет ырғалып тұрған қолтық ағаш (брусья) күтірлеп сына бастайды. Люда еш саспастан барлық элементтерін толық орындап, көрерменге иіліп сәлем жасайды. Дәл осы сәтте қолтық ағаш опырылып түсіпті.
1972 жылы жалауын көтерген Мюнхен Олимпиадасынан кейін көпшілік Турищева спорттан кететін шығар деген ойда жүрді. Өйткені, алда болатын Монреаль Олимпиадасына дайындық кезінде қатты жарақаттанып қалды. Бір жылдай емделуге тура келді де, Олимпиадаға санаулы айлар қалғанда жаттығуға кірісті. Людмила медаль алады деп ешкім үміттенбеді. Бірақ «Темір Турищева» темірдей мінез танытып, Олимпиаданың 4 дүркін чемпионы атанды.
Соңғы Олимпиададан кейін Людмила спортты доғарды. 1977 жылы атақты желаяқ, Олимпиаданың екі алтын, бір қола медаль иегері Валерий Борзов екеуі шаңырақ көтерді. Мюнхен Олимпиадасы кезінде екі жас жасындай жарқылдап көзге түскен болатын.
Жұбайы Валерий Борзов та спорттық жолына нүкте қойған соң Украинаның жастар одағын басқарды. Соңынан елдің спорт министрі болды. Ал Людмила болса, бір кездері Украинаның гимнастика федерациясының президенті міндетін ойдағыдай атқарды. 1980-жылдардың басында Халықаралық гимнастика федерациясының спорттық гимнастика түрі бойынша техникалық бақылау бөлімін басқарды. 1998 жылы ХОК-тің (Халықаралық Олимпиада комитеті) мәртебелі марапаты «Спорт және әйел» сыйлығының иесі атанды.
Қазір Людмила мен Валерийдің қызы Таня көркем гимнастикамен айналысып жүр.