Есіңізде болар, ана жылдары әлемдік теледидар ел қызығатындай талай тамаша дүниелерді бір шетке ысырып қойып, тұмсығы сорайған, жағына пышақ жанығандай жүп-жүдеу «қара шалдың» мұхит тереңінен түсірген репортаждарын күн құрғатпай бірінен соң бірін көрсетуші еді ғой. Сол ғажап ленталар әліге дейін көз алдымызда. «Шалдың» аты-жөні – Жан Кусто, атақты мұхит зерттеушісі. Оның ұлтына, қайда дүниеге келгеніне жұрт қызықпайтын. Қызығатыны – мұхит түбіндегі кереметтерді еш боямасыз, қаз-қалпында түсірген кино туындылары.
Бір адам әзер сыятын ауа толтырылған қобдишаның ішіне кіріп, қолынан кино аппаратын тастамаған күйі көрерменге күле қарап, дәп бір өз еркімен ажалмен арпалысқа бара жатқандай мың метрлік тереңдікке сүңгитін Кустоның сол жанқиярлық ерлігін өкінішке қарай, бүгінге дейін ешбір жан толық мағынасында қайталай алған жоқ. Өзі дүние салған соң ол істі ұлы жалғастырмақшы болған-ды, бірақ Кустодай шеберліктің шыңына шығу қайда?!
Құрлықта кино түсіру мен мұхитта кино түсірудің айырмасы жер мен көктей. Сан түрлі балықтар тіршілігі еріксіз көз арбайды. Балық демекші, дүниежүзілік атақ пен абыройға кенелткен Э.Хемингуэйдің «Шал мен теңізінде» де акулаларға байланысты эпизод бірінші планда-тын. Иә, иінін тапсаңыз, балық пен теңіздің жыры жуық маңда таусылмайды.
Жақында осы жылғы «Жұлдыз» журналының 8-санынан жазушы Қуаныш Жиенбайдың «У мен уылдырық» атты повесін оқығанда осы жайлар ойға оралды. Біздің пайымдауымызша, Қуаныш өз тақырыбын тапқан, замандастарымыздың тыныс-тіршілігін, қоғам мен адам, адам мен табиғат арасындағы байланысты, одан туындайтын күрделі мәселелерді майдан қыл суырғандай дәлдікпен оқырманға ұсынып жүрген белгілі қаламгер. Жазушының барлық шығармаларында дерлік тартылған теңіз тағдыры, атамекенді қия алмай кешегі су шайған жағалауды бүгін құм басса да, мейлі өлместің күйін кешсе де, ешкімге мұң шақпайтын қайсар жүректі балықшылар әулеті туралы сөз болады. Тақырыпқа әртүрлі қырынан келеді. Өзі сол өңірдің перзенті болған соң теңіз бетіндегі емес, теңіз асты жағдайларын да жақсы біледі.
Балық та біздің байлығымыз. Күнделікті дастарқандарынан балық өнімдері үзілмейтін жапон халқының ұзақ өмір сүретіндігі баршамызға аян. Соңғы уақытта біздің үкіметіміз де балық өнімдерін көбірек тұтынуға көңіл бөлуде. Сөзіміздің келер жағында жазушы кейіпкерлерінің дені қарапайым адамдар болып келетіндігін айтқанбыз. Ал «У мен уылдырықтағы» басты герой – Есберген жерлестеріне мүлде ұқсамайтын тосын бейне. Сол секілді шығарманың сыр-сипаты да күрделі. Әрі мұндай тақырып қазақ әдебиетінде бұрын-соңды кезікпеген. Есберген әншейін қара көбейтіп жүрген қалың тобырдың бірі емес, бірегейі. Қаршадайынан су астына сүнгіп, дем алмастан тірлік кешуді үйренген. Кәдімгі «қос мекенді» адам. Ауа толтырылған скафандрды иыққа іліп, тыныс алуға қажетті құрал-жабдықты іздеп жатпайды. Кез келген жағдайда суға сүңгуге тас түйін дайын. Ал мұндай сирек бітімді тұлғалы азамат мемлекеттік құпиялы тапсырмаларды орындауға да таптырмайды. Есберген көп жұрт біле бермейтін әрі төтенше жағдай туындағанда қай өңірде жүрмесін сол сәтте, сол объектіден табылатын сұңғыла суға сүңгуші водолаз. Баренц, Охот теңізінде батқан кемелердің қазына-байлығын сыртқа шығаруға атсалысқан. Оның Норвегия, Ресей, Балтық бойындағы үлкен қалаларда тұратын әріптестері амандығын біліп, жиі-жиі хабарласып тұрады.
Біздің түсінігімізде Есберген нағыз «әлем адамы». Бірақ ол әлдекімдер секілді жылтырақ жарнамаға жоламайды, «мен сондаймын, мені біліп қойыңдар» деп кеуде ұрғылауға жаны қас. Сәл жұпынылау аудан орталығында тұрып, жұртпен бірге күнделікті нәпақасын тауып жүрген біртоға пенде. Әйтсе де өзінің ерекше «мамандығы» қажет болғанда жеке басын күйттеп, бұғып қалатын жан емес. Жазушы кейіпкер характерін күрделі оқиғалар сахнасында, біздің қаперімізге келмеген, келмек түгілі «солай болуы да мүмкін-ау» деп санаға да сіңбеген ситуациялар арқылы жан-жақты аша білген. Есбергенді тосыннан табылған олжа деуіміздің себебі осында.
Арал теңізінің жағалауында өмірге келгені былай тұрсын, Есберген теңіздің кешегі һәм бүгінгі ахуалының көзі тірі куәгері. Теңіздің атамзаманғы бет-бейнесі келмеске кеткен. Енді өзімізге тиесілі Сырдарияның болмашы суын қасықтап жинап, Кіші теңіздің деңгейін түсіріп алмасақ, соған да шүкіршілік. Мына қырсыққа қараңыз, талай жылдан бері «Арал – ғасыр проблемасы» деп келіп, Бүкіләлемдік банк молынан қаржы беріп тұрғанда Көкарал бөгетін көзбе-көз төрт метрге төмен салдық. Соның салдарынан теңіз табанына жиналған су бөгеттен сыртқа құлап, айдын шалқарды портты қалаға жеткізбей әлек. Кіші теңіздің кенересі қашан толары белгісіз.
Кіші теңіздің табиғат заңымен емін-еркін көсіліп қанат жаюына, айналасындағы көл-көлшік суға толып, «қаз ұшып, үйрек қонуына» қысастық жасап, болмашы балық-шабағына қомағайлана кірісіп, жан-жақтан талап жатқандығымызды несін жасырайық. Жә, атакәсіп жаңғырсын, ел-жұрт несібесін айырсын, бірақ ұлтанына әлі балдыр өсіп жетілмеген, бауырындағы балығы әлжуәз, жаңа ғана қолдан тірілтіп алған теңіздің дәл осы таңдағы аянышты қаліне жанашырлық танытып жүрген кім бар?! Жаңбырдан соңғы саңырауқұлақтай бірнеше балық зауыты дереу ірге көтерді. Оларға күн сайын тонналаған балық керек. Алақандай теңізді лицензиялап, бірнеше іскер азаматтар пышақ үстінен бөліп алған. Ұрандары: «балық, балық әкел!» Кез келген тұстан киіп-жарып, жасырынып балық аулайтын жырынды браконьерлер қаншама! Міне, мұндай ауырлықты белі бүгілмей, «маңдай тері тырыспай» жасанды теңіз шыдас беріп, қашанғы көтере алады?!
Есберген азаматтық тұлғасын осы тұста танытады. Жасырын балық аулаушылармен де, «мемлекеттік жоспарды асыра орындаушылармен» де екі білегін сыбанып, айқасқа шығады. Кейіпкердің табиғатқа жанашырлығы біздің өңіміз түгілі түсімізге кірмеген – тың, тосын әдіс-тәсіл. Ақбөкенді түнде прожектор жарығымен аулайды дегенді естігенбіз, енді мінекей, балықты да сөйтіп аулайтындығы былай тұрсын, у шашып, қытайы тормен тұзақтайтыны күн сайын тұс-тұстан дүңк-дүңк естіліп жатады. Мұндай сұмдықты естіген Есберген жынданып кетуге шақ қалады. Жасы жер ортасына таяса да бойдағы күш-қуатын жинап, әлгіндей табиғатқа жасалған айуандықтың жолына тосқауыл қоюға тырысады. Су астына сүңгіп аудың көзін тоз-тозын шығара қиып, балық өрісіне жол ашады; балық шоғырын улы аймақтап қақпайлап әрі әкетеді.
Бұл – табиғатқа жасалған үлкен қамқорлық еді. Жағалаулықтар Есбергеннің туған жерге асығыс қоныс аударғанын көрсе де, оның арғы астарында қандай мақсат жатқандығын түсінбейді. Бір жолы мұз үстінде браконьерлер мен саудагерлер масайрап, өздерінше есебіміз түгелденді ғой деп тойлап жатқан тұста су астымен жүзіп келген Есберген сол тұсқа динамент қойып, жарып жібереді. Зәрелері ұшып, жан-жаққа тырағайлап қашқандар енді қайтып бұл маңға жоламайды. Ауылдың ақсақал-қарасақалдарына да Есберген жүріс-тұрысының сырын ашпайды. Су астына сүңгитін себебі, балықтың сағағына жабысқан түймедей дәрі іздеп жүр-міс. Ол дәрі кісіні қартайтпайды-мыс...
Жазушы бұл эпизодты да өмір шындығымен жымдастыра білген. Есберген мен пошташы келіншек Жібек арасындағы сезім тебіреніске толы. Әдемі сүйіспеншілік иірімі өзінше өріс тапқан. Арадан талай уақыт босқа өтсе де Есберген ақырында сөзіміздің басында мысал еткен Кустоның тірлігін қайталайды: мен неге о шалдан сорлы болуым керек деп, іштей сілкініп, көктем айларында өлгенін білмей жанталасып, жағалауға уылдырық шашуға шығатын балықтар әлемін киноға түсіреді.
«Жұлдыз» журналы шынтуайтына келгенде, біздің «Дружба народов», «Новый мир», «Роман-газетамыз» ғой. Баяғыда 200-300 мың данамен тарайтын әдеби журналдың пәсін сәл түсіріп алдық. Оның себеп-салдары шашетектен. «Жұлдызға» шығу – жұлдызға жетумен бірдей. Бір кезде осындай да түсінік қалыптасқан-ды. Жазушы Қуаныш Жиенбайдың журналдағы аталмыш дүниесін жеке кітап деп қабылдағанымыз жөн. Түптеп келгенде, табиғатқа жаһандық тұрғыдан жанашырлық жасаған Есберген – біз іздеп жүрген әдебиетіміздегі тосын бейне.
Толыбай АБЫЛАЕВ,
ақын, Жазушылар одағының мүшесі
Қызылорда облысы