Көктемі кеш келіп, күзі ерте түссе де Алтайдың табиғаты ғажап. Мұнда тамыздың орта шеніне қарай күздің лебі сезіле бастайды. Таң сыз бере оянып, тысқа шықтыңыз делік. Сап-салқын саф ауа ұйқыңызды шайдай ашады.
Алшаңдай басып келе жатып Алтайдың ақ бас асқарына, құзар шыңдарына міндетті түрде көз жібересіз. Қарап тұрып тәкаппарлығына, сұлулығына таңғаласыз. Байқайсыз ба, көтеріліп келе жатқан күн жерге шуағын шашпас бұрын, алдымен Алтайдың маңдайын жарқыратады. Мұншалықты сұлу етіп жаратқан құдайдың шексіз құдіретіне қайтіп қана бас имейміз?!
Қараңыз, самырсынды белдеуі ғана реңін сақтап қалған. Етегіндегі қалың жыныс мың түрлі түске боялып үлгерген. Ал аяғыңыздың астындағы жайқалып тұрған жасыл шөпті бозқырау шалыпты.
Алтайдың табиғатына қарай ауа райы да ерекше. Төбеңнен күн қазір шақырайып тұрса, қазір-ақ қара бұлт торлап, селдете салады. Қызық, таулы жердің жаңбыры да ауылды алалап жауады. Көшенің бір басы лай теңіз болса, аяқ жағының шаңы шығып жататын.
Әдетте күздің жаңбыры апталап сібірлейді. Көбінесе арты қарға ұласып, жер бетін тобықтан ақ ұлпа басады. Түс қайта етектегі қар ерігенімен, таудың басы міз бақпайтын. Осымен ауылға қыс түсіп қалмасын білесіз. Өлара уақыт. Кейбір жылдары қазанның ортасына қарай күн қайта жылынып, мизамшуақтанады. Күн көзі шығып тұрғанмен, өзен-көлдердің жиектеріне қабыршықтана мұз қатар еді. Күздің шуақты күні әрі кетсе екі аптаға созылады. Бір күні дауыл тұрып, алтынға малшынған ағаштарды жалаңаштайды. Сүрең тартқан қара күз дегеніңіз сол еді. Арғы жағынан қылышын сүйретіп қыс келе жатады.
Шығыс Қазақстан облысы