Тағы да күз. Сағыныш мезгілі. Бұл әдеттегідей сағыныш емес, бояуы басқа, болмысы бөлек сурет. Мекенжайсыз сағыныш. Саудыраған жапырақтар. Сарыжалқын сағым. Нәзік ностальгия. Әлдебір әуен жаныңызды еліте ме? Мүмкін, вальс билегіңіз келетін шығар. Онда «Bésame mucho»-ны қосыңыз. Көңіліңізде құйылған шердің сабасы ақтарылсын.
Бұл ән – жастық шақтың сәлемі. Сізді баяғы албырт күннің аспанына қайта ертіп апарады. Өткен ғасырдың естелігін маңғаз шолып отырып, сарғайған граммофонға жайғасқан ескі пластинкадан өзіңіздің баяғы дауысыңызды естисіз. Күйтабақта ойнаған таныс һәм бейтаныс музыкадан арманға толы көктемнің жұпар лебі еседі. Сұлуды сүйем деуге бата алмай, ең шешуші сәтте тіліңді тістеп тұрып қалған аңғал кейпің, ақжүрек көңілің бәрі-бәрі бір-бірімен байланысып, жүрегіңді толқытады. Бойжеткенді би кешіне шақырып алып, билей алмай кеткен жігіттің күйіне түсесіз. Жан қалтаңыздан түспейтін ғашықтық хатты иесіне беруге оқталған мезетте, тартпаңызда тарс ұмытып кеткеніңіз де ойыңызға оралады. Сол күні көзіне тік қарауға бата алмай, ұрлана қарағаныңыз. Осылай әуезді әуеннің ырғағына балқып отырып, ұмыт қалған сәруәр сәттерді кинолентадай қайта бір шолып өтесіз.
Әлемді өзіне еліткен әннің құдіреттілігі. «Bésame mucho» – «Бесаме мучо». Төрткіл дүниені баурап алатындай бұл туындының нендей қасиеті бар дейсіз ғой. Шартарапты шыр айналған композицияның шығу тарихы тіпті қызық. Сенсеңіз, «сүй мені» деп жырлаған мексикалық қыз Консело Веласкес сол кезде әлі сүйісіп те көрмеген екен. Махаббатқа осыншама мән бергені содан да болар. Ару қыз католиктік монастырь мектебін бітірген бетте, барлық бос уақытын тек шығармашылығына арнайды. Автор испан композиторы Энрике Гранадостың фортепьянода ойнаған пьесасын тыңдап, қатты әсерленеді. Сол сұмдық әсерден арыла алмай 1940 жылы өзінің 20 жасқа толған туған күнінде жаңа ән өмірге келеді. Ең ғажабы, аталған туынды екінші дүниежүзілік соғыс кезінде өте танымал болып, ерін майданға аттандырған қыз-келіншектерге күш-қуат сыйлаған екен. Олар осы әнді қайыра қосып, сүйгендерін ұзақ сапардан сарыла күткен көрінеді.
Әннің атауы негізгі мазмұнын сақтай отырып, әр тілде әртүрлі аударылған. Біз «Шексіз сүй мені» деп атадық. Музыка сыншылары XX ғасырда ең көп орындалған екі ән болса, соның бірі «Bésame mucho» екенін жазып та, айтып та жүр. Олай демесі бар ма? Әлемнің 20 тілінде орындалған әннің әлі өмір сахнасынан түспегені оның асқақтығынан хабар беретіндей.
Ән жарыққа шыққан соң Консело Веласкес әуені мен мәтінін біріктіріп, өзі туып-өскен Гвадалахара қаласындағы радиоға жібереді. Тыңдармандар туындыны бірден жылы қабылдап, авторды радиостансаға марапаттау үшін шақырады. Әйтсе де тумысынан өте ұяң қыз сыйлықты алуға құрбысын жібереді. Оның бұл әрекетіне католиктік тәрбиесі себепші болса керек. Басында елдің бәрі әннің иесі құрбысы екен деп жүргенімен, артынан шындық ашылады.
Иә, Мексика ұлттық консерваториясы түлегінің испан тілінде жазылған лирикасы Латын Америкасын аттап өтіп, дүниені тамсандырарына о баста ешкім сенбепті. Бірақ, уақыт ұлы шығарманы өз биігіне көтеріп, дәуір алмасса да қоғам жадына мәңгі құйды.
Әннің тұңғыш орындаушысы Эмилио Туеро еді. «Бесаме мучоның» алғашқы жазбасынан оның дауысы естіледі. Алайда кубалық болеро жанрында жазылған композиция чилилік әнші Лучо Гатиканың репертуарына енген кезде шынымен танымал бола бастады. 1944 жылы америкалық әнші Джимми Дорси орындап, АҚШ-та хитке айналдырды. Әрбір әнші өзінің дауыс диапазонына сәйкес әртүрлі стильде орындады. Мәселен осы тұста Пласидо Доминго, Андреа Бочелли, Хосе Каррерас сынды өнер тарландарын түстеп кетпесек болмайтындай. Ол ол ма әйгілі «The Beatles» тобы концерттерінде жанды дауыста орындап, тіпті түрлендіріп әкетті. Сол заманда романтиктің образын сомдаған Элвис Пресли мен әнге сиқырлы сезім реңкін берген Фрэнк Синатраның орындауында ел есінде мәңгіге сақталды.
Көп ұзамай аталған композиция «Үш атты» дисней анимациялық фильмінің саундтрегіне айналды. Одан кейін 1980 жылы «Мәскеу көз жасына сенбейді» кинокартинасында тыңдармандармен қайта қауышып, кеңес идеологиясының кәдесіне жарады. Мексикалық Лос Панчос тобының нұсқасында жол тартқан туынды, қазақ даласында да өз қолтаңбасын қалдырып кеткен еді.
Өмірінің соңынан дейін композитор Консело Веласкес әннің неліктен қоғам санасында дүмпу туғызғанын түсіндере алмай кетті. Тек әлдебір сұхбатында, әннің құбылысы туралы «Орынсыз тілектің әуендегі көрінісі» деп, жүрекжарды сөзін айтқан екен. Содан кейін жасампаз ән жалынды махаббаттың символы ретінде би кештерінде жиі шырқалды. «Bésame mucho» биі – бұрымдының бозбалаға айта алмай кеткен ғашықтық сезімінің қойылымы іспетті. Қисынсыз қыз тілегінің қимылға ұласуы қандай ғажап дерсіз. Тағы бір тыңдаңызшы!