Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі парасаттылық идеологиясын ілгерілетудің жаңа әдісі ретінде еліміздің қалалары мен ауылдарының орталық көшелеріндегі көпқабатты үйлердің қасбетіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы муралдар салу туралы бастама көтерді.
Авторлардың пікірінше, сыбайлас жемқорлыққа қарсы муралдар дұрыс мінез-құлық үлгілерін қалыптастыруға, дұрыс әрекеттерді жасауға шақырады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы алғашқы мурал осы жазда Алматы қаласында пайда болды.
Бүгінгі таңда жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен қалалар мен аудан орталықтарындағы көпқабатты үйлердің қасбеттерінде 35-тен астам өзекті арт-жоба орналастырылған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы муралдардың негізгі тақырыбы ретінде ұлы тұлғалардың бейнелері мен парасаттылыққа, әділеттілікке және патриотизмге шақыратын сөздері мен ойлары алынған. Мысалы, Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла!», «Адал жүріп, адал тұр!» сияқты қанатты сөздері мен көркем бейнесі Талдықорған, Үшарал, Сарқан, Текелі, Орал, Рудный қалалары мен Өтеген батыр кентіндегі биік үйлердің қабырғаларын безендіріп тұр.
«Екінші ұстаз» саналатын Әл-Фарабидің Нұр-Сұлтан, Қостанай және Талдықорған қалаларының орталық көшелерінде адалдық пен адамгершілік қасиеттерді сақтауға шақырған бейнелері салынған.
XII ғасырдағы ұлы дала ойшылы Қожа Ахмет Ясауи бейнесі мен оның тағылымды сөздері Түркістан қаласының және осы облыстың бірқатар елді мекендерінің көрнекі тұстарына ілінген.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы осындай арт-жобалар Шымкент, Көкшетау, Ақтөбе, Атырау, Тараз, Павлодар және Қаражал қалаларында да орналасқан.