• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 19 Қазан, 2020

Әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған халықаралық форум өтіп жатыр

319 рет
көрсетілді

Нұр-Сұлтан қаласында ұлы ойшыл, ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған "Жібек жолында өркениеттер үндестігі" атты халықаралық форум өтуде, деп хабарлайды Egemen.kz.

Форум Халықаралық Түркі академиясы Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық Комиссиясы мен ЮНЕСКО жөніндегі Иран Ұлттық Комиссиясының қолдауымен онлайн режімде өтіп жатыр.

Жиында сөз алған Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев биыл тәуелсіз Қазақстан үшін ерекше тарихи жыл екенін айта келе жаһандық пандемия жағдайы мен әлемдік экономикалық дағдарысқа қарамастан адамзат тарихында өшпес із қалдырған ұлы тұлғалар Абайдың 175 жылдығын, ұлы ойшыл, философ Әбу-Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығын, ұлы қоныс Алтын орданың 750 жылдығы мен биыл тәуелсіз елдер достастығының мәдени астанасы мәртебесіне ие болған Шымкент қаласының 2200 жылдығын атап өтуге қолдау көрсеткен барлық халықаралық ұйымдар мен шетелдік әріптестерге ризашылығын білдірді.

"Бұл жобалар біздің ұлы тұлғалар алдындағы қарызымыз, өскелең ұрпақ алдындағы парызымыз деп білеміз. Соның ішінде биылғы мерейтой жылында біздің жерлесіміз әл-Фарабидің мұрасын, оның әлемдік өркениеттегі орнын айқындау, әл-Фарабиді ұлттық бренд ретінде ілгерілету бойынша біршама жұмыстар атқарылды. Жыл бойы әл-Фарабидің қоғамдағы ғылымның рөлі, ізгілік, этикалық кемелдік туралы идеяларына негізделе отырып, халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейлерде қоғамдық саяси әлеуметтік экономикалық, салалық, кәсіби кешенді іс-шаралар жүзеге асырылды. Атап өтер жайт Фараби бабамыздың парасатты ғұмыры бүгінгідей жаһандану заманында жас ұрпақты бәсекеге қабілетті етіп өсіру жолында үлкен үлгі, өнеге", - деді Қ.Көшербаев.

Жиынға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, Иран Ислам Республикасының Ғылым, зерттеулер және технология министрі Мансур Голами, Қазақстанның Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Қазақстанның Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, ИСЕСКО Бас хатшысы Салим Әл-Малик, Ислам Ынтымақтастығы ұйымы жанындағы ғылым-технология жөніндегі тұрақты комитеттің (COMSTECH) директоры Мұхаммед Икбал Чаудари, Түркия Республикасы Президентінің Бас кеңесшісі Ялчын Топчу, және тағы басқа іргелі халықаралық ұйымдардың жетекшілері, Ұлттық комиссиялардың басшылары, қоғам және мемлекет қайраткерлері, ректорлар, Ғылым академияларының жетекшілері, дипломаттар, белгілі фарабитанушы ғалымдар қатысып жатыр.

Айта кетейік, форум әлемнің алты тілінде ілеспе аудармамен аударылып, әлеуметтік желілер арқылы тікелей көрсетілуде.