• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 20 Қазан, 2020

Демографиялық өсімге не кедергі?

3020 рет
көрсетілді

Бүгінде халқымыздың саны 19 мил­лионға жуықтады. Алайда бұл көрсеткіш қарқынды өсімнің нәтижесі емес. Халық санының өсуінің қазіргі деңгейі қолда бар мүмкіндігімізге сәйкес келмейтінін мо­йындауымыз керек.

Қыбырлаған қыр асады демекші, еліміздің амандығы, жұртымыздың тыныштығы арқылы санымыз жыл сайын көбейіп келеді. Дегенмен, бұған тоқмейілсуге әсте болмайды. Өйткені халық саны қарқынды түрде артып отырған жоқ. Бұған не себеп? Мұның басты себебін, яғни осы саладағы мүмкіндігіміз бен әлеуетіміздің жоғары нәтижесін көре алмауымыздың сырын қоғамға етене таныс көптеген кедергінің алдымызда мызғымай кесе көлденең тұрғанынан іздеуіміз керек.

Енді жоғарыда аталған кедергінің бірқатарына тоқтала кетсек.

Қазіргі таңда экономикалық және демографиялық белсенді топ өкілдерінің шетелге тұрақты тұруға көшіп кету үлесі кейінгі жылдары біртіндеп артып отыр. Елге келушілерден басқа мемлекетке қоныс аударушылардың саны анағұрлым көп, бұл жағдай кәдімгі табиғи көші-қон үдерісіне мүлде ұқсамайды. Аталған жайт ел демографиясына оңай соққы еместігі белгілі. Бұл өз кезегінде көші-қон саясатын жетілдіру арқылы демографиямызға оң ықпал ету қажеттігін ұқтырады. Бұл жерде шетелге тұрақты тұруға көшіп кетушілердің негізгі бөлігі тарихи отанына оралушылар емес, өзіміздің қаракөздер екенін ескере отырып, мәселеге мемлекеттік деңгейде талдау жасап, себептерді анықтап, тиісті жұмыстар жүргізілуі, дәлірегі басқа елге қоныс аудару­шы қандастарымыздың санын едәуір төмендету амалдарын қарастыру маңызды.

Бұдан бөлек, жол көлік оқиғаларынан, құрылыс нысандарында болған келеңсіз жағдайлардан қаза тапқан, не денсаулығын нашарлатып алған азаматтарымыздың көп­тігі де демографиялық өсімімізге кері әсерін тигізуде. Сондықтан осы мәселеге де жоғары деңгейде мән берілуі тиіс.

Сондай-ақ демографиялық белсенді жас отбасыларды әлеуметтік-экономикалық, рухани қолдаудың, қоғамға бейімдеу жұмыстарының және басқа да мәселелер бойынша көтермелеу шараларының әлсіздігін, уақыт талабына сәйкес келмеуін, содан келіп жас отбасылар арасында ажырасу деңгейінің көптеп орын алып отырғанын халық санының өсіміне кесірін тигізіп отырған басты түйткіл деп айтуға болатындай. Бұған атқарушы билік, ғалымдар, азаматтық қоғам, БАҚ ұлттық қауіпсіздік мәселесі ретінде қарастыруы қажет-ақ. Өйткені ажырасу мәселесіне қатыс­ты статистика жағдайдың өте нашар екенін анық аңғартады.

Британиялық The Economist басылымының әлемдік рейтингінде Қазақстан некенің бұзылуы саны бойынша 10-орында тұр. Бұған келіспеуге лажымыз жоқ секілді. Себебі кейінгі 10 жылдың ішінде 1,5 миллионға тарта ажырасу фактісі тіркеліпті. Бұған не айтуға болады? Әділет министрлігінің мәліметіне қарасақ, 2016 жылы 140 840 неке тіркеліп, 51 775 неке бұзылса (36,8%), 2017 жылы 141 785 неке тіркеліп, 54 948 неке бұзылыпты (38,7%), ал 2018 жылы 138 876 тіркеліп, олардың 54 859-ы бұзылған (39,5%). 2019 жылы 139,5 мың неке тіркеліп, 59,8 мың жұп ажырасқан. Бұл елімізде жыл сайын ажырасу саны көбейе түскенін, әрбір үшінші неке бұзылатынын білдіреді.

Айналып келгенде, бұл сандар елімізде толық емес отбасылар көбейіп, желкілдеп өсуі тиіс талай бала тірі жетім болып қал­ға­нын көрсетеді. Ажырасқандардың 80 па­йы­зынан астамының ортақ балалары бар. Ал ата-анасының ажырасуы салдарынан балалардың психологиялық зардап шегетіні бөлек әңгіме.

Елімізде ажырасу фактілерінің көптігін, оның себебі мен салдарын халық біліп отыр. Бұл жөнінде мәліметтерге қанық жастарымыздың көпшілігі келешекте отбасы құруға қорқақтап, жеке өмір сүру жолын таңдауға бет бұрса, түйткілдің төресі сонда болады. Өз еркімен жалғызбастылықты таңдағандар қатары артса, еліміздің келешегі не болмақ?

Біз дәл осы мәселеде, дұрысы ажырасу деңгейін барынша төмендетуге қатысты тиімді шешім қабылдамасақ, демографиялық өсімнің төмен деңгейінен аспаймыз. Себебі әрбір отбасының ажырасуы ел демографиясына төнген қауіп.

Жалпы, демографиямызға қатер төнді­ретін кез келген мәселе өз шешімін табуы керек. Біз үшін өз халқымыздың санын қар­қынды түрде арттыру – ұлттық қауіп­сіз­дігімізді нығайтудың, ел мен жердің тұтас­тығын сақтаудың негізгі жолы.