Шығыс Қазақстан облысының халқы арасында COVID-19 коронавирус инфекциясының алдын алу үшін шектеу шаралары енгізілді.
Облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің орынбасары Гүлайым Тагаева өңірдегі коронавирус инфекциясы бойынша санитариялық-эпидемиялық ахуалды саралай келе, балалар арасында да сырқаттанушылық жағдайларының тіркелуін анықтаған. Соңғы мәлімет бойынша, Нұр-Сұлтан қаласында 19 жағдай тіркелсе, Шығыс Қазақстан облысында 11 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған.
«Шығыс Қазақстан облысының аумағында 2020 жылғы 17 қазандағы сағат 00.00-ден бастап 2020 жылғы 31 қазандағы сағат 00.00-ге дейін шаруашылық және (немесе) өзге де қызметпен және халықтың тыныс-тіршілігінің ерекше жағдайларымен шектеу шаралары енгізілсін» деп жазылған қаулыда.
Қаулыда көрсетілгендей, шектеу іс-шараларының режімі мен мерзімі облыс аумағында COVID-19 коронавирус инфекциясының таралуы бойынша ахуалдың өзгеруіне сәйкес қайта қаралуы да мүмкін.
Енді отбасы мүшелерін қоспағанда, көпшілік демалатын орындарға жеке немесе 3 адамнан аспайтын топпен ғана баруыңыз керек. Сондай-ақ сенбі, жексенбі, мереке күндері жүріп-тұруға шектеу қойылды. Яғни ойын-сауық, спорттық іс-шараларды, митингілерді, көрмелерді, форумдарды, сонымен қатар отбасылық той-томалақты, ас беруді өткізу шектелді.
Ал облыс аудандары мен қалалары арасында қалааралық автобус жолаушылар тасымалының жұмыс істеуіне тыйым салынды. Елді мекеннің ішіндегі қоғамдық көліктерде жүргізушілер, кондукторлар және жолаушылар міндетті түрде маска тағулары қажет. Көлікте маска киюді тасымалдаушылар мен кондукторлар қадағалайды.
Қаулыда көрсетілгендей, жабық базарлардың жұмысы сағат 17.00-ге дейін болса, ашық жерлердегі базарлар 18.00-ге дейін жұмыс істейді.
Медициналық орталықтар, стоматологиялар, автожуу орындары, автомобильдерге техникалық қызмет көрсету және жөндеу стансалары, тұрмыстық техниканы жөндеу орындары және халыққа қызмет көрсететін басқа да мекемелер санитарлық талаптарды сақтай отырып қызметтерін жалғастыра береді. Жұмыстарын жуықта ғана бастаған театрлар да жабылмайды. Тек келушілер 50 адамнан аспауы керек. Оның өзінде шахмат тәртібімен ара қашықтықты сақтап отырады.
Алда-жалда респираторлық инфекцияның алғашқы белгілері пайда болса, медициналық ұйымға бармай-ақ, жедел медициналық көмекті үйге шақырғаныңыз абзал.
Ескерте кетерлігі, облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысы аясындағы шектеулердің барлығы құзырлы органдардың қадағалауында болады. Егер санитарлық талаптар бұзылса, шара қолданылады.
Шығыстағы шектеу шараларына қатысты толық мәліметті www.gov.kz сайты арқылы облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің парақшасынан көруге болады.
Шығыс Қазақстан облысы