• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Қазан, 2020

Шығысқазақстандықтар қарияларды қуантты

461 рет
көрсетілді

Үлкенге құрмет, кішіге ізетпен қарайтын елдің ұрпағы қарттарға қамқорлық жасаудан жалыққан емес. Жуықта Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары қаладағы қарттар үйіне барып, қарияларды қуантып қайтты, деп хабарлайды Egemen.kz

Қарттар үйі негізінен "Хан тәңірі" шаңырағымен әлеуметтік серіктес. Назарбаев Зияткерлік мектебінің ішінен құрылған "Хан тәңірі" шаңырағының шәкірттері дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын "Қарттарға қамқорлық" атты жобасының аясында ақ жаулықты әжелер мен ақсақалдарға сый-сыйапат жасады.

– Екіжақты меморандум аясында жұмыс істеп келеміз. Бұл жолы біз қарияларымыздың сұрауы бойынша шытырман оқиғалы 43 дана көркем әдебиет кітаптарын сыйға тарттық. Бұдан бөлек, ісмер әжелерімізге тоқыма жібін апардық, – дейді "Хан тәңірі" шаңырағының жетекшісі, педагог-ұйымдастырушы-куратор Ақлима Мэлсқызы.    

Қарттар үйі басшылығымен ақылдаса отырып, алдағы уақытта қай бағытта жұмыс істейтіндіктері де шешілді. Ендігі жоспарға 30 түп гүл көшеттерін отырғызу мен онлайн концерт қою енгізілді. Сондай-ақ жылдың әр мезгілінде қарттар үйінің ауласына сенбілік жасау сынды жұмыстар да ойға алынды. Оқушылар қандай көмек қолын созса да карантиндік талаптардың барлығын сақтай отырып, жүзеге асады.

Оқушылардың мейірбандық танытып, үлкендерге құрмет көрсетіп жатқандарына қарттармен қатар мекеме басшылығы да риза болды.  

– Сіздермен әлеуметтік серіктес болғанымызға өте қуаныштымыз. Біздегі ата-әжелеріміз кітап оқығанды ерекше жақсы көреді. Сіздер тарту еткен жаңа кітаптар оларды үлкен қуанышқа бөлейтініне сөз жоқ.  Ал тоқыма жіптермен балалар үйінің тәрбиеленушілеріне тоқыма бұйымдарын әзірлейтін боламыз, –  деді қарттар үйі директорының орынбасары Лариса Исаева.

Балалардың көлдей көңілдеріне ризашылығын білдірген әжелердің бірі өз қолынан шыққан тоқыма бұйымын сыйға тартты.