Біз бұған дейін де әлемдік Сән индустриясының тарихынан ойып тұрып орын алған қазақ қызы туралы қалам тербеген едік. Бізге осы тақырыпқа тағы да оралудың сәті түсіп тұр. Биыл қазан айында Шанхайда «Christian Dior: Designer of Dreams» тақырыбындағы тамаша көрме табысты өтті. Көрменің басты кейіпкері – Харбинде туып, Шанхайдан Францияға 10 жасында шешесімен бірге аттанып, уақыт өте келе Еуропаның жарық жұлдызына айналған Алла Елшін еді.
Және биыл жазда карантин талаптары босаңсыған кезде Париждегі «Диор» сән үйінде «Алла – Диордың шығыс маржаны» деректі фильмі көрсетілді. Біз бұл туралы «Алла Диордың музасы» жобасын тынымсыз жүргізіп, дерек жинап жүрген Франциядағы қазақтар қауымдастығының президенті (АКФ) Берлин Иришев арқылы біліп отырмыз.
Жиырма жыл бойы әйгілі Кристиан Диордың табыс тұмары болған Алла Елшін жайлы деректі фильм көрсетіліміне Диор үйінің сарапшылары қатысып, пікір айтып, көзқарасын білдірген. Айналып келгенде жанкештілікпен еңбек еткен Берлин Иришевтің түсіру тобы Алла Елшіннің тағдырына қатысты толық тарихи әділеттілік орнатты десе де болады. Француздар Алла Қуантқанқызының қазақ екенін мойындады, қытай халқы таласқан жоқ, орыстар жиеніміз деп отыр.
«Біраз уақытқа дейін батыс баспасөзінің біздің Аллаға қатысты көзқарасы біржақты болмады. Әртүрлі әңгімелер айтылды. Алланың шын болмысын ашуға 70 жыл кетті. Бірақ уақыт өтіп, ұрпақ ауысқан сайын тарих та көмескіленіп, ұмытыла бастайды екен. Біздің Алланың да тарих қалтарыстарында ұмытылуы әбден мүмкін еді», дейді Берлин Иришев.
Өмірде кездейсоқтық деген болмайды. Алланың екінші өміріндегі шындық Францияда тұратын қазақ азаматы Берлин Иришевтің Алланың суретімен кездескен сәтінде ашылуын күтіп тұрған шығар. Біздің Берлиннің Алланың суретін Париждің бір бұрышында кездестіруі де мистикалық құбылысқа көбірек ұқсайды.
«Бірақ біздің жобамыз Алланың көзін көргендерді іздестіріп, тапты. Олардың естелігімен Алла жайлы деректер қайта жаңғырды. Біз Алла жайлы жобаны пандемияға дейін қолға алып, аяқтап үлгіргенімізге қуаныштымыз. Алланы осыған дейін тарихи мекені Қазақстанға апарып, ата-бабасының мекенімен таныстырғанымызды білесіздер», дейді Берлин Иришев.
«Алла Диор үйінде алғашқы құрылған жылы пайда болған және көпшілікті мойындатқан модель ретінде бірден подиумға көтеріле алды. Ол Кристиан Диордың маркетингтік стратегиясында басты рөл атқарып, табыс әкелгені аз айтылмайды. Алла жайлы ақиқат пікірді франциялық Джером Готье айтып, оны басқалар да қолдады. Жаңадан табылған деректер мен құжаттар бойынша көптеген сұрақтарға жауап берілді», дейді Берлин Иришев.
Қазақ қызы текті сұлулығы емес, сонымен қатар үзіліп кетердей әсер қалдыратын қыпша белімен де танымал болды. Шығармашылық мансабының бүкіл кезеңінде Алланың белі 47-49 сантиметрден айнымай, оны өзгелерден ерекшелендіріп тұрды. Сілеусін көз, қиғаш қасты қолдан жасаса да, «құмырсқа бел» Аллаға еліктеген талай аруға тек арман күйінде қала берді.
Сонымен Диордың жетекші моделін Парижге қай жазмыш жетектеп келген десеңіз, Алланың әкесі Қуантқан 1897 жылы Верный қаласында (Алматы) ауқатты отбасында дүниеге келеді. Әкесі туралы Алланың өз аузынан жазып алған шетелдік журналистер оны бір жерде «Хуанхал», енді бір жерде «Жуанхан» деп түртіп алса керек. Өткен ғасырдың 20-шы жылдары инженер мамандығын алған Қуантқан солтүстік шығыс Қытайға, жоғарыда айтып отырғанымыздай, Харбинде 1891 жылы басталған әлемдегі ең ұзын темір жолдың құрылысына аттанады. Сол жерде Алланың шешесі Тамараны тағдыр жолықтырып, өзінен 13 жас кіші, 16 жастағы жап-жас қызға үйленеді. Дүниеге келген нәрестеге Алла деген есім беріледі. Бұл ат екеуіне де ортақ болатын.
Көп ұзамай Маньчжурияда жапон интервенциясының басталуы олардың өмірін мүлде басқа арнаға бұрып әкетеді. 1935 жылы Қуантқан отбасын темір жол арқылы Шанхайға алып кетуге әрекет жасайды. Осы сапарда атыс болып, Тамараның әпкесі қайтыс болады. Ал Қуантқан әйелі мен қызын Францияға кетіп бара жатқан Норвегия кемесіне отырғызып үлгереді.
Өкінішке қарай, Қуантқанның кейінгі тағдыры беймағлұм. 1936-37 жылдары большевиктердің қолынан қаза табуы мүмкін немесе Қарағандыдағы ГУЛАГ құрбаны болды-ау деген дәйексіз болжамдар ғана бар.
Алайда Алла Қуантқанқызының өмірі туралы фактілерді жинау оңай болған жоқ. Алланың жүзін бейнелеген картиналар ғана емес, Алла туралы деректер қымбатқа сатылды. Соған қарамастан,зерттеуді тоқтатпаған шығармашылық топтың әрекетін өнерге деген жанкешті адалдық деп бағалауға болады.
Осыған дейін Берлин Кенжетайұлымен Алла Елшіннің әкесі туралы тың дерек табылғаны жайлы әңгімелесудің сәті түскен-ді. Берлин Иришев әлеуметтік желіде Қуантқан Елшіннің Харбинде болған кезі өзіміздің Қасымхан Шадияровтың да сол өңірде болған кезеңмен сәйкес келгенін жазғаны жұртқа көп ой салып отыр.
Демек, Қуантқан Елшін – Мұхамеджан Тынышбаев тәрізді инженерияны игерген санаулы қазақтың бірі. Тарихты індете қазсақ, Ресей немесе Қытай мұражайларынан ол жайлы деректердің шығуы әбден мүмкін. Сол сәтте журналистерге тән қызығушылықпен «Қуантқан Елшін мен Қасымхан Шадияровтың арасында бір байланыс болуы әбден мүмкін ғой» деп сұрағанымызда: «Әбден мүмкін. Бұл тарих. Алла Елшіннің тарихы қуғын-сүргінде шетел асып кеткен қазақ азаматтарының ұрпақтарының тағдыры. Олар жайлы әлі талай дүние жазылады. Кино таспаланады. Алла Елшін туралы деректі фильм солардың алғашқысы», деп жауап берген.
Харбин Қытай мен КСРО арасында буфер аймақ міндетін атқарып тұрған 1930 жылдары Қазақстанда Түрксіб темір жолы басталған кезде оның әсері Харбинде де болған. Демек, дәл сол кезеңде Харбинге КСРО атынан инженер ретінде аттанған Қуантқан Елшін де қазақ тарихында іздеушісі болмаған айтулы тұлға. Демек, сәтін салса алдағы уақытта Қуантқан мен оның қызы Алла Елшін бейнелері «Атаманның ақыры», «Трансібір экспресі» сынды кино-жобаға сұранып тұрған тақырып.
«Біз өз тарапымыздан ДИОР үйінің тамаша ұжымына жобаны жүзеге асыру барысында тығыз байланыс орнатып, кеңес бергені үшін алғыс білдірдік. Жалпы әлемде Сән падишалары туралы аңыз көп. Бірақ халық тек деректі құжаттарға ғана сенеді. Біз тарихи деректерге басымдық бердік. Сол себепті бізді Алланың өмір тарихын зерттеген тұңғыш топ ретінде таниды. Қуантқан мен Алла Елшін жайлы тың деректерді іздеу алдағы уақытта да жалғаса береді.
Біз тек жарқын сұлулығымен ғана емес, сонымен қатар парасаттылығымен және тапқырлығымен ерекшеленетін дарынды жастарымыз үшін шымылдық көтердік. Өздеріңізді індеттен сақтаңыздар. Біз бен сіздерді күтіп тұрған әсерлі жаңалықтар өте көп» дейді Берлин Иришев.
АЛМАТЫ