Былтырғыдай емес, халықты көмірмен қамту жұмыстары жаз кезінен бастап қолға алынғандықтан, көмір тұйықтарында ұзын-сонар кезек болмады. Халық та ерте қамданған.
Шығыста суық жылдағыдан ерте түсіп, жылу беру маусымы қыркүйектің соңына қарай басталып кетті. Өңірдегі 945 мектеп, 73 медициналық мекеме, 17 әлеуметтік қорғау және 4 837 көппәтерлі тұрғын үй жылу көздеріне толық қосылған.
Жылу беру нысандары қысқы маусымға 100 пайыз дайын. Атап айтсақ, жылу электр стансалары мен жылыту көздерінде 308 мың тонна отын жинақталған. Бұл жылда жағылатын 210 мың тонна көмір қорынан 147 пайызға асып түсті. Ал көмір жеткізу жұмыстары бекітілген келісімшартқа сәйкес толық орындалып жатыр.
Биылғы жылыту маусымына аудандар тыңғылықты дайындалды. Мәселен, Алтай ауданының Серебрянск қаласындағы жылыту стансасына жалпы сомасы 50,16 млн теңгені құрайтын ағымдағы жұмыстар жүргізілді. Ал Абай ауданының орталығы Қарауылда елді мекенді жылумен қамтамасыз ететін қазандық қайта жаңарды. Бұдан бөлек, Аягөздегі «Солтүстік» жылу қазандығына бөлінген 132 млн теңгенің 106 млн-ы игерілді. Бұл қаражатқа жылу беру ғимараты жөнделіп, «КТС-1,5 Гкал» маркалы төрт қазандық орнатылды. Сондай-ақ жылу құбырлары тартылып, екі қазандық қапталды. Халықты көмірмен қамту мәселелері толық шешілген.
«Қаражыра» АҚ бас директорының орынбасары Әсет Сыдықовтың айтуынша, жыл басында 9 млн тонна көмір өндіру жоспарланған. Алайда елдегі енгізілген карантиндік шараларға байланысты жоспар 8 млн тоннаға түскен. Ал бюджеттік ұйымдар көмір сатып алу бойынша жүргізілетін тендерлерін тамыздың ортасына қарай өткізе бастаған көрінеді. Бірақ «Қаражыра» кен орнында көмір босатудан ешқандай проблема болған жоқ. Керісінше, көмір тиеуге өтінім берілген вагондар жеткіліксіз болған көрінеді.
– «Қазтеміртранс» АҚ вагондарын жіберу жүйесіне түбегейлі өзгеріс керек сияқты. Қыркүйектің соңына қарай тәулігіне 420 ашық вагонға өтінім берген едік. Бірақ бірінші күнге 183, ертесіне 290 вагон ғана жіберді. Сөйтіп тұтынушылар алдында жоспар толық орындалмай қалуы мүмкін еді, – дейді Ә.Сыдықов.
Бірақ жылу маусымы басталмай жатып, облыстағы көмір түсіру тұйықтарына 30 мың тонна көмір жеткізілген. Босатылу бағасы қымбаттаған жоқ. Жергілікті жерлерде де көп өзгеріс жоқ сияқты. Тоннасы 16-18 мың теңгенің арасында. Алайда кейбір тұрғындар ауылдық жер үшін бұл баға қалтаға ауыр соғатынын айтады. Қыстай бес тонна көмір жағатын болса, 80-90 мың теңге кетеді екен. Ал көпшіліктің айлық жалақысы көмірге жете бермейді.
– Көмірде былтырғыдай проблема болған жоқ. Құйған айлағынан барып алдық. Тоннасы – 17 мың теңгеден. Бағасына қарай сапасы да жақсы болса ғой. Кейде сапалы көмір тиеді, кейде жетілмегенін алып келеді. Жақсысын таңдау үшін алушылар тиеушіге тиын-тебенін беріп жатады. Дегенмен, қандай көмір келсе де аламыз. Қыс қатты, – дейді Күршім ауданындағы Алғабас ауылының тұрғыны Талғат Жексембаев.
Жалпы, халыққа жеткізілетін көмірден бөлек, әлеуметтік көмір де босатылып жатыр. Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Самат Сүлейменовтің айтуынша, әлеуметтік көмірдің құны 9 050 теңгені құрады. Бұл бағамен ҰОС ардагерлері, ҰОС-на теңестірілген ардагерлер, I және II топтағы мүгедектер, мүгедек балалары бар және оларды тәрбиелеуші отбасылар, 29 жасқа толмаған жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар ала алады. Сондай-ақ көпбалалы аналар да әлеуметтік көмірмен қамтылуда.
Шығыс Қазақстан облысы