Заман талабына сай әрбір ұлттың тілі жетіліп отырады. Өткенге көз жүгіртсек, ұлт зиялылары ана тіліміздің дыбыстық жүйесін толық ашып бере алатын алфавит қабылдауды міндетке алған. Әйтсе де сан түрлі саяси көзқарастар қазақ тілінің адымын аштырмады. Әуелде араб графикасын аттап, латын қарпіне көшкенімізбен, кейін кириллицаға ауыстық.
Иә, латын қарпі демекші, 1929-1940 жылдар аралығында қазақ халқы латын графикасы негізіндегі әліпбиді пайдаланғаны әмбеге аян. Сол тұста қоғам қайраткерлері мен ұлт әдебиетінің алыптары латын әрпін тез меңгеріп, қарашаның санасына сіңіре бастады. Әдеби шығармалар, газет-жорналдар, латын алфавитінде басылып, іс-қағаздар да соған сай жүргізіле бастады. Оған дәлел, Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік архивіндегі құнды құжаттар. Онда, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов көрсетіп берген латын әліпбиінде таңбаланған жәдігерлер жетерлік.
Мұны неге айтып отыр дейсіз ғой? Бүгінде латын графикасына көшуге байланысты терминдерді таңбалау, халықаралық атауларды дұрыс жазу күн тәртібіндегі мәселеге айналды. Осыған байланысты өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы қазақ зиялыларының еңбектерінің маңызы артып келеді. Бұл тұста Қазақстанның келешектегі даму бағытын сөз еткенде, әрдайым өткен тарихын еске алып, тағылым алған абзал.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу», дей келіп, ұлттық бірегейлікті сақтау, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту қажеттігін баса айтқан болатын. Соған сәйкес ұлттық кодтың негізі болатын ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының еңбектерін, тілтанымдық мұрасын әрдайым назарда ұстауымыз қажет секілді. Себебі архивтердегі жасампаз жазбалар кәдеге жарар ақпараттардың қоймасы.
ХХ ғасырдың басында латын жазуына көшуге байланысты терминдердің жазылуы, емле мәселелері қызу талас тудырып, әртүрлі ұсыныстар болған. Енді бізге тәуелсіздікке қол жеткізіп, жаңғыру жолына түскен шақта мұрағаттарға қайта бір үңіліп, кеткен қателіктерді қайталамауға тырысу қажет. Осы орайда 1929-1940 жылдар аралығында жарық көрген сөздіктерді, ғылыми еңбектерді бір парақтап, ой елегінен өткізгеніміз абзал. Сол арқылы латын графикасына көшуде өткенімізді таразылай отырып, қай дыбыс қалай игерілгені, қосар дыбыстарды таңбалаудағы ерекшеліктер, шеттілдік терминдердің жазылуы, таңбалауда қандай ұстанымдар басшылыққа алынғаны жөнінде көп мағлұмат алар едік. Бұл тілшілер үшін де, тарихшылар үшін де таптырмас құнды дерек көзі болар еді.