Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы Жолдауында: «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес» деді. Шындығында, әртүрлі табиғи-климаттық аймақтарда орналасқан біздің ұлан-байтақ жер ресурстарымыз – бәсекеге қабілетті табиғи артықшылығымыз.
Ауылдық жерлердің бүгінгі ахуалы қандай? Онда тұратын халықтың тұрмыс-тіршілігі, әлеуметтік жағдайы қандай деңгейде? Егер 2011 жылы бізде ауыл халқының үлесі 45,4% құраса, қазір бұл көрсеткіш 41,3%-ға тең. Әсіресе оның экономикалық белсенді бөлігі үлесінің күрт төмендеуі алаңдатады. Мәселен, соңғы 10 жылда еңбекке қабілетті жастағы адам саны 4,1-ден 3,8 млн адамға дейін төмендеген және керісінше осы кезеңде зейнеткерлік жастағы адамдар 190 мыңға немесе 33%-ға өскен. Жылдан жылға халықтың ауылдық жерден көшуі өсіп келеді. Өткен жылы жарты миллионнан астам адам ауылдан қалаларға қоныс аударған.
Бұрын ауылда бала туу деңгейі қалаға қарағанда әрқашанда жоғары болатын. Ал соңғы алты жылда бұл көрсеткіш ауылдық жерлерде төмендеп кетті.
Ауыл тұрғындарының ішінде жұмыспен қамтылғандар саны 3,6 млн адамды құрайды: 2,3-млн – жалдамалы жұмысшылар, 1,3-млн – өз бетінше жұмыс жасап жүргендер. Статистика мәліметтері бойынша, 2019 жылы ауылдағы жан басына шаққандағы табыс айына 45 829 теңгені құраған (қалада – 66 207 теңге). Ал біз жүргізген сауалнама нәтижелері бойынша, ауыл тұрғындарының табыстарын бағалау одан да аз, айына – 35 349 теңге. Айта кету керек, ортақ жиынтық төлемді төлеуші 3,6 млн адамның 2 миллионы немесе 56,2%-ы ауылдарда тұрады. Сондай-ақ табысы күнкөріс деңгейінен төмен, аз қамтылған отбасылардың көпшілігі ауылдық жерлерде, олардың үлесі – 6,6%. Бұл – қалаға қарағанда 2,5 есе көп. Осылайша еліміздің кедей және күнкөрісі төмен отбасылардың негізгі бөлігі ауылдық елді мекендерде тұрады.
Ауылдық елді мекендердегі инфрақұрылымның жай-күйіне келер болсақ, онда алғашқы медициналық көмектің өзіне ауыл тұрғындарының барлығы бірдей қол жеткізе алмайды. Алдағы уақытта ауылда 150 жаңа денсаулық сақтау нысандарын (дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттер) ашу қажет. Ауылдық жерлерде клиникалық мамандықтар кадрларына қажеттілік 900-ден астам адамды құрайды, бұл ретте қалада 10 мың адамға 56 дәрігерден келсе, ауылда 16 немесе 3,5 есе аз.
Ауылдық аймақтардағы білім беру нысандарына қажеттілік 312 бірлікті құрайды, 32 мектеп – апатты жағдайында, 86-сы – үш ауысымды. Мұнда 2 240 педагог жетіспейді, бұл еліміздегі жалпы қажеттіліктің 75%-ын құрайды. Әсіресе ауыл мектептеріндегі білім беру мәселелері қатты алаңдатады. Оқушылардың жетістіктерін сырттай бағалау нәтижелері бойынша қалалық және ауылдық оқушылар арасындағы білім сапасының айырмашылығы орташа есеппен 8 балды құрайды, ал PISA нәтижелеріне сүйенсек, қала мен ауыл арасындағы білім сапасында 22-ден 37 балға дейінгі алшақтық бар. Ұлттық бірыңғай тест нәтижелері ауыл мектептерінің түлектері қалалық оқушыларынан орта есеппен 5-6 балға артта қалып отыр. Сондықтан да ауылдық жердегі орта білім беру сапасының төмендігінен көптеген дарынды балалар жоғары оқу орындарына мемлекеттік гранттар алуға ие бола алмайды. Еліміздегі 22 ауылдық ауданда, тіпті колледждер де жоқ. Осылайша ауыл жастарының бір бөлігі жоғары және кәсіптік білім алудан тыс қалуда, ал мемлекет өзінің басты байлығы – құнды адами капиталын дамыта алмай отыр.
Ауылдарда 550 мәдени нысандар, спорт залдары жоқ, 150-ге жуық кітапханалар жетіспейді. Бұл жерде айта кету керек, ауылдық елді мекендердегі мәдени-спорттық инфрақұрылымдарының даму көрсеткіштері әкімдерді бағалайтын критерийге кірмейтіні түсініксіз. Ауылдық елді мекендердің тек 64%-ы ғана орталық құбырлар арқылы ауыз сумен қамтамасыз етілген, жергілікті маңызы бар жолдардың жартысына жуығы жөндеуді талап етеді, ауылдық елді мекендердің тек 20%-ы газбен қамтылған.
Бізге берген ақпарат бойынша ауылдардың 69%-ы интернет желісіне қол жеткізе алған. Бірақ ауыл тұрғындары арасында жүргізілген әлеуметтік сауалдама қорытындысы көрсеткендей, барлық респонденттер интернеттің төменгі сапасына және оның жаман жұмыс істеп тұрғанына шағымданған. Олардың ешқайсысы да ауылда интернет жақсы істеп тұр деген жауап бермеген.
Телемедицина, қашықтан оқыту, ауыл шаруашылығын цифрландыру ауылдың көптеген жүйелі мәселелерін шешетіні анық. Олай болса, ауылдық жерлерде сапалы интернет-байланысын ұйымдастыру Үкімет жұмысындағы басымдыққа айналуға тиіс.
Сауалдамаға қатысушылар ауылдық жердегі ең басты қиындық ретінде жұмыссыздықты, жұмыс орындарын ашу керектігін атап көрсеткен. Еңбекке қабілетті адамдардың 40%-ы болашақта қалаға көшуді жоспарлап отыр.
«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының жүзеге асырылуы да бізді қатты алаңдатады. Егер аграрлық мамандықтар бойынша мемлекеттік гранттармен оқыған түлектердің жыл сайын тек 30%-ы ғана ауылға жұмысқа орналасатынын ескерсек, онда бюджеттен бөлінген 7 млрд теңгенің тиімсіз пайдаланылып жатқанын байқауға болады. Бұл бағытта жастардың ауылдық жерлерге тұрақтануы үшін қажетті жағдай жасап, мемлекеттік бағдарламада жоспарланған қолдау шараларын толық көлемде орындап, көршілес Ресей мен Беларусь мемлекеттері сияқты ауылға қоныс аударушылар үшін тұрғын үйлер салуды қолға алу қажет.
Аграрлық мамандықтар бойынша бітіруші курс студенттері арасында жүргізілген сауалдама қорытындысы көрсеткендей, олардың 72%-ы ауылдық жерлерге жұмысқа барғысы келмейді. Басты себептері: қаладағыдай жағдайдың болмауы, жалақының төмендігі және тұрғын үймен қамтамасыз етілмеуі.
Қазіргі уақытта ауылдық аймақтарды дамыту «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында реттеледі. Әрине, оны жүзеге асыру барысында ауылдардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамытуда, көптеген жетістіктерге қол жеткізілді.
Біздің сараптамалық талдауымыз көрсеткендей, бұл жобаның біраз кемшіліктері бар. Біріншіден, ауылдық аумақтарды дамыту мәселелерінде орталық және жергілікті атқарушы органдардың жұмыстарының нақты үйлестірілмегендігі және бұл процеске жергілікті өзін-өзі басқару органдары мен жергілікті қоғамдастықтардың тартылмағандығы. Екіншіден, солардың бәрін экономиканың аграрлық секторын дамытудың мемлекеттік саясатымен тікелей байланыстыра алатын бірыңғай жүйенің іс жүзінде жоқтығы.
Бұл жұмыста дамыған елдердің тәжірибесіне сүйену орынды. Өйткені бізді күтіп тұрған мәселелерді ол елдер әлдеқашан бастан өткерген. Экономикалық ынтымақтастық әрі даму ұйымдары елдерінің пікірінше, мұндай бағдарламалар федералды министрліктер әзірленген «кабинеттік шешімдерге» негізделмеуі керек. Оларда ауыл тұрғындары елді мекенін дамытудағы басым бағыттарды өздері белгілейді. Екіншіден, мемлекеттік органдар жергілікті бастамаларды іріктейді және бірлесіп қаржыландырады. Тек, жергілікті биліктің осындай белсенділігі мемлекеттің осы аумақты дамытуға қатысуына негіз бола алады. Үшіншіден, мұндай бағдарламалардың көпшілігінде жұмыс орындарының болуы және оларды құру мүмкіндігі ауылдық елді мекен әлеуетін бағалаудың басты критерийі болып табылады. Бұл – олардың бізге қарағанда, ауылдық аймақтарды басқарудағы басты артықшылықтары.
Сонымен қатар бізде жобаны бірыңғай үйлестіруде мәселелер баршылық. Нақтылап айтсақ, мемлекеттік органдардың жұмысында алшақтықтар орын алған, олардың әрқайсысы өз жұмыс учаскесіне ғана жауап береді. Парламенттік тыңдауларға материалдар дайындау кезінде, біз Ұлттық экономика министрлігі, салалық мемлекеттік органдар мен әкімдіктер ұсынған статистикада айтарлықтай айырмашылықтарды байқадық. Мәселен, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» шеңберінде 55 млрд теңге Ұлттық экономика министрлігінің критерийлері бойынша даму әлеуеті жоқ ауылдардың инфрақұрылымын қаржыландыруға жұмсалған, 2019 жылы республикалық бюджеттің 4,2 млрд теңге көлеміндегі қаражаты қолданыстағы ауыл нысандарын ағымдағы жөндеуге (стадион трибуналарын жөндеу, жағалауларды абаттандыру, тротуарларды, ғимараттардың фасадтарын жөндеу) бағытталған. Оны Есеп комитетінің тексеру нәтижелері де дәлелдеп отыр. Бағдарламаны іске асыруда жүйеліліктің жоқтығын келесі мысалдан да аңғаруға болады: 2010 жылы 183 ауылдық елді мекенге ауыз су тасымалдау арқылы жеткізілген болатын. Арада 10 жыл өтіп, ауылдық жерді дамыту үшін миллиардтаған қаржы бөлінгеніне қарамастан, бүгінгі таңда әлі де болса 105 ауылдық елді мекен ауыз сумен бұрынғыдай тасымалдау арқылы қамтамасыз етіліп отыр.
Осындай олқылықтар «Ауыл – ел бесігі» жобасының қаржылық бөлігін әзірлеудегі кемшіліктерден де туындаған. Ол контурлы түрде, тек болжам бойынша жасалған. Себебі оны дайындау кезінде ауылдық елді мекендердің санаттары бойынша олардың әлеуметтік нысандарын, инженерлік және басқа инфрақұрылымдардың қажеттілігін анықтау үшін, ешқандай терең зерттеу жұмыстары жүргізілмеген және мұндай жұмыстар тек келесі жылға жоспарланған.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша Есеп комитеті жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижелерінің негізінде жобада қолданылатын тәсілдің еңбек идеологиясын ілгерілетуге және ауылдық елді мекеннің экономикалық әлеуетін дамытуға әсерін тигізбейді деген қорытынды жасап отыр. Сонымен қатар объектілерді салуда жүйенің жоқтығы бюджетке одан әрі ауыртпалық әкеледі.
Ауылдық аймақтарды дамыту жұмыстарын тиімді жүргізу үшін келесі ұсыныстарды енгіземіз:
Біріншіден, Үкімет ауылдық аймақтарды дамыту бағдарламасының тұжырымдамасын түбегейлі қайта қарастыруы қажет. Осы орайда ең алдымен, ауылдық аймақтарды дамыту мәселелерін өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған қазіргі Мемлекеттік бағдарламасынан бөліп алып, жеке құжатпен ауылдық аймақтарды дамыту жөніндегі ұлттық жоба ретінде қабылдау қажет.
Екіншіден, ауылдық аймақтарды дамыту мәселелерін басқаруды Ұлттық экономика министрлігі қарамағынан алып Ауыл шаруашылығы министрлігіне беру керек. Себебі ауыл өндірісі мен ауылдық тұрғындарға оңтайлы жағдай жасауды дамыту ортақ мәселенің құрамдас бөлігі және оны бөліп-айырудың қажеті жоқ. Ұлттық экономика министрлігіне жалпы үйлестіру функциясы қалады. Сонымен қатар бұл – бүкіл әлемдік тәжірибе, сондықтан осы бағытты біз де берік ұстануымыз керек. Еуропаның көптеген мемлекеттерінде Канада, Аустралия, Ресей және Беларусь секілді аграрлық елдерде ауылдық жерлерді дамыту мәселесімен Ауыл шаруашылығы министрлігі айналысады.
Үшіншіден, ауылдық елді мекендерді жіктеу кезінде өндірісті дамыту әлеуеті мен жаңа жұмыс орындарын құру мүмкіндігі, сондай-ақ ауыл тұрғындарының жұмыспен қамтылуы, оны балама нысандар есебінен арттыру жолдары басты көрсеткіштер болуы тиіс.
Төртіншіден, ұлттық жобаны қаржылық қамтамасыз ету қағидаттарын түбегейлі қайта қарастырған жөн. Бұл жерде ауылдық жерлердің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамыту процессіне қатысқан мемлекеттік емес құрылымдардың шығындарын субсидиялау (бірлесіп қаржыландыру) арқылы осы іске жеке капиталды барынша тартудың маңызы аса зор. Сонымен қатар осы жұмысқа қоғамдастық пен жергілікті өзін-өзі басқару органдары бірлесіп қатысса, онда ол ауылдық елді мекенде салынатын әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарға тұрғындар тарапынан сұраныстың бар екенін анықтайтын ең шынайы және сенімді көрсеткіші болып табылатыны анық. Осындай ұстаным арқылы ауылшаруашылық мамандарын даярлау және де оларды ауылдық жерлерде тұрақтандыру мәселелерін шешуге болады. Басқа елдердегідей, агроқұрылымдардың студенттерді ЖОО-да оқытуға жұмсаған қаражат шығындарын субсидиялауға қол жеткізу қажет. Сонымен қатар білім беру гранттарындағы, ауылдық квотаны 30%-дан кем дегенде 50%-ға дейін көбейту керек. «Серпін» жобасы аясында оңтүстік облыс жастарын солтүстік өңірдің жоғары оқу орындары мен колледждерінде оқыту квоталарын ұлғайту мәселесі қарастырылуы тиіс және оларды бітірген түлектеріне «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасында қарастырылған жағдайларды жасау керек.
Ауылдарға көшіп келетін жастарға жаңа тұрғын үйлер салуды қарастырғанымыз жөн.
Бесіншіден, ауыл шаруашылығын мемлекет тарапынан қолдауды күшейту қажет. Берілетін субсидиялардың мөлшерін әртүрлі климаттық белдеуге байланыстыру арқылы шаруашылықтардың бірдей бәсекелік жағдайда болуына жол ашу керек. Бұның оңтайлы қоныстандыру мен елдің оңтүстіктен солтүстікке көшуіне оң әсерін тигізетін тиімді тетік болары сөзсіз.
Ауылдық бизнесті несиелендіру де маңызды сұрақтар қатарында. Осы бағытта «ҚазАгро» және «Бәйтерек» қаржы институттарының рөлін күшейту маңызды. Президент Жолдауында 1 млн ауыл тұрғыны табысын тұрақты түрде көтеру міндеті қойылған болатын. Осы маңызды жұмыстың нақты механизмін тезірек анықтауымыз керек.
Ауыл әрқашан халқымыздың тілі, мәдениеті мен руханиятының бесігі болып қала береді. Елбасының сөзімен айтқанда: «Қазақтың діні де, тілі де, ділі де ауылда». Бүгінгідей қоғамның рухани жаңғыруы кезеңінде ауыл жаңа келбетке, ал оның рухани өмірі уақыт шындығы мен талаптарына сай келетін жаңа мазмұнға ие болуы тиіс. Ал бұл міндеттерге сәйкес біз ауылды дамытуды мемлекеттің басым бағыты ретінде қарап, оған керекті қаржыны бірінші кезекте бөлуіміз қажет.
Ақылбек КҮРІШБАЕВ,
Парламент Сенатының депутаты