Қазір бұқаралық ақпарат құралдарында жол апаты туралы ақпарат өте көп. Бір қалада көлік адамды қағып кетсе, келесісінде көлік аударылып, пәленше адам бақиға аттанып кеткенін естіп жатамыз. Тіпті мұндай жаңалықты ести-ести назар аудармайтындай болып барамыз ба, қалай? Бірақ еліміздегі жол апаты азаяр емес.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр осы мәселеге ерекше назар аударғаны есімізде. Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ««Қазақстанда жол-көлік апатынан қайтыс болу мүмкіндігі Еуропа елдеріне қарағанда 11 есеге көп. Біз бұл проблеманы көптің алдында Парламентте де, Үкіметте де талқыладық. Алайда мәселе шешілмеген күйінде қалып отыр», деген еді.
Бұл мәселе әлі күнге өзектілігін жоғалтқан жоқ. Жол апаты да, соның салдарынан қаза тапқандар саны да Еуропа елдерімен салыстырғанда әлі күнге дейін көп. Сөзіміз дәйекті болу үшін сандарды сөйлетейік.
Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің деректеріне сүйенсек, жыл сайын жол-көлік апатынан шамамен екі мыңнан астам адам қаза табады. Мәселен, 2017 жылы 17019 жол-көлік апаты тіркеліп, 22 256 адам жарақат алып, 2086 адам қайтыс болған. Ал Бас прокуратура Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректеріне сай, 2018 жылы Қазақстанда 15 821 жол-көлік апаты тіркелген. 20 445 адам жарақат алса, 2096 адам қаза тапқан.
Жол апатының басым бөлігі жаяу жүргіншіні қағып кету мен көліктердің соқтығысуына тікелей байланысты. Мәселен, 2018 жылғы 12 мың оқиға осы екі себепке тиесілі. Сондай-ақ жылдамдықты арттыру да жол апатының басты себебіне айналып отыр. Статистикалық мәліметке сай кей «шумахердің» жылдамдықты шектен тыс асырып жіберетінін аңғару оңай.
Бір қызығы, еліміздегі көлік апаттарының көп бөлігі күндіз (9613 оқиға) болады екен. Әсіресе, ашық, жауын-шашынсыз, қарсыз, тұмансыз күндері көліктер жиі апатқа ұшырайды. Статистикалық деректерге қарасаңыз, адам шошиды.
Әлем елдерімен салыстырғанда да біздегі жағдай мәз емес. The World Bank-тың деректеріне сүйенсек, Қазақстанда 100 000 адамға шаққанда жол-көлік апатынан қаза табатындар саны 23,8 құрайды. Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш төмен. Мәселен, Әлемдік банк келтірген мәліметке сай Ұлыбританияда 100 000 адамға шаққанда жол-көлік апатынан қаза табатындар саны 2,9 адам. Бұл көрсеткіш Германияда – 4,2, Францияда – 5,1 Нидерландта – 3,1, Швецияда 2,9-ды құрайды.
Ал Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының 2018 жылғы «Жол қауіпсіздігі» жинағында ұйымға мүше мемлекеттердің 100 000 адамға шаққанда жол-апатынан қаза тапқандар тізімі берілген. Келтірілген мәліметтерге сәйкес Норвегияда әр 100 000 адамның 2-еуі жол-көлік апатынан қаза табады. Бұл көрсеткіш Швецияда – 2,5, Швейцарияда – 2,7 адамға жеткен.
Өздеріңіз көріп отырғандай, жол көлік апатының мұншалықты көп болуына негізгі бірнеше фактор бар. Оның біріншісі – жол сапасының нашарлығы. Тәуелсіздік алғалы 30 жылға жетсе де, әлі күнге дейін аудан орталықтарына баратын күре жолдардың сапасы сын көтермейді. Шалғайдағы елді мекендер туралы ештеңе айтпай-ақ қоялық. Әйтпесе, заманауи тас жолы бар ауылдар некен-саяқ.
Дүниежүзілік экономикалық форумның деректеріне сай, Қазақстан жол сапасы жөнінен әлемде 108-орында тұр. Әрине, жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы сатыға жайғасқан Ұлы даланың түкпір-түкпіріне заманауи талаптарға сай жол салу қиын екені түсінікті. Дегенмен күре жолдарды күрделі жөндеу дамыған 30 елдің қатарына кіру үшін қашанда керек.
Рас, кейінгі кезде республикалық маңызы бар жолдар жақсарып келеді. Мәселен, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» бағыты аясында жөнделген жолдың игілігін халық көріп отыр. Осы орайда, мұндай сапалы жолдардың санын арттыру қажет екенін айта кеткен жөн.
Екіншіден, автокөлік жүргізуге рұқсат беретін құжаттың сатылуы да жол апатының көбеюінің тағы бір себебіне айналып отыр. Ішкі істер министрлігі де, құжатты беруге жауапты мекеме де мұны жоққа шығаратыны айтпаса да түсінікті. Қорыта айтқанда, айдың-күннің аманында жол апатынан қаза тапқандардың көптігі ешкімді бейжай қалдырмауы тиіс. Қысқасы, жол ережесін сақтамай, жоғары жылдамдықпен жүйткігендер азаймайынша, жол бойындағы апаттың азаюы қиын.