• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
19 Қараша, 2013

«Шаңырақ» байқауының қорытындысы

608 рет
көрсетілді

Қазақстан халқы Ассамблеясының халықаралық медиа-форумы аясында Мәдениет және ақпарат министрлігі этножурналис­тика саласындағы «Шаңырақ» шығармашылық конкурсының қорытындысын шығарды.

 

Қазақстан халқы Ассамблеясының халықаралық медиа-форумы аясында Мәдениет және ақпарат министрлігі этножурналис­тика саласындағы «Шаңырақ» шығармашылық конкурсының қорытындысын шығарды.

Шараға Қазақстан халқы Ассам­блеясы Төрағасының орынбасары – Қа­зақстан халқы Ассамблеясы Хатшы­лығының меңгерушісі Ералы Тоғжанов, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, журналис­тер, этномәдени бірлестіктер өкілдері қатысты.

Биыл «Шаңырақ» байқауы бес номинация бойынша өткізілді: Қазақстан қоғамында этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған үз­дік мақалалар, теле және радио­бағ­дарламалар; қазақ­стандық патрио­тизмді нығай­туда­ғы мемлекеттік рәміздердің рөлін көр­сет­кен үздік ма­қа­лалар, теле- және радио­бағ­дар­ламалар; Қазақстан халқы Ассам­блеясының қызметін түсіндіру бойынша үздік мақалалар, теле- және радиобағдарламалар; қазақстандық этностардың мәдениеттері мен дәс­түр­лерін дамытуға бағытталған үздік мақалалар, теле- және радио­бағ­­дарла­малар; мемлекеттік тілдің рөлін жоғарылатуға бағытталған үздік ма­­қа­лалар, теле- және радио­бағ­дарламалар.

Байқау үстіміздегі жылы алғаш рет онлайн режімде өтті. Әр тілек білдіруші Мәдениет және ақпарат министрлігінің сайтында тіркелуге мүмкіндік алды. Номинациялар жө­нін­дегі жеңімпаздар онлайн дауыс беру және конкурстық комиссияның мәжі­лістері қорытындылары бойынша анықталды.

Сайтта республикалық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының редакцияларынан және журналистерден 61 тапсырыс тіркелді. Олар 209 жария­ланымнан, 56 телебағдарлама мен 8 радиобағдарламадан құралды.

«Қазақстан қоғамында этнос­ара­лық келісімді нығайтуға бағыт­талған үздік мақалалар, теле- және радиобағдарламалар» номинациясында онлайн дауыс беру нәтижесі бойынша «Қазақстан-Қарағанды» телеарнасының редакторы Әшімхан Жампейісов, конкурстық комиссияның шешімі бойынша «Акмолинская правда» газетінің тілшісі Нина Митчинова жеңімпаздар болып танылды.

«Қазақстандық патриотизмді ны­ғайтудағы мемлекеттік рәміздердің рөлін көрсеткен үздік мақалалар, теле- және радиобағдарламалар» номинациясында онлайн дауыс беру нәтижесі бойынша «Астана» ра­дио­­стан­сасының жүргізушісі Шәкім Жанболат, конкурстық комис­сияның шешімі бойынша Қазақ­стан Рес­пуб­ликасы Президенті телерадио­кешенінің бас директоры Ерлан Бек­хожин жеңімпаздар болып танылды.

«Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін түсіндіру бойынша үздік мақалалар, теле- және радио­бағ­дар­ламалар» номинациясында онлайн дауыс беру нәтижесі бойынша Қырғыз этномәдени бірлестігінің төрағасы Шавкат Исмаилов, конкурстық комис­сияның шешімі бойынша Гүлжамал Аметбакиева жеңімпаздар болып танылды.

«Қазақстандық этностардың мәде­ниеттері мен дәстүрлерін дамытуға бағытталған үздік мақалалар, теле- және радиобағдарламалар» номинациясында онлайн дауыс беру нәтижесі бойынша Оңтүстік Қазақстан облы­сының Арыс қаласындағы Ж.Бай­ғұт­тиев атындағы өнер мектебінің оқыту­шысы Темірхан Әбдіков, конкурстық комиссияның шешімі бойынша Солтүстік Қазақстан облысындағы «7 арна» журналисі Ольга Витукевич жеңімпаздар деп танылды.

«Мемлекеттік тілдің рөлін жоға­ры­латуға бағытталған үз­дік мақалалар, теле- және радио­бағдарламалар» номи­нациясында онлайн дауыс беру нәтижесі бойынша Шым­кент қаласындағы «Ернұр» корпора­циясының журналисі Нұркен Тоқаев, конкурстық ко­миссияның шешімі бойынша «Новости Приишимья» газеті редакциясы дирек­торының орынбасары, журналист Марина Петрова жеңімпаздар деп танылды.

Этносаралық қарым-қатынас және мәдениетаралық үнқатысу саласындағы мемлекеттік саясатты көрсетудегі жетістігі үшін, сондай-ақ, Қазақстанда тұратын қазақ халқы мен этностардың мәдениеттерін, дәстүрлерін наси­хаттағаны үшін конкурстық комиссия ерекше мақтау қағазымен «Жаңаөзен» газетінің тілшісі Мұратбай Ұлықпан мен «Астана» радиосының тілшісі Ольга Асхожинаны атап өтті.

«Егемен-ақпарат».

Соңғы жаңалықтар