• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Руханият 27 Қазан, 2020

Сүйегі туған жерге жеткізілді

167 рет
көрсетілді

Екінші дүниежүзілік соғыста қаза болған жауынгерлердің сүйегі араға жылдар салып елге жеткізілді. Іздеу тобының жұмыстары нәтижесінде Екінші дүниежүзілік соғысы майданында қаза тапқан үш қазақстандықтың есімі белгілі болды.

Украинадағы «Вертикаль» маман­дан­дырылған бірлестігі Екінші дүние­жүзілік соғыс жылдарында Украина аумағында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлер Қайыржан Тікшекеев, Сеид Тойнашев пен Өксікбай Базарбаевтың сүйектерін тапты.

Нұр-Сұлтан қаласындағы Қарулы Күштердің әскери-тарихи мұражайында Қайыржан Тікшекеевтің сүйегін туыстарына тапсыру рәсімі өтті.

Алтыбұрышты медальонға салынған қағаз төсеніш жауынгердің жеке басын анықтауға мүмкіндік берді. Қайыржан Тікшекеев 1916 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданында дүниеге келген. Сол жерден ол майданға аттанып, 1941 жылы Киевті қорғау кезінде қаза болды.

Барлық әскери рәсімдерді сақтай отырып, мәйіт жауынгердің немересіне одан әрі қайта жерлеу үшін берілді.

«Украин халқына, «Вертикаль» іздеушілеріне, біздің елшілік пен Қор­ғаныс министрлігіне пандемияға қара­мастан атамның сүйектерін жеткіз­гені үшін алғысымды білдіргім келеді. Жақында біз туған жерімізге барып, барлық рәсімдерді сақтай отырып, қайта жерлейміз. Маған әлеуметтік желіде хабарласып, атамның соңғы рет шайқасқа қатысқан Киев облысы, Макаров ауданының Боровка ауылында табылғанын хабарлады», деді қазақстандық жауынгердің немересі Марат Тікшекеев.

Қаза тапқан жауынгерлердің бірі Сейд Тойнашев 1922 жылы дүниеге келген. Жауынгер Маңғыстау облысында қайта жерленеді.

Қазіргі уақытта Украина тарапынан 1913 жылы туған гвардия­лық атқыш­тар взводының коман­дирі, лейтенант Өксікбай Базар­баев­тың сүйектерін елге жеткізуге көмек көр­сетіліп жатыр.

Қазақстандық іздеушілердің іздеу-экспедициялық және мұрағаттық қызметі шетелдік әріптестермен ты­ғыз ын­ты­мақтастықта жүргізіледі. Белсенділердің бұл еңбегі сұрапыл соғыста қаза тауып, ха­барсыз кеткен­дердің есімін мәңгі есте сақ­тауға сеп болады.