• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 27 Қазан, 2020

Сүйем сені, беу өмір!..

373 рет
көрсетілді

Тағдырдың салған ісіне болаттай берік адамдар бар. Олардың ішкі жан-дүниесіндегі жарық әлемге деген іңкәрлікті, еменнің иір бұтағындай мықтылықты көрген сайын тәнті болатының бар. Кәтепті қара нар көтермес жүк арқалап жүріп, тіршіліктен түңілмек түгілі, ақбас толқындары пенде шіркінді жаңқадай жағаға лақтырып ойнаған өмір айдынында еркін жүзіп, құлашын кеңге сермейтіндіктері тәнті етеді.

 

Степногорск қаласы әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Станислав Мухамадиев Башқұрт­станның Красный Урюш ауылы­ның тумасы. 1970 жылдан бері құшағы кең, пейілі мол қазақ даласын қоныс еткен. 1976 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы техникумын аяқтап, техник-электромеханик мамандығын алып шыққан. Отан алдын­дағы борышын өтеп жүргенде бойын­дағы айрықша тындырымды, әр нәр­сеге зор жауапкершілікпен қарайтын қасиет­терінің арқасында ротаның старшинасы болып қызмет еткен. Еңбек жолын Ерей­ментау ауданындағы «Қазақстан» кең­шарында өз мамандығы бойынша баста­ған. Кейін жалынды жас білімін жетіл­діру мақсатында Целиноград ауыл шару­ашы­лығы институтының сырттай оқу бөліміне түсіп, жоғары білімді маман атанған.

Барлығы атқан оқтай түп-түзу келе жатыр еді. Алдына қойған мақсаты да орындалатын сыңайлы. Арман атты тұлпардың жалына қолы жете бастаған шақ. Біліммен бірге тәжірибесі де толысқан. Оның үстіне алдынан жұмыс үркіп отыратын жас маман­ның бойындағы тындырымдылық қасиеті әріптестері тарапынан оң бағасын алған. Әйтсе де өмір жолы бұл ойлағандай теп-тегіс емес екен. Тағдыр тәлкегі талмау тұстан соққанда «МСУ-81» кәсіпорнында жұмыс істеп жүрген шағы еді. Өндіріс басындағы айтпай келген апаттан мүгедек болды да қалды. 1986 жылы бірінші топтағы мүгедектікке шығарылды.

Қол қусырып қарап отыруға болмас, талпыну керек деп шешкен. Оның алдында күнді түнге, түнді күнге ұластырған ұйқысыз, күлкісіз қаншама тәулік өтті. Бір уақ ендігі күнім не болар екен деген суық ой сумаңдап, санасында тұрып алар еді. Канша ойламауға тырысса да, әлдеқайдан сап ете түседі. Жүйкесі жүндей түтілетін уақыт болды. Күндердің бір күнінде Станислав Фазылзинович үмітті үзуге болмайтынын түйсінген. Қайтадан қайратына мініп, талпыну керек. Ол үшін не істеген ләзім. Бұл тұс өтпелі кезеңнің өк­пек желі дүниені шайқап тұрған уақыт. І-топ­тағы мүгедек түгілі он екі мүшесі сау, тепсе темір үзетін азаматтардың өзі табыс та­ба алмай, аңтарылып қалған. Осындай қиын уақытта қарға адым жер мұң болған мүге­дек не істей алуы мүмкін? Бұрынғы маман­дығын көңілі құлай сүйгенімен, енді оған аспандағы ай жақын. Өзіне лайық, қолынан келетін, онда да жасаған дүниесіне сұраныс бар бір кәсіпті игеру керек болды.

Егер бастап кетсе, жеріне жеткізе істей алатындығына көңілі кәміл сенеді. Екі аяғын қаз басып жүргенде жұмысты жапырып тастайтын. Соңынан ешкім күлбілтелеп күмән келтірмейтіндей етіп мінсіз атқарушы еді ғой. Тәуекел етіп тас жұтып, тіршілік қамын ойламаса болмайды. Сөйтіп жүріп, тұрмыстық қызмет үйімен хабарласып, үйінде отырып тоқымамен айналысуды жөн көрді. Бұрын қолға алып көрмеген шаруасы. Әйтсе де аз уақыттың ішінде бар ынта-жігерін жұмылдырған соң тәп-тәуір меңгеріп алды. Бірте-бірте кәсіби шеберлігі толысты. Бойында жігер бар еді. Мен де мына өмірде біреуге қажет болсам, біреудің кәдесіне жарасам деген ұмтылыс бар еді. Сол ынта-жігерінің арқасында тәжірибесі толысып, өтініш айтушылардың талап-тілегіне орай қажетті заттарын тоқып беретін болды. Алғашқыда күмән келтірушілер де болған. Кейін ешкім Станислав Фазылзиновичтің қолынан шыққан бұйымдарға сын айта алмайтын, қайта мінсіз дүниеге ризашылық лебіздерін білдіретін. Аз уақыттың ішінде төңіректегі ел құлақтанып, қолқа салатындар көп­теп келіп жатты. Сол сәтте көңілі көтеріл­ген. Әлі де халыққа қажет болатындығын ұққан. Сол еңбегі арқылы күнкөрістің көзін тапты. Өз бойындағы сезімді ғана қанағаттандырған жоқ, жаңа жосықтағы сүйікті ісі арқылы үміт отын лаулатты, істеген ісімен елге жақты. Төңіректегі халық мүгедек болып қалған адамның өмірге деген ұмтылысын, бойындағы болаттай берік қажыр-қайратын үлгі етіп айта бастады. Торығудың да, түңілудің де жалғыз емі алға ұмтылу екен. Станислав Фазылзиновичтің бойынан ел өмір үшін күрескен ерлікті көрді.

– 2015 жылдан бастап Степногорск қаласын­дағы қимыл-қозғалысында ақауы бар қалалық мүгедектер қоғамы­на жетек­шілік етіп келемін, – дейді кейіпкері­міздің өзі, – мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша қилы-қилы жұмыстар атқарамыз. 2018 жылдан бастап «Инватакси» қызметі жандана бастады. Мемлекеттік тапсырмаларды үйлестірушінің жұмысы ауырлау. Өйткені мүгедек адамдардың көпшілігі заңды біле бермейді. Өздеріне қандай көмек көрсетілуі керек, қандай жеңілдіктер бар екендігінен хабарсыз. Міне, осы тұр­ғы­да көмек көрсетеміз. Тағдырдың жазуы­мен мүгедек болып қалған адамдардың жайын бәлкім біз ғана түсінетін шығармыз. Өйт­кені басымыздан өткеріп отырмыз ғой. Ең бастысы, оларға дем беріп, қолтығынан демеп, тіршілікке деген махаббатын ояту. Ал оның жеңбейтін қиындығы жоқ, – дейді ол.

Табаны күректей 36 жыл бойы І-топтағы мүгедек санатындағы кейіпкеріміздің пікірінше, басқа түскен ауыртпалықтан арашалайтын құдіретті күш – еңбек. Тырбанып тіршілік етіп, төңірегіңдегі адамдарға қолғабысың тисе, жан дүниең жадырап, рахат бір сезімге бөленесіз. Одан артық пендеге не керек?

– Осыдан жиырма жыл бұрынғы жағ­дайға қарағанда қазір барлық мүм­кіндік жасалып отыр, – дейді ол. – Жаңа маман­дық­ты меңгеруге, өз ісіңді бастауға жол ашыл­ған. Курста оқисыз ба, тренингке қаты­сасыз ба, қалауыңыз білсін. Біз де өзіміз­­дің еңбегіміз арқылы мемлекет­ке, от­ба­с­ы­мызға пайда келтіруіміз керек қой. «Ең­­бек еткісі келген адам жол іздей­ді, ең­бек ет­кісі келмеген адам себеп іздей­ді». Осы сөз­ді жиі айтамын. Ұққан жан ұмтылса екен деймін.

Шынында да, қаншама қиындықты басынан кешірсе де, қайрат-жігері мұқалмаған қажырлы жанның сөзінде жан бар-ау.

 

Ақмола облысы,

Степногорск қаласы