Тау кластерін дамытудың жобалық кеңсесі оған Алматы облысындағы ұлттық парктерді дамыту функцияларын беру арқылы қайта құрылады. Жобаны ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, Алматы облысы әкімдігі және "Kazakh Tourism" ұлттық компаниясы бірлесіп жүзеге асырады.
Онда Алматы облысы аумағында орналасқан "Көлсай көлдері", "Іле-Алатау", "Алтын Емел", "Шарын", "Жоңғар Алатауы" ұлттық парктерінің өкілдері жұмыс істейді деп күтілуде. Кеңсе туристермен, әлеуетті инвесторлармен, туристік агенттіктермен және ұлттық парктер жанынан құрылған Қоғамдық кеңестер мүшелерімен үйлестірілген түрде жұмыс жүргізеді. Аталған жобалық кеңседе бес ұлттық парктегі туристік және инвестициялық мүмкіндіктер туралы барлық ақпарат "бір терезе" қағидатымен беріледі.
Еске салайық, қаңтар айында ҚР Премьер-министрінің тапсырмасымен Алматы тау кластерінің біріккен жобалық кеңсесі құрылған. Осылайша ұлттық парктерді дамыту міндеттерін қоса атқару арқылы кеңсе Алматы облысында жалпы туризмді, оның ішінде экотуризмді дамыту бойынша стратегиялық органға айналады.
Бірыңғай ақпарат алаңын құру ұлттық парктерді дамытуға қатысты маңызды мәселелерді шешуге, атап айтқанда экотуризмді жолға қоюға, цифрландыруды жүзеге асыруға (WI-FI, бейнебақылау, дабыл пернесі), рейнджерлер қызметін, тау туризмі, альпинизм нұсқаушыларын дайындауға мүмкіндік бермек.
Сарапшылардың бағалауынша, 2025-2030 жылдары еліміздің ұлттық парктерінде экотуризмді дамытуға 500 млрд. теңге көлеміндегі жеке инвестициялар тартып, жергілікті экожүйеге салмақ түсірместен 12,5 млн туристке дейін қабылдауға, 30 мың жатын орын, 20 мыңдай жұмыс орнын құруға болады.
Сонымен бірге сарапшылар Қазақстанда ұлттық парктерді дамыту арқылы жылына 5 млрд АҚШ долларын табуға болады деп есептейді. "Kazakh Tourism" ҰК Басқарма Төрағасы Ержан Еркінбаев атап өткендей, әлемде пандемия әсерінен экотуризмге деген қызығушылық уақыт өткен сайын арта береді. "Бұл халықтың қазіргі жағдайда ашық табиғатта көбірек болып, таза ауамен тыныстағысы келетінімен байланысты. Сәйкесінше Қазақстандағы ұлттық парктерге баратын адамдар қаласақ та, қаламасақ та көбейе береді»,- деп атап өтті Ержан Еркінбаев. "Сондықтан мемлекет ондағы экотуризмге арналған инфрақұрылымды жетілдіруді жалғастырып, инвесторлар тартып, жергілікті экожүйеге түсетін жүктемені теңдей үлестіруі керек", - деді ол.
Өз кезегінде Экология министрлігі барлық мүдделі тараптармен бірлесіп ұлттық парктерді дамыту бойынша әріптестік орнатуға дайын.