БОЛҒАНДА ҒАНА БІЗ АЛДЫМЫЗҒА ҚОЙЫЛҒАН АСҚАРАЛЫ МІНДЕТТЕР ҮДЕСІНЕН АБЫРОЙМЕН ШЫҒА АЛАМЫЗ
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдауларының мәні ерекше, маңызы жоғары. Ол – еліміздің Үкіметі үшін іс-қимыл бағдарламасы, Қазақстан халқы үшін жылдың басты құжаты.
Қазақстан Республикасы Ата Заңының 44-бабына сәйкес Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауларының әрқайсысы бүкіл елдің барлық салалары қызметтерінің негізгі бағдарлары, міндеттері екендігі белгілі. Жолдаулар еліміздің ішкі және сыртқы саясаттағы негізгі бағыттарын қарастырады.
БОЛҒАНДА ҒАНА БІЗ АЛДЫМЫЗҒА ҚОЙЫЛҒАН АСҚАРАЛЫ МІНДЕТТЕР ҮДЕСІНЕН АБЫРОЙМЕН ШЫҒА АЛАМЫЗ
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдауларының мәні ерекше, маңызы жоғары. Ол – еліміздің Үкіметі үшін іс-қимыл бағдарламасы, Қазақстан халқы үшін жылдың басты құжаты.
Қазақстан Республикасы Ата Заңының 44-бабына сәйкес Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауларының әрқайсысы бүкіл елдің барлық салалары қызметтерінің негізгі бағдарлары, міндеттері екендігі белгілі. Жолдаулар еліміздің ішкі және сыртқы саясаттағы негізгі бағыттарын қарастырады.
Елбасы жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауларын ғылыми болжамдап, диагностикалаумен, дәйектілікпен, ыждағатты пайымдаулармен және өзіне тән нақтылықпен, болашақта оның орындалуын жан-жақты зерделеумен және әрбір ақпараттарды ой елегінен өткізіп, салыстырулармен, орындалу нәтижелерін талдап, елдің дамуына қажетті мүмкін болатын міндеттерді саралаумен алға қойып келеді. «Біздің басты мақсатымыз – 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру», делінген Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында.
«Дәл 15 жыл бұрын біз Қазақстан дамуының 2030 жылға дейінгі Стратегиясын қабылдадық... Бүгінгі күні біздің әрқайсымыз «2030» Стратегиясы іске асты, заманауи Қазақстан орнықты деп айта аламыз. Бұл – біздің бірлігіміздің, табанды да қажырлы еңбегіміздің нәтижесі, ұмтылыстарымыз бен үміттеріміздің жанды көрінісі», деді Президент.
1997 жылы Елбасы Н.Назарбаев Қазақстанның 2030 жылға дейінгі дамуының стратегиялық бағдарламасын ұсынды. Президент өз Жолдауында Үкіметке 8 нақты тапсырма беріп, барлық деңгейдегі басшыларға маңызды міндеттер жүктеп, жауапкершіліктерін күшейтіп, олардың маңыздылығын көрсетіп, орындалу мерзімдерін нақтылады. «Қазақстан-2030» Стратегиясында «барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» жан-жақты қарастырылды, онда: «Соңғы алты жыл ішінде біз екі басты стратегиялық мақсатты көздедік. Біріншіден, Қазақстан егемен тәуелсіз мемлекет болды... Екіншіден, біз кең ауқымды экономикалық және әлеуметтік-саяси реформаларды жүргізе бастадық», делінген.
«2030» Стратегиясы қабылданғаннан бергі 15 жыл ішінде мемлекетіміз әлемдегі ең серпінді дамушы елдер бестігіне енді», деді Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында.
Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына 1998 жылғы Жолдауы «Елдегі жағдай, ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттары туралы: жаңа ғасырда қоғамды демократияландыру, экономикалық және саяси реформа» деп аталды. Онда Қазақстанның таңдап алған жолы нақтыланды. «Біз бойдағы барлық күшіміз бен жігерімізді экономикамызды сақтауға, халқымыздың әл-ауқатын қорғауға жұмсауға тиіспіз, біз дәл солай етеміз де», деді Президент. Ол толық жүзеге асырылды.
1999 жылғы Жолдау «Еліміздің жаңа ғасырдағы тұрақтылығы мен қауіпсіздігі» деп аталды, Елбасы онда: «Сол уақыттардан бері біздің бабаларымыз Солтүстік Еуразияның төсінде, тұрақ-мекенін ауыстырмай ғұмыр кешіп келеді, қазір біз де тап сол өңірде өмір сүріп жатырмыз», деді, сонымен бірге: «Ұлттық тарихымыздың соңғы бес ғасыры халқымыздың өмір сүретін кеңістік үшін арпалысының тарихы болып табылады. Біз өзіміздің өткендегі өмірімізге кілең бір кездейсоқ оқиғалар тізбегі деп қарауымыз керек», деп ой қорытты. Осылайша, Президент еліміздің қазіргі кезеңдегі және жаңа ғасырдағы тұрақтылығы мен қауіпсіздігін сақтауымызға үндеді.
2000 жылғы қарашаның 24-і күні Қазақстан Президенті еліміздің Парламенті палаталарының бірлескен отырысында халыққа «Еркін де еңселі әрі қауіпсіз қоғамға қадам басайық» атты Жолдауын арнады. Онда: «Егер тарихқа қарапайым деректердің жиынтығы ретінде қарамай, оны терең мәнді етене байланыстағы оқиғалардың сабақтастығы ретінде екшейтін болсақ, онда осы 10 жылдың ауқымы мен тегеуріні келер ғасырдағы келешегімізді айқындайтындай жаңа қырынан ашыла түседі», деген терең ойлы пікір көлденең тартылды. Көп ұзамай ол ой өзінің дұрыстығын айғақтап берді.
2001 жылдың 3 қыркүйегінде өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысында Н.Назарбаев атқарылған істерге баға берді, елдегі жағдайды және 2002 жылғы ішкі, сондай-ақ, сыртқы саясаттың негізгі бағыттарын баян етіп, кемел келешегімізге бағыт-бағдар нұсқады. Яғни, «Асқар асулар алда» тақырыбындағы Қазақстан халқына Жолдауында: «Тәуелсіз Қазақстанның шежіресі, оның жаңа тарихы енді басталып келеді... Жаңа елордамыз – Астананы салу және абаттандыру жөніндегі жалпыұлттық мәні бар ірі мақсат жүзеге асуда... Қазақстанның барлық мектептерін компьютерлендіру аяқталды... Әлеуметтік саладағы келесі маңызды бағыт білім беру жүйесін жетілдіру жөніндегі жұмыс болуға тиіс... Осы заманғы Қарулы Күштерді жасақтау жөніндегі күш-жігерді де ұлғайта беру қажет... Біздің тәуелсіз Қазақстанымыз гүлденіп, көркейе берсін», деді Елбасы. Бұл айтылғандар бүгінде іс жүзіне жүйелі асып келеді, мемлекеттің тұтастығы, бірлігі артып болашағымыз жарқын бола түсуде.
Н.Назарбаев 2002 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында: «Ауылға айрықша назар аударылды», дей келіп, ішкі және сыртқы саясаттың 2003 жылғы негізгі бағыттары туралы баяндап берді. Кез келген ұлттың түп-тамыры ауыл жұртында жататынын еске сала отырып, бәрінен бұрын тұрақтылық пен байсалды эволюциялық дамуға нақ осы жұрттың ықыласты болатынын, тәуелсіздік пен қуатты мемлекет мұраттарын айрықша қастерлеп, терең сезінетін де осы жұрт екенін, өйткені, оның қаны мен жанында бабаларымыздың арманы мен үміті қаттаулы қалпында жатқанын атап көрсетті. «Біздің «Қазақстан-2030» Стратегиясына негізделген онжылдық жоспарымыз да осыған бағытталып отыр», деді Президент.
«Қазақстан-2030» Стратегиясын жүзеге асырудың алғашқы бес жылының айтарлықтай табысты болғандығы мәлім, сондықтан ол жасампаздық стратегиясы атауына ие болды.
2003 жылы Мемлекет басшысы «Ішкі және сыртқы саясаттың 2004 жылға арналған негізгі бағыттары» атты Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жария етті. Президент Жолдауы басты мақсат – халықтың әл-ауқатын арттыру екендігін аңғартты. Жылдың басты құжатында көрсетілген тұжырымдамаларды жасампаздыққа бағытталған жарқын жеңіс деп бағалауға болады.
Жолдаудағы «Патриот болу – өз Отаныңды шын жүректен сүю, өзіңе және өз халқыңа сеніп, қоғамға қызмет ету» деген сөздер жандүниемізге терең ұялап, ұранымызға айналды.
2004 жылғы Жолдауы «Бәсекеге қабілетті Қазақстан үшін, бәсекеге қабілетті экономика үшін, бәсекеге қабілетті халық үшін» деп аталды. Жолдауда: «Қазақстан өзінің нысаналы дамуын «Қазақстан-2030» ұзақ мерзімдік Стратегиясына толық сәйкес жалғастырып келеді», деп бағалау жасалған. «Бұл міндетті шешу үшін біздің экономикалық, сондай-ақ, әлеуметтік салаларда да еуропалық стандарттарға жету стратегиясын әзірлеуге кірісуіміз керек», делінген. Жолдауда бәсекеге қабілетті экономиканы дамытудың негізгі бағыттары былайша анықталған-тын:
– экономиканы одан әрі ырықтандыру және жүйелі реформаларды жалғастыру арқылы бәсекелестікті дамыту мен бюрократиясыздандыру;
– Қазақстан экономикасының ашықтығын күшейту;
– Индустриялық-инновациялық даму стратегиясын жүзеге асыру;
– Ауылды дамыту бағдарламасын жүзеге асыру;
– инфрақұрылымдарды дамыту.
Жолдауда нақты әлеуметтік жетістіктерге жету бағыттарының бірі адам ресурстарын дамыту екені атап көрсетілді:
– тұрғын үй құрылысының жаңа саясаты;
– денсаулық сақтауды жақсарту;
– білім беруді дамыту;
– әлеуметтік қамту.
Бұлар Қазақстан үшін шешуші ұзақ мерзімді басымдықтар болып табылады, деді Елбасы өзінің Жолдауында. Шындығында бұл бағыттар бәсекеге қабілетті халық үшін аса қажет еді.
2005 жылдың 16 ақпанындағы кезекті Жолдау «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» деп аталды. Онда: «Біз алдымызға анық та айқын мақсат қойдық – біз жақсы өмір сүргіміз келеді, біз еркіндікке ұмтылдық, біз бәрінен де бұрын балаларымыз бен немерелеріміздің лайықты өмір сүруін қаладық», делінген. Бұл баршамыздың ой-арманымыз болатын. Бүгінде, Құдайға шүкір дейік, осы ой-армандарымыз дәйектілікпен жүзеге асырылып келеді.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2006 жылғы халыққа Жолдауы «Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында» деп аталады және алдымызға әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру мақсаты қойылып, осы міндеттер үдесінен шығу үшін негізгі жеті басымдық ұсынылды. Олар: Қазақстанның әлемдік экономикаға ойдағыдай кірігуі – елдің экономикалық дамуының сапалық серпілісінің негізі; Қазақстан экономикасын тұрлаулы экономикалық өрлеудің іргетасы ретінде одан әрі жаңарту мен әртараптандыру; халықтың неғұрлым «әлжуаз» топтарын қорғайтын және экономиканың дамуына қолдау көрсететін осы заманғы әлеуметтік саясат; осы заманғы білім беруді дамыту, кадрлардың біліктілігі мен оларды қайта даярлауды ұдайы арттыру және Қазақстан халқы мәдениетінің одан әрі өркендеуі; демократияны одан әрі дамыту және саяси жүйені жаңғырту; осы заманғы қауіп-қатерлер мен қыр көрсетулерге қарсы бара-бар ұлттық қауіпсіздік стратегиясын іске асыру; Қазақстанның мүдделерін, өңірлік және әлемдік дамудың серпінін ескеретін теңдестірілген және жауапты сыртқы саяси бағытты одан әрі іске асыру.
Еліміздің Президенті осылайша алдағы кезеңдерде шешілуі тиісті маңызды басымдықтар мен міндеттерді белгілеп берді.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2007 жылғы 28 ақпанда өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысында халыққа жаңа Жолдауын жария етті. «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» тақырыбындағы Жолдауда әлеуметтік саясаттың бірізділігі, бірқалыпты түрдегі сабақтастығы, өмір сүру деңгейін жақсартуға бағытталған іс-әрекеттер белгілеп берілді. Сондай-ақ, жаңа кезеңнің негізгі міндеттері, «Қазақстан-2030» Стратегиясын орындаудағы басты мақсаттар мен ішкі және сыртқы саясатымыздың аса маңызды 30 бағыты нақтыланды. Сондықтан бұл Жолдауды жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның дамуына үлес қосқан кешенді бағдарламалық құжат деп айтуымыз орынды.
2008 жылғы 6 ақпандағы Жолдау «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» деп аталды. Жылдың басты құжатында Президент атқарушы органдарға үлкен жауапкершілік жүктеді. Басты міндеттердің бірі қатарында 30 корпоративтік көшбасшы жасау арқылы елімізді индустрияландыру біздің негізгі стратегиялық мақсатымыз болатындығы баса көрсетілді.
Астана, 2009 жылғы 6 наурыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына жаңа Жолдауын жария етті. Ол «Дағдарыстан – дамуға» деп аталды. Жолдауда еліміздің жасампаздық жолын жалғастыруының басым бағыттары белгіленіп, дағдарыстың салдарын еңсеру жөніндегі тетіктер нақтыланды, жаңару мен дамуға жеткізетін амалдар мен жұмыс бағыттары көрсетіп берілді.
– Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың 2010 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауы «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» деп аталды. Онда 2020 жылға дейінгі Даму стратегиясын орындауға байланысты жаңа экономикалық өрлеу мүмкіндіктері көрсетіліп, міндеттер қойылды. Олардың негізгілері мыналар: 2010 стратегиялық жоспарын іске асыру – ел дамуының аса маңызды шебі екендігі; дағдарыс кезеңі – дұрыс шешімдер қабылдау уақыты, оған тастүйін дайын болуымызды қамтамасыз ету керектігі; 2020 Стратегиялық жоспары жаңа міндеттерді нақтылауымен ерекше мәнге ие; адам – елдің басты байлығы. Мемлекетіміздің діңгегі – қазақ халқы. Ел де, жер де – қазақтікі екендігі. Осылайша, халқымыздың абыройы көкке көтерілді.
2011 жылдың 28 қаңтарындағы Жолдау «Болашақтың іргесін бірге қалайық» деп аталып, біздің ең басты байлығымыз – берекелі бірлігіміз екендігі көлденең тартылды. Халықтың ауызбіршілігі арқылы болашақтың іргесін бірге қалауға болатыны атап көрсетілді. «Құнды қазынамыз – тарих табыстырып, тағдыр тоғыстырған халқымыз», деп Елбасы бүкіл ел халқын қанаттандырды.
Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың 2012 жылғы халыққа Жолдауы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» деп аталды. Онда экономиканы нығайтудың, халықтың әл-ауқатын арттырудың жаңа міндеттері белгіленді. Міндет – айқын, бағыт – дұрыс, мақсат – даму, тілек – табыс екендігі айшықталды.
Астана, 2012 жылдың 14 желтоқсаны Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына ұзақ мерзімді Даму стратегиясын ұсынған күн болды бұл. Ол «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» деп аталды. «Қазақстан-2050» Стратегиясында қазақ халқына айрықша жауапкершілік жүктеледі. Стратегиялық Жолдауында Елбасы «Бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерек істері және жас ұрпақтың жасампаздығы арасында сабақтастық болса ғана біз «Мәңгілік Ел» боламыз», деп алдымызға үлкен міндет жүктейді. Бұл міндет «Нұр Отан» партиясының 18 қазанда өткен соңғы ХV съезінде тағы бір мәрте саралаудан өткізілді. Онда елімізді әлемнің ең қуатты 30 елінің қатарына қосу – алдымыздағы үлкен, ұлы мақсат екені қадап айтылды. 2050 Стратегиясы – біздің әлемдегі ең танымал ұлттардың шоғырына біржолата қосылуымыз үшін берілген ұлы тарихи мүмкіншілік, деді Нұрсұлтан Әбішұлы. «Біз өзімізді ұдайы қамшылап, алға ұмтыла білсек қана «Қазақстан-2050» Стратегиясындағы биік мақсаттарға жете аламыз», деді еліміздің Президенті, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаев.
Біз де Елбасымыздың сөзіне қосыла отырып, ынтымағы жарасқан, экономикасы дамыған 30 елдің қатарына жетуге жазсын дейік. Қашанда айбынымыз – бірлік, айдынымыз – тірлік болсын.
Ілесхан СМАНОВ,
педагогика ғылымдарының
докторы, профессор.
Шымкент.