Жуырда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі және Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының ұйымдастыруымен жас ақындар арасында өткен республикалық мүшәйраның қорытындысы белгілі болды.
Мүшәйрадан бөлек ұлы ақының өлеңдері мен қара сөздерін жатқа оқу бойынша 2 ай бойы түрлі сайыстар ұйымдастырылып, оған 4,5 мыңға жуық адам қатысқан. Сондай-ақ жастардың жазу дағдыларын дамыту мақсатында онлайн семинар-тренингтер мен шеберлік-кластар өткен. Шараға елімізге танымал ақындар мен жазушылар, абайтанушы ғалымдар тартылып, тренингке 500, шеберлік-класқа 1000-нан астам жас қатысқан.
Республикалық жас ақындар мүшәйрасына еліміздің 17 өңірінен 51 ақын бақ сынап, бас жүлдені Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ студенті Дәурен Тілеуханұлы жеңіп алды. Жеңімпазға 500 мың теңге көлемінде сыйақы берілді. Жүлделі орын алған басқа ақындар да ақшалай сертификаттарға қол жеткізді. Мүшәйраға қазылық еткендер қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері М.Райымбекұлы, Халықаралық «Илхам» сыйлығының лауреаты Д.Байтұрсынұлы, бірнеше мүшәйраның жүлдегері А.Исаділ, «Серпер» сыйлығының лауреаты Ә.Шегебай сынды ақындар болды. «Мүшәйраға қатысқан барлық ақынның өмірбаяндары мен еңбектері жеке кітап болып басылып шығады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірігуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық болуы тиіс. Келешекте дәл осындай жобалар өз жалғасын табады деп ойлаймыз. Сондай-ақ жоба аясында @Abay175zhyl атауымен Instagram, Facebook әлеуметтік желілері мен тelegram каналы ашылып барлық жарияланымдар, байқаулар, сұрақ-жауаптар, бірнеше тілде әлеуметтік бейнебаяндар жарияланды», дейді ұйымдастырушылар.