Обыр – әлем жұртшылығын алаңдатып отырған аса қауіпті сырқат. Кенді Алтайдың күрделі экологиясы, ауыр металдардың шектен тыс көп жиналуы қоршаған ортаға көп зиянын тигізуде. Сондықтан болар, онкологиялық аурулар жөнінен Шығыс көш бастап келеді. Өңірде бұл күндері 17,4 мың адам есепте тұр.
Обыр – әлем жұртшылығын алаңдатып отырған аса қауіпті сырқат. Кенді Алтайдың күрделі экологиясы, ауыр металдардың шектен тыс көп жиналуы қоршаған ортаға көп зиянын тигізуде. Сондықтан болар, онкологиялық аурулар жөнінен Шығыс көш бастап келеді. Өңірде бұл күндері 17,4 мың адам есепте тұр.
Қауіпті сырқат бойынша Өскемен мен Семей алда келеді. Үстіміздегі жылдың 9 айында ғана аса қауіпті сырқаттан 1196 адам көз жұмған. Сарапшылардың айтуларынша, сырқат жандардың өздері бұл дерттің жабысқанын мезгілінде білмей қалады да, артынан сан соғып жатады. Абай, Тарбағатай, Аягөз, Бесқарағай мен Жарма аудандарында сырқат жандар көп тіркелген, жыл сайын көбеймесе азаяр емес. Онкологиялық аурумен күресте дәрігерлердің біліктілігі мен білімі аса қажет. Олар қателесуге жол бермеуі керек. Алайда, талай кемшіліктің бар екені жақында облыстық прокуратура өткізген баспасөз брифингінде сөз болды. Оның жұмысына облыс әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев, облыс прокуроры Бағбан Тайымбетов қатысты. Облыстық прокуратура қызметкерлері облыс орталығында өткізген тексеріс кезінде талай кемшіліктің бар екенін анықтаған.
– Прокурорлар тексерісі қажеттіліктен туындап отыр, – деді облыс прокуроры Б.Тайымбетов. – Сырқат жандар дәрі-дәрмектің жетіспейтінін айтса, мұнда дәрілік препараттарды сақтау талаптары ескерілмеген. Диспансердегі шағын операция залында жабдықтар мен қондырғылар болғанымен олар бос, жұмыс істемей жатыр.Курчатов қаласынан келген сырқат өзіне тиісті дәріні ала алмағанын айтады. Кейбір дәрі-дәрмектердің уақыты өтіп кеткен, оны кезінде пайдалануға болатын еді ғой, – деді брифингте облыс прокуроры.
«Квант-Семей» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өткен жылы 5,5 миллион теңгенің дәрі-дәрмегін жеткізіп берген. Ал биыл 4 миллион теңгеге шарт жасасыпты. Демек, дәрі уақтылы жеткенімен, оны тиімді пайдалануға көңіл бөлінбеуде.
Диспансерде еңбек тәртібі әркез сақтала бермейді. Кейбір жұмысшылардың еңбек құқықтары бұзылған. Міне, осы кемшіліктердің барлығын түзеу, адам факторын күшейтуге көңіл бөлу қажеттігі айтылды.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ӨСКЕМЕН.