«Egemen Qazaqstan» басылымы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен әлемдегі маңызды да өзекті тақырыптар жөнінде бірегей контент дайындайтын Project Syndicate жобасы мақалаларын жариялауды жалғастырады.
Испанияның сыртқы істер министрі қызметін атқарған Ана Паласио 3 қарашада өтетін АҚШ президентінің сайлауына тоқталады. Автордың айтуынша, мұхиттың арғы бетіндегі сайлау АҚШ-қа ғана емес, бүкіл әлем үшін маңызды. Өйткені Батыстың алдағы 4 жылда қандай саясат ұстанатыны сайлауда кімнің жеңіске жететініне тікелей байланысты. Өйткені бұған дейін Дональд Трамп бірнеше халықаралық келісімнен шыққан-ды. Алда-жалда Джо Байден Ақүй тізгінін ұстап жатса, АҚШ-тың саясаты өзгеруі мүмкін. Осылар туралы ой түйген автор Американың келешекте жаһандық тұрақтылықты сақтауға мұрындық болуы тиіс деп есептейді.
МАДРИД. АҚШ-тағы президенттік сайлау өзінің шырқау шегіне жақындаған сайын, оның дүбірі мен дақпырты, одан кейінгі жағдай Америка құрлығынан әрі тарап, бүкіл әлемнің назарын аударып отыр. Халықаралық қатынас мәселесін болжайтындардың кейбірі ахуалдың ушығып кететінін айтса, енді бірі зор үмітпен қарайды. Бірақ ең керегі – алдағы жағдай нақтылыққа негізделуі тиіс.
Нақтылық туралы сөз қозғағанда, егемен елдің рөлін жалғыз қайраткердің мүддесімен теңестіретін «нақты» халықаралық қатынас туралы айтып жатқаным жоқ. Кейбіреулер мұны құп көреді. Олардың пайымдауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп жіберген кемшіліктеріне қарамастан, жаңа ғасыр басталғалы бері құлдыраған америкалық мүддені қайта қалпына келтіріп, сыртқы саясатты жүргізетіндердің қателігін түзеді деп есептейді.
Өздерін реалист санайтын басқалары Трамптың сыртқы саясатта кемшілік жібергенін мойындайды, бірақ бұл қателік қажет еді деген пікірді ұстанады. Олар да ұстамды стратегияны қолдайды. Яғни АҚШ кез келген жерге тұмсығын тыға бермеуі тиіс. Мәселен, «оффшор балансы» саясаты АҚШ-тың серіктестерін күшейтіп, өз мүдделерін дамытуға, өңірдегі қауіпті ойыншылардан қорғауына мүмкіндік беретін еді (бір жағынан, Қытай да осы бағытты ұстануға көшті).
Мұндай жаңа сыртқы саясат көпжақты институттар емес, АҚШ пен бірқатар өңірлік әріптес арасындағы екіжақты қарым-қатынасқа сүйенетін еді. Реалистердің пайымдауынша, мұндай ұйымдар Американың ықпалына кедергі келтіріп отыр. Логикаға сүйенсек, алпауыт күшке ұмтылу қайта басталғанда, аймақтық әріптес те АҚШ-қа арқа сүйеп, оның күші мен қабілетіне сенім артпақ. Осыған байланысты америкалық көшбасшылар өңірлік немесе жаһандық құрылымдар арқылы өзара тиімді, жақын қарым-қатынас орнатуға уақыт жоғалтпайды.
Полярлану арқылы мүмкіндігі шектелген, саяси текетірестен шаршаған, ұзаққа созылған сыртқы саясатта бәсекеге түсіп жалыққан мемлекетті мұндай ұсыныс қызықтыратыны сөзсіз. Осындай қадам АҚШ-тың мүддесін одан әрі тиімді жүргізуге болады деген сағым елестетеді. Осылайша, АҚШ көп тер төкпей-ақ, шығын шығармай-ақ үлкен жетістікке жетеді деп есептейді.
Дегенмен бұл жоспардың бір кінәраты бар. Жоспар іске аспайды.
Біріншіден, Американың құшағына асыға жығылған елдің бәрі сәтті құқықтық мәртебе иелене ме? Олар аяғына нық тұрып, емін-еркін әрекет етіп, ресурсы жетсе, өз мүддесі мен құндылығын сақтап, дамытуға сенімі болса, АҚШ мүддесін қорғауға зор үлес қосады емес пе?
Ортақ құндылықтар туралы түсінікті «реалистік» емес, «идеалистік» деп мазақтауымызға болады. Бірақ негізінде олар алға жетелеуші әрі бағыт сілтеуші үлкен күш. Маршал жоспары мен Атлант жарғысы қабылданғанда, осындай логика болған еді. Жеңіл түсінікпен оны жоққа шығаруға болмайды.
Оған қоса, жаңа қырғи-қабақ соғыс туралы талқылауларға қарамастан, қазіргі заман осыдан 30 жыл бұрынғы әлемнен мүлдем бөлек. Әрине, алпауыт держава атануға талас қайта оралды. Алайда жаһандануды еңсеру, оны болдырмай тастау мүмкін емес. COVID-19 пандемиясы әлем әлі күнге ортақ құндылықтарға ие екенін, жеке мүддемен оны жеңу мүмкін емесін анық аңғартты.
Оларды шешуге көмектесетін – үйлестіруді дамытатын және жеңілдететін құрылымдар. Шындығында, қазіргі құралдар мен мекемелер қате және ескірген. Көп жағдайда, олар саясат жүргізуден гөрі, ықпал ету үшін көбірек қолданылатын ұйымға айналды. Бірақ олардан бас тартудың орнына оларды реформалауымыз керек.
Бұл одан да маңызды мәселені алғы шепке шығаруды қажет етеді. Ол – шынайы көшбасшылық пен көзқарас. Оны қамтамасыз ететін АҚШ болуы керек. Бұдан былай АҚШ енді әлемдегі жалғыз гегемон болмаса да, билікті үйлестіретін жалғыз актер болып қала береді. Дәстүрлі реалист дәл айтқандай, мұндай жағдайда басшылық биліктен келуге тиіс.
Алдағы жылдары біз Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін құрылған халықаралық жүйенің қайта жаңғыртылуын, тіпті Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін пайда болған институционалды ұйымдарды қайта құруды күте алмаймыз. Сондай-ақ біз өткеннің орнықты либералды халықаралық тәртібіне оралуды болжай алмаймыз.
Бірақ жаппай көпжақтылықтан бас тартуға жол бермейтінімізден шынайы түрде үміттенеміз. Алда-жалда оған жол берсек, оның салдары орасан болар еді. Біз белгілі бір бағытқа ұйымшылдықпен қадам жасауды күте аламыз. Мәселен, әуелі озық ойлы елдердің тарапынан. Бәлкім, кейіннен басқалар да қосылып қалар.
Басты мәселе, АҚШ-ты тағы да көшбасшылық мантиясына қалай көндіреміз? 2021 жылы қаңтарда президент Джо Байденге инаугурация жасалғанда ма, әлде төрт жылдан кейін, Трамптың екінші мерзімі аяқталғаннан кейін бе? Жауап басқа ойыншыларға да қатысты. Бұл Еуропалық одақтан бастап олар өздерінің әскери, дипломатиялық және басқа да стратегиялық мүмкіндіктерін күшейту арқылы қиыншылықты бірге көтеру қабілеті мен оған дайын екенін көрсетуден басталады.
Ең бастысы, Еуропалық одақ пен басқа да әріптестер негізгі құндылықтарға АҚШ-тың көзін жеткізуі тиіс. Өйткені кейінгі жылдары олар көмескіленіп, ұмытылып немесе бас тартылды. Осылайша, маңызды құндылықтарды қайта қалпына келтіру арқылы ғана байланысты жандандырып, келешекте құрылуы мүмкін кез келген институттың іргетасы берік екеніне, АҚШ бұйрық беретін ойыншы емес, бағыт беретін әріптес атанатын күнге жете аламыз.
Алда келе жатқан АҚШ-тағы сайлау туралы дақпыртқа қарамастан, қазіргі талқыланып жатқан мәселеден кейін әлем үлкен немесе революциялық өзгеріс күтетіні анық. Соған қарамастан, бәрінің шуы басылғаннан кейін халықаралық қатынастар бұрынғы негізіне оралады деген үміт басым.
Ана ПАЛАСИО,
Испанияның бұрынғы сыртқы істер министрі, World Bank Group-тың бұрынғы вице-президенті және бас консулы. Ол Джорджтаун университетінде лекция оқиды
Copyright: Project Syndicate, 2020.
www.project-syndicate.org