Ауылдың әлеуетін арттыру мақсатында бүгінде мемлекет тарапынан айтарлықтай көмек берілуде. Жамбыл облысындағы көптеген ауыл тұрғындары мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көруде. Мәселен, Шу ауданының Алға ауылдық округінде мектеп салу, көшелерді жөндеу осы уақытқа дейін күрделі мәселелердің бірі болып келген. Аталған округтің құрамына кіретін Сауытбек және Жайсан елді мекендерінде де білім ошағы болғанымен, мұнда да сол көшелерді жөндеу, газ тарту мәселесі күн тәртібінде тұрған. Енді аталған мәселелер биыл біртіндеп шешімін табуда. Шу ауданының әкімі Нұржан Календеров бүгінде барлық ауылдардың мәселесін шешуге тиісті қаражат бөлініп отырғанын, нәтижесінде жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Қазіргі кезде Алға ауылының өзінде 2 500 адам тұрады. Осы күнге дейін талапқа сай білім ошағы болмағандықтан, ауыл тұрғындары балаларын ауыл іргесіндегі Шу қаласындағы немесе аудан орталығы Төле би ауылындағы мектептерге оқуға беріп отыр екен. Ауыл тұрғындарының айтуынша, осы күнге дейін оқушылар оқып келген мектеп алпысыншы жылдары жатақхана ретінде салынған. Бұл жерде сол уақытта Алға ауылына жұмыс істеуге келген вьетнамдықтар тұрыпты. Ол да қазіргі кезде ескірген, тозған. Бүгінде тұрғындардың тілегі ескеріліп, мемлекет қолдауының нәтижесінде 300 орындық мектеп салынуда. Үш қабатты, еңселі, барлық талапқа сай білім ошағында әзірге бір ауысымда 300 бала білім алады деп жоспарланған. Алға ауылдық округінің әкімі Бағдат Есбергеновтің айтуынша, егер тұрғындар түгелдей балаларын осы мектепке қайтадан беретін болса, онда бала саны тағы артады. Дегенмен, ол оқушыларды екі ауысымда да оқытуға мүмкіндік бар екенін айтты. Жаңа мектеп жақында пайдалануға беріледі.
Ауылдағы негізгі мәселелердің бірі болып келген көшелерді жөндеу жұмыстары да биыл жүзеге асырылуда. «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасының аясында Алға ауылындағы 2,5 шақырым болатын ең ұзын көше жарықтандырылып, асфальт төселуде. Жалпы, ауылда 7 көше бар екен. Биыл Мәншүк Мәметова, Халық Тойғұлұлы, Жобалай Бекішұлы, Кәлен Қабышұлы, Кененбай Бармақов, Болат Дегешұлы атындағы 6 көше бір мезгілде асфальтталған. Аталған көшелердің ұзындығы 8 шақырымды құрайды.
«Бұл жұмыстар ағымдағы жылғы шілде айында басталып, қыркүйек айында аяқталды. Жолдардың сапасы жақсы. Ел жолдың игілігін көріп отыр. Ауыл тұрғындарын қолдап, тиісті көмек көрсетіп отырған мемлекеттің және облыстың басшыларына алғыс айтамыз», дейді ауыл ақсақалы Ырысбай Райысов.
Сол сияқты «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша Сауытбек елді мекенінде де бірқатар көше жөнделген.
Биыл аймақта қолға алынған «Асарлатып үй салу» жобасы Алға ауылында да жүзеге асуда. Жергілікті жұрт бір кісідей жұмылып, жалғызбасты ана Оразкүл Саурықоваға баспана салып беріпті. Ауылдағы азаматтардың ауызбірлігіне тәнті болған ана көпке алғыс айтуда. Ауыл әкімі Бағдат Есбергеновтің айтуынша, кейбір тұрғындар осы үйді салу үшін шамасының келгенінше ақша, мал, құрылыс заттарын беріпті. Оразкүл Саурықованың өзі де құрылыс жұмыстарына қажетті дүниелерге зейнетақысынан ақша бөліп отырыпты. Қазір ол өзінің жаңа баспанасында тұрып жатыр. Тағы бір айта кетерлігі, Алға ауылына 20 жыл бойы су келмеген екен. Содан ел бақша салмай, егін екпей, қажетті жеміс-жидек, көкөніс сияқты керек нәрселерін іргедегі Шу қаласынан тасып күнелтті. Дегенмен, жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен 2,5 млн теңгеге 9 шақырым канал қазылып, бүгінде ауыл тұрғындары су тапшылығынан да құтылған. Ал кезінде Алға, Сауытбек ауылдарына газды жеке мердігер компаниялар тартқан болса, бүгінде Жайсан елді мекеніне мемлекет тарапынан газ тартылуда. Көгілдір отын Шу қаласынан бері тартылып, әрбір үйдің есігінің алдына дейін келіп тұр. Енді әрбір тұрғын 153 мың теңге төлеп, үйіне газ кіргізе алады. Бұл – тұрғындар үшін қолжетімді баға.
Ауылдағы тағы бір негізгі мәселе – клубтың жоқтығы болып отыр. Әрине екі мыңнан астам тұрғыны бар ауылға бір мәдени нысан керек-ақ. Енді клуб салынып, ол ауыл жастарын тәрбиелеу орталығына айналса дейді көпшілік. Алайда клуб мәселесінің қалай шешілетінін алдағы уақыт көрсетеді. Мемлекеттің қолдауын көріп отырған Алға ауылының бүгінгі тіршілігі осы.
Жамбыл облысы,
Шу ауданы