«Жаңа толқын» режиссерлерінің ішінде Әділхан Ержанов есімі ерекше аталады. Әсіресе француз кино мамандары мен көрермендерінің сүйікті суреткеріне айналған қазақтың қара баласы әлемнің небір үздік фестивальдарына жолдама алып, ұлттық кино өнеріміздің байрағын әманда тек биікте желбіретіп келеді. Осыдан біраз бұрын Әділханның «Қап-қара адамы» Францияда жалпыұлттық прокатқа шықты деп қуансақ, енді міне, араға аз ғана уақыт салып «Ұлболсын» туындысының тұсауы Таллинде кесіледі!» деген жағымды жаңалықпен киносүйер қауымнан тағы да сүйінші сұрамақпыз.
«Ұлболсын» көркем фильмі осы жылдың 13-29 қараша аралығында Эстония астанасында өтетін ХХІV Таллин кинофестивалінің Black Nights («Қараңғы түндер») кинофестивалінің негізгі конкурстық бағдарламасына қатысады. Отандық картина аталған бағдарламада Венгрия, Ресей, Латвия, Хорватия, Түркия, Португалия елдерінің фильмдерімен шығармашылық бәсекеге түсетін болады. Айтулы кинобайқауда атақты режиссерлер Александр Миндадзе және Анна Меликянның жаңа картиналары көрсетіледі. Сондай-ақ биыл негізгі бағдарламада бақ сынайтын сегіз картинаның ішінде «Оскар» сыйлығының лауреаты Иштван Сабоның жаңа туындысы да бар.
«Қараңғы түндердегі» көрсетілім Ержановтың толықметрлі 10-шы картинасы саналатын «Ұлболсынның» әлемдік премьерасы болмақ. Режиссердің осыған дейінгі «Әлемнің нәзік немқұрайдылығы» мен «Қожайындар» фильмдері PÖFF кинофестивалі көрермендеріне жақсы таныс еді, енді Эстония жұртшылығы оның соңғы картинасын да («Ұлболсын») алғашқылардың бірі болып тамашалайтын болады.
Картина осы жылдың басында Sunny Production (Қазақстан), Short Brothers (Қазақстан) және Arizona Productions (Франция) компанияларының қатысуымен Алматы облысында түсірілді. «Ұлболсын» – режиссер Әділхан Ержанов пен оператор Азамат Дулатов арасындағы шығармашылық тандемнің алғашқы тәжірибесі. Сценарий авторы Әділхан Ержановтың өзі. Фильм биыл ХХVІ Sarajevo Film Festival кинобайқауының Work-In-Progress секциясында бас жүлдені жеңіп алды.
– Бұл – қиын жағдайға тап болған апалы-сіңлілі қыздар туралы өте қарапайым оқиға. Картинаның бас кейіпкері − қалада тұратын мықты әрі жігерлі Ұлболсын. Оның Ажар есімді сіңлісі Қаратас ауылының орта мектебін тәмамдағалы жатыр. Апайының сіңлісінің болашағына деген жоспары зор: ол оған деп қомақты қаражат жинап, шетелдік беделді оқу орындарының біріне оқуға жібермек. Алайда Ұлболсын ауылға келген соң, жас қызды ауылдың құрметті азаматы Үрген есімді жергілікті емші екінші әйел етіп алу үшін алып қашқанын біледі. Ұлболсын мұнымен келісер емес. Сондықтан Қаратас ауылының патриархалды әлемімен күресуге бел буады. Дәл осы қиын да қайшылыққа толы жағдай кейіпкерлердің мінез-құлығын ашуға көмектеседі. Фильм түсіріліміне қатысқан барша шығармашылық ұжымды «Ұлболсынның» жетістігімен һәм әлемдік премьерасымен құттықтаймын! − деді туынды режиссері Әділхан Ержанов.
Фильмнің бас продюсері әрі басты рөлін сомдаушы – Әсел Сәдуақасова. Естеріңізге сала кетсек, Ә.Сәдуақасова Ержановтың бұған дейін түсірілген «Атбайдың шайқасы» және «Сары мысық» атты тағы екі туындысын шығаруға атсалысқан болатын. Сіңлісінің рөлін жас актриса Динара Сағи, ал Үрген бейнесін Ерболат Әлқожа сомдайды. Сондай-ақ кинолентада Санжар Мәди, Данияр Алшынов, Берік Айтжанов, Еркен Губашев және басқа да актерлер өнер көрсетеді. Бір қызығы, «Қап-қара адам» фильмінде басты рөлді сомдаған Данияр Алшынов «Ұлболсынның» эпизодында да алдыңғы туындыдағы кейіпкері детектив Бекзаттың рөлінде көрінеді.
Карантин жағдайына байланысты «Қараңғы түндер» кинофестивалі биыл аралас түрде, яғни кинотеатрлар мен онлайн форматта қатар өткізіледі деп жоспарлануда. Әлемдегі эпидемиялық жағдайды ескерген фестиваль ұйымдастырушылары қазірден бастап барлық қауіпсіздік шарасын қарастырып қойыпты. Қатысушыларға тегін бетперделер де таратылатын болады.