Жаңа оқу жылында 3,3 млн оқушы, 466 мың колледж студенті және 600 мыңнан аса жоғары оқу орындарының студенті білім алып жатыр. Санитарлық дәрігерлердің талаптарына сәйкес карантиндік шектеулер жағдайында жаңа оқу жылы эпидемиялық жағдайға байланысты әртүрлі форматта басталды.
Жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа 352 091 оқушы қабылданды, оның шамамен 75%-ы – 6 жасқа толған балдырғандар. Дегенмен ата-аналардың шешімі бойынша күнтізбелік жылдың соңына дейін алты жасқа толатын 11 мыңға жуық бала мектеп оқушысы атанды. Балалардың жас ерекшеліктері мен ата-аналардың тілектері ескерілді. Мектептерде санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, 1-4 сынып оқушылары үшін кезекші сыныптар жұмыс істей бастады: бір сыныпта 15 оқушыдан артық емес.
«Бастауыш сыныптарда бір млн-нан аса бала оқиды, оның 60%-ы ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің өтініштері бойынша мектептерде, кезекші сыныптарда санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып оқуды бастады. Елімізде 7 мыңнан аса мектеп жұмыс істейді, оның 3 мыңға жуығында 1-11 сынып оқушылары дәстүрлі форматта оқуды бастады. Негізінен, бұл шалғайдағы шағын жинақталған мектептер, оның әрқайсысында 180-нен аса бала бар. Тиісті шешімді санитарлық дәрігерлер қабылдады. Шамамен 2,6 млн оқушы жаңа оқу жылын қашықтан оқу форматында бастады. Олар отандық білім беру платформаларын пайдалана отырып, қашықтан оқиды. «Балапан» және «Ел арна» республикалық телеарналары педагогтердің тілектері бойынша қосымша құрал ретінде пайдаланылатын телесабақтарды таратады. Биыл жаңартылған білім беру мазмұнына толық көшу аяқталғанын айта кеткен жөн. Сондай-ақ еліміз бойынша жаңа 32 мектеп ашылды, жыл соңына дейін тағы 77 білім беру ұйымы пайдалануға беріледі. Жергілікті атқарушы органдар оқушыларды қашықтан оқытуды ұйымдастыру үшін оларға мектеп компьютерлері мен роутерлерді уақытша пайдалануға берді. Жаңа оқу жылында мектептерде 10 258 жас маман жұмысын бастады», делінген Білім және ғылым министрлігі таратқан мәліметте.
Жақында Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен ел аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі Ведомствоаралық комиссияның селекторлық отырысы өтті. Отырыста жергілікті атқарушы органдар өз жұмысында Бас санитарлық дәрігердің қаулыларын басшылыққа алатыны аталып өтті. Бұл ретте санитарлық-эпидемиялық жағдайға байланысты өңірлердің бас санитарлық дәрігерлері қосымша шектеу шараларын енгізу туралы шешім қабылдай алады. Осы орайда ВАК бірқатар шешім қабылдады. Дәлірек айтсақ, мектептегі оқыту бойынша екінші тоқсаннан бастап оқушылар саны 300 балаға дейін болатын қала және ауыл мектептерінің жұмысы дәстүрлі форматқа көшіріледі, ата-аналардың өтініші бойынша 1-сыныптан 5-сыныпқа дейін, халықаралық мектептерде 7-сыныпқа дейін кезекші сыныптарда оқуға рұқсат етіледі. Бұл жағдайда санитарлық-дезинфекциялық режімді, маска режімін, шахмат ретімен отырғызу және әлеуметтік ара қашықтықты сақтау міндетті.
«Қазіргі күні қазақстандық мектептерде 3,4 млн бала оқиды. Қашықтан оқыту форматында – 2,4 млн, дәстүрлі форматта – 953 мың, оның ішінде 647 мың бала кезекші сыныптарда (1-4 сынып), шағын жинақты 3 047 мектепте 306 мың оқушы білім алып жатыр. Екінші тоқсанда оқу форматтары бойынша балалардың болжамды саны, қашықтан оқыту форматында – 2,2 млн, дәстүрлі форматта – 1,2 млн. Оның ішінде 800 мыңнан аса бала кезекші сыныптарда (1-5 сынып), шағын жинақты 4 010 мектепте 434 мың оқушы, 13 халықаралық мектепте 3 мыңға жуық оқушы (1-7 сынып) оқиды. Естеріңізге сала кетсек, тиісті шешім Ведомствоаралық комиссияның отырысында қабылданған болатын», делінген Білім және ғылым министрлігінің мәліметінде.
Павлодар облысы, Павлодар ауданы Луганск мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жансая Сәрсенбаева дәстүрлі форматта білім беруді құптайды.
«Балаларымыздың толыққанды, жақсы білім алғаны олардың болашағы үшін керек. Өз басым мектеп оқушыларының дәстүрлі форматта білім алғанын қолдаймын. Өйткені балаға сабақты көзбе-көз, бетпе-бет түсіндіріп, ауызша талқылағанда ғана түсінікті болады деп ойлаймын. Онлайн сабақ режімінде баланың тақырыпты қаншалықты меңгергенін білу мұғалімге қиындық туғызып отыр. Қалай болғанда да, жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру білім беру саласындағы қызметкерлердің басты міндеті екені анық», дейді ол.
Иә, әлем жұртшылығын әбігерге салған індет барлық салаға өз әсерін тигізді. Оның ішінде білім беру саласын да айналып өтпеді. Бейнетпен бетпе-бет келгенде келешек үшін кемел шешім шығару, ұрпақ тәрбиесіне қатысты ұлағатты іс көрсету ұстаздар қауымының мойнына түскені мәлім. Жауапты һәм сауапты саланың тізгінін ұстаған мұғалімдер мұқалып қалмады. Ұрпақ тәрбиесін онлайн негізде де, дәстүрлі форматта да үзбей, үздіксіз жүргізіп келеді.
Әрине, қоғам болғасын түрлі пікірлер болатыны анық. Осы орайда ата-аналардың да пікірін білуді жөн санадық. «Күміс алқа» иегері, көпбалалы ана Гүлбала Құдайқұлқызы дәстүрлі формат емес, онлайн оқу балалардың амандығы үшін маңызды екенін айтады.
«Мен өз басым ана ретінде дәстүрлі форматқа көшуге қарсымын. Елімізден коронавирустың түбегейлі жойылмағанын біле тұра мұндай тәуекелге бел байлау өте қауіпті, әрі орынсыз. Өйткені менің балаларым бар. Мен де олардың тағдыры мен бас амандығына алаңдаймын. Егер ата-аналарға онлайн немесе дәстүрлі форматты таңдауға мүмкіндік берілсе, өз басым ойланбастан онлайнды таңдайтын едім. Себебі мен үшін бірінші кезекте баламның білімді болғаны емес, оның аман болғаны маңызды. Сол себепті мен осы мәселе көтерілгенде өзімнің әлеуметтік парақшамда да жариялап, үн қостым. Өйткені екінші толқын бола қалған жағдайда балалардың көптеп ауыратыны БАҚ-да жарияланды», деді Г.Құдайқұлқызы.