Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Парламент Мәжілісінің отырысында депутаттарға Экологиялық кодекс жобасы жайында баяндама жасаған соң Ілеспе заң жобасы бойынша бірқатар кодекстерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде баяндады. Ілеспе заң жобасы шеңберінде Кәсіпкерлік, Қылмыстық, Орман, Су, Жер кодекстеріне, Рұқсаттар және хабарламалар туралы, Азаматтық қорғау туралы, Агроөнеркәсіп кешені және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік басқару туралы және Міндетті экологиялық сақтандыру туралы заңдарға түзетулер енгізу көзделеді.
Қалдықтармен жұмыс істеуге қолдау көрсетіледі
Ведомство басшысының айтуынша, Кәсіпкерлік кодекс бойынша келесідей өзгерістер қаралған. Жалпы, заң жобасы халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін іс-әрекеттерді болдырмау үшін алдын ала ескертусіз тексеру жүргізу мүмкіндігін бекітетін түзетулерді көздейді. Бірінші санаттағы кәсіпорындарға профилактикалық бақылау нәтижесінде бұзушылықтар анықталған жағдайда әкімшілік іс қозғау мүмкіндігі қарастырылған. Осының негізінде әкімшілік жауапкершілікке тарту рәсімін жедел жүзеге асыруға болады.
Қалдықтармен жұмыс істеу саласы жеке кәсіпкерлікке көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың қатарына енгізіледі. Бұл қолдау шараларын алу үшін заңнамалық негіз болады. Және қалдықтармен жұмыс істеу саласын дамыту үшін ынталандырушы, дотациялық, ұйымдастырушылық жеңілдіктерді пайдалануға мүмкіндік береді.
Қылмыстық кодекстегі және басқа да заңнамалардағы ремедиация жүргізуден жалтарғаны үшін, сондай-ақ ремедиацияны тиісінше жүргізбегені үшін құқықбұзушылықтың ауырлық дәрежесі Экологиялық кодекс жобасының шеңберінде қайта қаралды. Осыған байланысты мұндай құқықбұзушылық жасағаны үшін жауапкершілік күшейтілді. Бұдан басқа, экология саласындағы құқықбұзушылықтарды қарау кезінде «ірі залал» деген жаңа ұғым енгізілді.
Бүгінгі таңда заңнамада климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі нормалар жоқ. Оған қоса, мемлекеттік органдарда тиісті өкілеттік мен құзырет қарастырылмаған. Осыған байланысты Су, Орман, Жер кодекстеріне, сондай-ақ Азаматтық қорғау туралы, Агроөнеркәсіп кешені және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік басқару туралы заңдарына толықтырулар енгізілді. Бұл тиісті мемлекеттік органдардың салалық мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеу кезінде климаттың өзгеруіне байланысты тәуекелдерді ескеруіне және тиісті ықпал ету шараларын көздеуге мүмкіндік береді.
– «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» заңға да толықтырулар енгізілді. Қауіпті қалдықтарды қайта өңдеу, кәдеге жарату және жою жөніндегі қызметті жүзеге асыру үшін лицензиялық тәртіп қарастырылған. Ал қалдықтарды тасымалдау бойынша хабарлама жасау тәртібі енгізіледі. Қалдықтарды басқаруға қатысты операцияларды жүргізу кезінде талаптарды бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту көзделеді. Бұл өз кезегінде рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын жерлерге, иесіз қалдықтар көлемін ұлғайтуға және қоршаған ортаны ластаудың өзге де жағдайларына байланысты мәселелерді шешуге мүмкіндік береді, – деді министр.
Бірінші санаттағы объектілер үшін міндетті экологиялық сақтандыруды көздейтін Экологиялық кодекс ережелерінің енгізілуіне байланысты «Міндетті экологиялық сақтандыру туралы» заңға түзетулер енгізілді. Экологиялық сақтандыру және азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру ұғымдарының ауысуына жол бермейтін ережелер қайта қаралды. Айтарлықтай өзгерістер енгізілді. Бұл іс жүзінде сақтандыру ұйымдарының сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру кезіндегі дауларға алып келетін. Сондай-ақ жекелеген заңдардың терминологиясы мен ережелерінің жаңа Экологиялық кодексті реттеудің терминологиясымен және жаңа тәсілдерімен келісілді
.
Қатаң жаза қолдану қарастырылған
Министр Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы баяндамаcында әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін белгіленген ескіру мерзімін ұлғайту жөнінде түзетулер ұсынылды. Атап айтсақ, жеке тұлғаларға қатысты мерзімді 2 айдан 1 жылға дейін, ал заңды тұлғаларға – 1 жылдан 3 жылға дейін ұлғайту қаралды.
– Негізі профилактикалық тексерулер жылына бір реттен көп өткізілмейді. Сонын салдарынан, тексеріс кезінде бір немесе одан көп жыл бұрын жасалған бұзушылықтары анықталған кәсіпорындар тиісті жазадан құтылып кетіп жатады. Тағы бір айтатыны, тәжірибе көрсетіп отырғандай, кейбір ірі кәсіпорындар жүйелі түрде жыл сайын бір бұзышулыққа бірнеше рет жол береді. Осыған орай, заң жобасында 3 жылдың ішінде экологиялық заңнаманы жүйелі бұзатын ірі кәсіпорындарға қатысты неғұрлым қатаң жаза қолдану қарастырылған. Негізі аталған норма қазір де бар, бірақ ескіру мерзімі бір жыл болғандықтан рецидив институты іске аспайды. Бұл өз кезегінде ірі кәсіпорынды жүйелі бұзушылықтар жасамауға ынталандырмайды. Осыған байланысты мерзім 3 жылға дейін ұзартылды, – дейді М.Мырзағалиев.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы әкімшілік құқықбұзушылық үшін белгіленетін айыппұлдарды ұлғайтуға басты себепші болған жайт табиғат пайдаланушылардың қоршаған ортаның ластануына жол бермеу бойынша шараларды толыққанды орындамауы және қажетті модернизацияны жүзеге асырмауы. Негізі қазіргі әкімшілік айыппұлдар ынталандыру тетігі бола алмай тұр. Бір сөзбен айтсақ, табиғат пайдаланушылары үшін құқықбұзушылық пен жіберген олқылықтарды жоюдын орнына айыппұл төлеу әлдеқайда тиімдірек.
Сол себепті экологиялық бұзушылықтар үшін санкцияларды қатаңдату көзделеді. Мысалы, қоршаған ортаға нормативтен тыс және рұқсатсыз эмиссиялар үшін әкімшілік санкциялардың мөлшері 10 есе, ал қалған құқық бұзушылықтар бойынша орта есеппен 2 есе ұлғаяды.
Айта кетелік, мұнай секторының әкімшілік айыппұлдарының көп бөлігі технологиялық тұрғыдан еріксіз жағу (ТЕЖ) кезінде газды алауда жағуға келеді. Қазіргі уақытта экологиялық талаптар сақталған жағдайда тұрақты өндіру кезеңі үшін газды технологиялық еріксіз жағу кезінде Х1 коэффициентін 0,5%-дан 1%-ға дейін ұлғайту бөлігінде «Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде шикі газды жағудың нормативтері мен көлемдерін есептеу әдістемесін бекіту туралы» Энергетика министрінің бұйрығына өзгерістер енгізілуде.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы залалдың ремидиациясын орындамау, қоғам өкілдері мен мемлекеттік органдар үшін экологиялық заңнамамен көзделген міндетті мәліметтерді ұсынбау, жүйелі түрде құқық бұзатын субъектілерге қатысты әкімшілік кодекске жаңа құрамдағы түзетулер енгізілді.
Осы өзгерістер қоршаған ортаны қалпына келтіруге, ластаушылар тарапынан ашықтықты талап етуге, жауапкершілікті күшейту арқылы құқықбұзышулыққа жол бермеуге бағытталған. Министрдің айтуынша, аталған заң жобасы барлық мүдделі мемлекеттік органдармен келісілді, заңнамада талап етілетін барлық келісулер, сараптамалар алынды.
Ал Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы баяндамасында ведомство басшысы ең озық қолжетімді технологияны енгізу арқылы кешенді экологиялық рұқсатты алған жаңа объектілердің операторларына қатысты эмиссия үшін төленетін төлемдерден босату бойынша тиісті түзетулерді ұсынды. Бұл ретте, бірінші санаттағы 50 ірі кәсіпорын үшін мұндай ұлғайту 2025 жылдан, ал бірінші санаттағы қалған нысандар үшін 2031 жылдан басталады. Айта кетерлік, 3 жыл сайын ұлғайту коэффициенттері 2 еселеніп тұрады.
Яғни бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған әрбір ірі кәсіпорын ертең өз еркімен таңдау жасайды. Не осы қалпында қоршаған ортаға кері әсер етіп, жылдар сайын еселенетін экологиялық төлем төлейді. Немесе ең озық қолжетімді технологияны енгізіп, ластаушы кейпінен арылып, эмиссия үшін төленетін төлемдерден босатылады.