Игі істің жолындағы еріктілердің арасында жүріп-тұруы қиын, сөйте тұра байрақты бәсекелерде еліміздің намысын қорғап жүрген мүгедек жандардың көмекшілеріне айналғаны аз емес. Атаулы жылда дәйім жақсылыққа ұмтылатын өңірдегі волонтерлік топтардың саны да едәуір артқаны көп нәрсені аңғартса керек.
Көмек тек қаржылай болмайды...
Қазақстанның Еңбек Ері Құралай Байменованың бастамасымен ашылған «Д.А.Р.» волонтерлер клубын білмейтін ақтөбеліктер кемде-кем. 2007 жылдан бері достық, адалдық, рақымшылықты ту етіп келе жатқан белсенділерді сөз еткенде соңғы уақытта «Спортики» тобы да еріксіз ойға келеді. Өйткені соңғысы – «Д.А.Р.» еріктілер клубының жанынан құрылған. Бір ғана бағытты қамтитын ұйым спортпен кәсіби түрде айналысатын мүгедек жандардың жүріп-тұруына, жаттығу жасауына, өзге де қажетті амал-әрекетіне көмекке келеді. Яғни мұндағы волонтерлер негізінен ірілі-ұсақты жарыстарға жұмылдырылады.
– Паралимпиадалық ойындарға, өзге де арнаулы сайыстарға қатысу үшін бізге көмекшілер қажет-ақ. Сол мақсатта өткен жылдың күз мезгілінде бір топ жасты арнайы оқытып, мұның барлық жай-жапсарын үйреттік. Қазіргі таңда клубымызда 35 ерікті бар. Олар мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өтетін жарыстарға қолғабыс танытып та үлгерді, – дейді «Спортики» еріктілер клубының үйлестірушісі Гүлмирам Сражова.
Өңірде аталған топтағы адамдар арасында спортпен кәсіби түрде шұғылданатындардың саны 60-тан асады. Соларға және Ақтөбеде ұйымдастырылған жарыстарға қатысуға келген өзге азаматтарға қолғанат болатындардың бірі, жоғарыда аталған клубтың мүшесі – Жігер Кенжеғалиев. 25 жастағы жігіт 5 жылдан бері волонтер екен.
– «Д.А.Р.», «Жеңіс» еріктілер тобында болдым. Былтырдан бері «Спортики» клубының мүшесімін. Мамандығым – дизайнер. Жұмыстан тыс уақытта осындай сауапты іспен айналысқанды жөн көремін. Өткен жылы облыста «Үздік волонтер» атандым. Жақсылық жасау әр адамның парызы деп білемін. Қолдан келсе, неге көмектеспеске?! Жанасыл Хамидулла, Дамир Бижанов, Дәурен Сәдуақас, Мерей Смадияров сынды жігіттермен әлеуметтік жобаларға да қатыстық. Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі адамдардың халықаралық, республикалық, облыстық деңгейдегі жарыстарға дайындалуына көмектесеміз. Волонтерліктің бұл түрі шетелде өте жақсы дамыған. Бізде де біртіндеп қарқын алып келеді, – дейді Жігер.
Кейде сөз жәрдемінің өзі үлкен рөл атқаратынын айтқан әңгімелесушіміз замандастарының осындай игі іске жақын болғанын, елімізде волонтерлер қызметінің одан сайын жандана түскенін тілейді.
«Волонтерлердің де еңбегін бағалаған абзал»
I топтағы мүгедек болғанына қарамастан, кәсібін дөңгелентіп, үлкен спортпен де айналысып жүрген Шахан Жолдасбаевтың волонтерлерге деген құрметі алабөтен. Осы саладағы бірталай жақсы жігіттермен, қыздармен араласатын ол еліміздегі волонтерлер қозғалысына қамқорлықтың әлі кемшін екенін айтады.
– 2011 жылдан бері ақтөбелік еріктілермен тығыз байланыстамын десем болады. Олар тағдырластарыма материалдық қана емес, рухани, физикалық та қолдау көрсетеді. Мысалы, паралимпиадалық ойындарға қатысушылардың жанында септесіп жүруінің өзі – үлкен демеу. Қол жалғап, қоларбасын көтеріп, өзге де күші жетпей жатқандағы көмегін айтып отырмын. Өз басым дәл мұндай санаттағы волонтерлердің көмегіне аса көп жүгінбеймін. Себебі інім әрдайым қасымда жүреді. Бірақ мен араласатын ортада олардың орны бөлек екенін білемін және Ақтөбеде осы мақсаттағы «Спортики» волонтерлер клубының жұмыс істеп жатқанына қуаныштымын.
Өкінішке қарай, бізде әлі күнге дейін волонтерлерді ерігіп жүрген жастар ретінде қабылдайтындар көп. Олардың пікірінше, қайырымды іспен тек қолы бос жеткіншектер айналысады. Бұл – қате түсінік. Иә, Қазақстанда волонтерлердің дені – жастар, бірақ олардың арасында шынымен ізгі істерге ұмтылғаны аз емес. Басқа ойды көздегендер де бар. Бір анығы, бізде шетелдегідей волонтерлерге қолдау атымен жоқ. Айталық, жұмысқа тұрарда оның қоғамдық қызметі, ақысыз көмекке үлесі ескеріле бермейді. Біз бұл жағынан АҚШ, Германиядағы деңгейге жете қоймадық.
Бүгінге дейін волонтерлермен көптеген жобаны іске асырдық. Халықаралық жарыстарға қатысарда аударма ісіне көмектескендері де болды. Келіншегім де кезінде белсенді волонтерлердің бірі болған. Жалпы, бұл қатардағы достарым баршылық. Сондықтан оларға сөз жүзінде ғана емес, іспен қолдау көрсетілгеніне тілектеспін. Оқу ақысына жеңілдік жасалып, оларды өзге замандастарына үлгі етсе, атқарушы билік еңбегін елесе, артық болмайды, – дейді Шахан.
90 топ. 2 мың адам
Ақтөбе облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Сәбит Мұқановтың айтуынша, жыл басында өңірдегі волонтерлік топтардың саны 35 болса, қазір 90-ға жеткен. Бұл ұйымдардың құрамында 2 мыңнан астам волонтер бар.
– Облыс бойынша волонтерлер базасы жасақталып жатыр. Санаттарына қарай айтсақ, 45 пайызы жұмысшы жастар болса, қалғанын студенттер мен оқушылар құрайды. Бізге тіркелген волонтердің ең үлкені 41 жаста, ал кішісі – 2006 жылы туған жасөспірім.
«Волонтер жылының» «Біргеміз» тұжырымдамасы негізінде 7 бағытта жалпыұлттық жобалар жүзеге асырылып жатыр, олар – «Білім», «Сабақтастық», «Саулық», «Таза Қазақстан», «Асыл Мұра», «Қамқор» және «Үміт». Әрқайсысының бағыты әрқилы. Мысалы, экологияны жақсарту мақсатында волонтерлер жыл басынан бері 138 тазалық акциясын өткізді. Ал «Асыл мұра» жобасы бойынша Ойыл, Шалқар, Мұғалжар, Қобда, Алға аудандарына экспедиция ұйымдастырылды. Шараға 40-қа жуық волонтер тартылып, туған өлкенің тарихи жерлерімен танысуға мүмкіндік алды. Мұндай жұмыстар келесі жылы да жалғасын табады, – дейді ол.
Сонымен қатар ақтөбелік волонтерлер «Жақыныңа жанашыр бол!» акциясы аясында қоғамдық орындарда 2 мыңға жуық медициналық масканы үлестіріп, карантин кезінде қолдан келгенше қолдау көрсеткен. Олардың риясыз көңілі елеусіз қалмаған. 40 волонтер Елбасының, Президенттің, облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталыпты.
Айбек ТАСҚАЛИЕВ,
журналист
АҚТӨБЕ