Ешқандай басқа ауру өз аяғымен жүріп-тұратын белсенді адамды бір мезетте дәрменсіз мүгедекке айналдыра алмайды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ал көпшіліктің көзі ашық заманда инсульттің дамуына ықпал ететін факторлардың көбіне әсер етуге болады. Мәселен, жыл сайын қазан айының 29 күні Дүниежүзілік инсультпен күресу күні аталып өтіледі. Бұл күнді 2006 жылы Дүниежүзілік инсультпен күресу ұйымы осы ауруға қарсы күресуге белсенді әрекет жасауға шақыру мақсатында белгілеген.
Биылғы Дүниежүзілік инсультпен күресу күні "Бізбен бірге қимылдаңыз" ұранымен өтті. Дене қимылы инсультпен қоса, жүрек-қантамыры ауруларының да алдын алуға оң әсер ететіндігі дәлелденген.
Адамның жүру, қозғалу, тіпті сөйлеу мүмкіндіктерін шектейтін және басқа да кінәраттарды тудыратын инсульт адамның күнделікті өмірінде оның тәуелсіздігін жояды. Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ кардиология кафедрасының ассистенті Жанна Ибакованың айтуынша, бұл аурудың өте қауіпті екендігін естен шығармау керек. Сонымен маман төмендегідей кеңес береді.
Инсульт – кең таралған жүрек-қантамыр ауруы, ең алдымен артериялық гипертония және атеросклерозға шалдыққан кезде ми тамырларының асқынуы.
Инсульттің кез келген түрі ми бөліктерінің зақымдануына әкеледі де, көп жағдайда науқастың мүгедектілікке шалдығуымен аяқталады. Ешқандай басқа ауру белсенді адамды бір мезетте дәрменсіз мүгедекке айналдыра алмайды.
"Бүгінгі таңда инсульт жасарып келеді. Көп жағдайда осы аурумен 45 жастан кейін ауыратындығына қарамастан, кейінгі кезде инсульт 25-30 жасқа дейінгі жастағы адамдарда да кездеседі. Кез келген ауру себепсізден пайда болмайды, дені сау адамның ауру адамға ауысуы, әдетте, біртіндеп дамиды", дейді Жанар Оңғарбайқызы.
Сонымен соңы инсультке әкелетін симптомдар: көру, есту қабілеттерінің нашарлауы, сезімталдықтың бұзылуы (дене мүшелерінің, беттің, аяқ-қолдың ұюы, көбіне беттің немесе дененің жартысы ұиды), аяқ-қолдың әлсіздігі мен белсенді қимылдың шектелуі, бас айналу және бастың ауруы, сондай-ақ есте сақтау қабілетінің бұзылуы.
Ишемиялық инсультке шалдығу қаупі жас кезге қарағанда, үлкен жаста жоғары болады. Және 160/90 мм сын.бағ. жоғары артериялық гипертониясы бар науқастарда инсульттің қаупі қалыпты қан қысымы бар адамдарға қарағанда шамамен 4 есеге, ал 200/110 мм сын.бағ. жоғары артериялық қан қысымы кезінде – 10 есеге артады.
Ишемиялық инсульттің аса маңызды көрсеткіші жүрекше фибрилляциясы (жыпылық аритмиясы) болып табылады. Ол сондай-ақ жүректің ишемиялық ауруы, сол жақ қарыншаның гипертрофиясы, жүрек кемістігі болған жағдайда жоғарылайды.
Қант диабеті. Темекі шегуге тым әуестік инсульттің даму қаупін екі есеге арттырады. Темекі шегуден бас тарту инсульттің пайда болуын 2-4 есе төмендетеді. Темекі шегу, әдетте, ер адамдарда инсульттің даму қаупін 40%-ға, әйелдерде 60%-ға арттырады.
Сондай-ақ, ішетін контрацептивтер. 50 мг артық экстрогендері бар препараттар ишемиялық инсультке жақындата түспек. Әсіресе оны темекі шегу және артериялық қан қысымы жоғарылағанда қабылдауға болмайды.
Қысқасы, бұл кеселден қашық жүру үшін – темекі шегуді қойып немесе бір күнде шегілетін темекі санын азайту, алкоголь ішімдігінен бас тарту немесе оны қабылдауды жедел тоқсату, белсенді өмір сүру, дене шынықтырумен айналысу, дұрыс тамақтану, ащы және тұздалған тағамды шектеу, күйзеліске түспеуге тырысу, артериялық қан қысымын бақылау және ол жоғарылаған жағдайда дереу дәрігерге қаралу, оның барлық ұсыныстарын орындау қажет.
Гиппократ кезінде: "Аурудың себебін жойсаңыз, ауру кетеді" деген екен.
АЛМАТЫ