• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Қазан, 2020

"Бақытты отбасы" көпбалалы аналардың іскерлік орталығына айналып отыр

201 рет
көрсетілді

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев тағдыр тәлкегіне тап болған әйелдерді әлеуметтік қолдау орталықтарының өзгертетіні туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Instagram-дағы өзінің ресми парақшасында өткен жылы әр ауданда "Бақытты отбасы" әлеуметтік қолдау орталықтарын ашу басты мақсат болғанын еске салды. Мұнда әйелдер арасындағы кәсіпкерлікті дамытуға баса назар аударылды. Іс жүзінде олар көпбалалы аналарға арналған іскерлік белсенділіктің орталығына айналуы тиіс болды.

"Isker Ana бағдарламасы бойынша бизнес дағдыларына үйретуді бастап, инновациялық жобаларды іске қосу үшін гранттар ұсындық. Ақмарал Басирова құрған Алатау ауданының "Бақытты отбасы" орталығы бір жылдың ішінде Алматының өзге аудандары үшін ғана емес, еліміздің басқа өңірлері үшін де үлгі бола білді", деп жазды Б. Сағынтаев.

Әкімнің айтуы бойынша, мұнда әйелдерге тек кеңес беріліп қана қоймайды. Қиын жағдайға тап болған әйелдердің өздеріне қайта сенуіне, өздеріне ұнайтын нәрсені таңдап, өмір салтын толығымен өзгертулеріне көмектеседі. Аналар өз мысалында балаларға өз еңбегімен ақша табуға болатынын көрсетеді. Күн сайын мұнда 150-ге жуық әйел келеді. Бір жылдың ішінде 25 мың әйел адам 31 бағыт бойынша түрлі курстарда білім алды.

Алматы әкімі бір жыл бұрын орталыққа бапкер ретінде келген Мөлдір Жүнісбекованың өмірін мысалға келтірді. Ол 500-ге жуық әйелді оқытса, соның 200-і бүгін жұмыс тапты. Тіпті ол жаңа жұмыс орындарын құруда. «БЖК-2025» бойынша 2,5 млн теңге көлемінде грантқа ие болған Мөлдір 10 әйел еңбек ете алатын тігін цехына арналған жабдықты сатып алды.

"Сәттілік серігіңіз болсын! Жақсылыққа сеніңіз! Біздің тарапымыздан әрдайым қолдау мен көмек болады", деп қолдау көрсетті Б. Сағынтаев.

Биылғы жылдың басынан бері Алатау ауданының "Бақытты отбасы" орталығында 27 мың әйелге "Іскер ана" бағдарламасы бойынша ақпараттық-консультациялық-ресурстық қолдау көрсетілді. Тренингтер мен курстарда 25 мың адам оқыды.

Сонымен қатар, "Бизнес Бастау" бағдарламасы бойынша 537 әйел білімдерін жетілдірді, олардың 300-і грант алып, киім жөндеу, кондитер, шаштараз, маникюр салондарын ашты, балалардың даму кітаптарын жасап, автокөлік мұқабаларын тігіп және басқа да салалар бойынша өздерінің кәсіптерін бастады.

Екі әйел "Бизнестің жол картасы-2025" аясында инновациялық жобаларды іске асыруға 2-ден 5 миллион теңгеге дейін мемлекеттік грант алды. Өндіріс шеберханаларын ашу үшін алаңдар беріліп, ал өнімдерін сату үшін базарлардан 50-ге жуық орын бөлінген.